Партия «ескілерді» сырып, «жаңаларды жарылқады» бұл қуанып шығарып салу болды ма, қуанып күтіп алу болды ма?

    Өткен аптаның айтулы оқиғаларының бірі – Шымкентке, оның сыртында Түркістан облысына «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев келді. Жай келген жоқ, «ақ үйдегілерден» бастап, үшінші мегаполистің «үлкен-кішісін» дүрліктіре келді. Сол баз-баяғы қиқулатып көше жабу, сырнайлатып күтіп алу, қала берді мекемелер аралау… Әлеуметтік желілердегі парақшалардан білгеніміз – М.Әшімбаев үшінші мегаполисте атқарылып жатқан партиялық жобалармен танысқан. Сосын…

 

Елбасының «Нұр Отандағы» №1 жақтасының Шымкентке келуіне партияның қалалық және облыстық конференцияларына қатысуы негізгі себеп болғаны белгілі болды. Шілденің 20-ы күніне белгіленген қалалық конференция, Шымкентше айтқанда, «сенсацияға» толы болды. «Ә» дегеннен басқосудың тізгінін қолына алған Мәулен Сағатханұлы конференцияға Елбасы, партия Төрағасының сәлемдемесін арқалай келгенін алға тартты. Оның айтуынша, мемлекет басшысы партияның Шымкент қалалық филиалына қазіргі қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымовты сайлауға тапсырма беріпті. Осылай мәлімдеген №1 орынбасар соңғы он екі жылда партияның қалалық филиалын басқарып келген Өмірзақ Пердебекұлы Мелдехановтың, онымен қоса Шымкент қалалық филиалының осыған дейін жұмыс жасап келген ұжымының өкілеттігі тоқтатылатынын мәлімдеді. Зал іші аң-таң болып отырғанда төрағалыққа Әбдірахымовтың кандидатурасын ұсынып кеп жіберді. Осымен алдын-ала дайындалған сценарий жүзеге асып кетті.
Әрине, мәңгілік ештеңе жоқ. Өмірдің өзі өзгерістен тұратынын барлығымыз жақсы білеміз. Алайда, сол өзгерістің өзі орнымен болса, ел іші бүгінгідей абыр-сабыр әңгімеге даурықпаған болар ма еді деген ой да жоқ емес. Солай бола тұрғанымен, артта қалған он екі жылға кері оралсақ артықтық болмас.
Өмірзақ Мелдеханов «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалына 2006 жылы төраға болып сайланды. Рас, ол кезге дейін партия қағаз жүзінде болғанымен, оған қызығушылықпен немесе жанашырлықпен қарайтын жан кемде-кем болды. Төраға бірінен кейін бірі ауысты. Елбасының партиясы болғандықтан мемлекеттік қызметкерлер амалсыздан мүше болуға көндікті. Жарна жиналмайды, жиналған жарнаның қайда кетіп жатқанына назар аударып жатқан ешкім болмады. Сол жылдары ғой, партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болған Марат Ақылтаевтың «кабинетімдегі сейфтен 25 000 АҚШ долларымды біреулер ұрлап кетті» деп жұртты шулатып жүргені… Полиция да пақыр екен, Ақылтаевтан «Ол қандай, қайдан келген ақша?» деп сұрағанында, өзін жәбірленуші санап отырған «нұротандық» арызын қараусыз қалдыруды сұрап, аттай тулағаны есімізде…
Партия филиалының қоныстанатын жібі түзу ғимараты болған жоқ. Ө. Мелдеханов жаңа төраға болғанда партия филиалын өзінің жекеменшік кең, жаңа, күрделі жөндеуден өткен ғимаратына көшіріп апарды. Жұмысты жандандырды. Жиналмай жүрген жарнаны жинатты, партия қатарындағы мүшелердің қарасын көбейтті. Тіпті, кейбір қызметкерлерді жұмысқа қосымша тартып, жалақысын қалтасынан төледі. Жарық, су, жылу, кеңсе техникалары деген мәселелердің барлығы Ө. Мелдехановтың
жеке қаражатымен шешімін тауып отырды. Күні кешеге дейін солай болып келді де. Бұл жөнінде, шатаспасам, Ө. Мелдехановпен көктемде болған кездесуде сөз болған еді. Жиырма мыңнан астам жақтастардың басын қосқан партияның қалалық филиалы 2011, 2015 жылдары өткен ҚР Президенті сайлауында белсенді еңбек көрсетті. Оның сыртында Ө.П.Мелдеханов 2005, 2011, 2015 жылдары өткен ҚР Президентінің сайлауында ҚР Президенттігіне үміткер Н.Ә.Назарбаевтың Шымкент қаласындағы Қоғамдық штабын басқарды. Бұл Елбасы мен партия арасын сондай бір ыстық ықыласта жақындатқан жылдар болды. 2011 жылдары «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы «Нұрсәт» шағынауданындағы жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Құрылысы жүргізілгенімен аяқталмай тұрған ғимарат «Нұр Отанның» шымкенттік басшылығының араласуымен, қолдауымен, одан қалса демеушілер есебімен қолданысқа берілді. Ғимаратты көруге «Нұр Отан» партиясы Төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары Н.Нығматуллин арнайы келіп, жоғары баға берді. Тіпті өзге облыстар мен аудандарға шымкенттік әріптестерінен үлгі алуды тапсырды. Көп жылғы нәтижелі жұмыстың нәтижесінде «Нұр Отан» партиясының Шымкенттегі филиалы қоғамды толғандырған әр түрлі пікірталастардың алаңына айналды, шешілмей жүрген мәселелердің түйінін босататын орын ретінде ерекшеленді. Жемқорлыққа қарсы күрес, қағазбастылыққа жол бермеу, халықтың мұңы мен мұқтажына назар аудару, әрбір азаматтың тағдырына бей-жай қарамау – партия филиалының, соның ішінде Ө.П.Мелдехановтың негізгі принциптерінің бірі бола білді. Оны біреу түсінді, енді біреу басқаша қабылдады, сынады, мінеді… Жылына мыңнан астам арыз (оның сыртында 4-5 мыңдай азаматтың тағдыры тұрды) осы филиал арқылы шешіліп жатты. Расына келгенде, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы Өмірзақ Мелдехановтың абыройы мен іскерлігінің, беделі мен біліктілігінің арқасында өз абыройын көтерді деп айтуға толық негіз бар. Десек те, кейбір уақыттары пендешілікке де жол берілді. Адам баласы болған соң жіптіктей түзу бола алмайтын кездер де болады емес пе?! Оның кейбірінде сындар да айтылып жатты. «Халық сыншы», «халық айтса қалып айтпайды» деген де сол шығар…
Он екі жыл ішінде ел есінде осы қырларымен қалған Ө.Мелдеханов, осылайша өткен аптада филиал төрағасы лауазымынан өзінің бастамасымен бас тартты. Бұл қауесетті алдын-ала болжағандар оны ат мінгізбесе де, иығына шапан жауып шығарып салатын шығар деп болжаған-тын. Қалай болғанда да асқақтау шыңына жеткен филиалдың әр қадамында еселі еңбегі, маңдай тері мен қайраты жатқан Ө.Мелдеханов сол құрметке лайықты да еді. Өкінішке қарай олай болмады. Конференцияға «қожайындық» еткендер «мына Мелдеханов райынан қайтып қала ма?» деп қауіптенді ме, әйтеуір төраға сайлау мәселесін күн тәртібіне бірінші етіп қойып, асығыс-үсігіс іске асырып жіберді. Тіпті, оған ұсынылуы тиіс алғыс хатты жұртқа таныстырмастан бір шоқ гүлмен қосып, қолына ұстата салды. Қандай алғыс хат, кімнің алғыс хаты, ол жағы айтылмады. Тым болмағанда оның лауазымынан бас тарту туралы шешімін өз аузынан естігенде болар ма еді деген пікір айтылып қалып жатты. Әрине, орынды пікір. Партияның Шымкент қаласы бойынша жиырма мыңнан астам мүшесі бар болса, соның барлығы дерлік Мелдехановтың принципшілдігі мен шыншылдығының, туралығы мен іскерлігінің қадірін біліп, бір тудың астына біріккендер емес пе еді?! Олар мұндай «сенсация» болатынын білмеді де ғой. Осы жағы өкінішті болды. Сөйтіп, «Нұр Отанның» партиялық Жарғысы көзбе-көз бұрмаланып кете барды…
Жаңа төраға Ғабидолла
Рахматоллаұлына келетін болсақ, әрине ол, бұған дейін де Шымкентті басқарған, сөзі мен ісінің арасы тең азамат. Оңтүстіктің тумасы. Елбасының саясатын саралап жүргізетін саясаткер, абыройлы азамат. Егер осындай қабілеті болмаса, мемлекет басшысы оған енді ғана мегаполис ретінде етек-жеңін жинап жатқан қаланы басқаруды сеніп тапсырмаған болар еді. Қала әкімі қызметіне қоса, ендігі жерде «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы лауазымын қоса атқармақ. Шымкентке келген Мәулен Әшімбаев Ғабидолла Әбдірахымовтың партиядағы қызметті дөңгелетіп әкететіне нық сенім білдірді. Солай болсын деп тілейміз.
Айтпақшы, шілденің 22-і күні «Фейсбук» әлеуметтік желісінде конференция туралы «Далбаса тирлик. Анада Шымкенттин конференциясын откиздик деп шулады. Мен озим осы партиянын обл филиалында бирнеше жыл истеп келемин, бурын мемлекеттик кызметте бирнеше жыл истедим. Касымда мемлекеттик кызметте болган бирнеше жигит бар. Айтайын дегеним – Шымкент филиалдын конференциясын ым-жымсыз шусыз откизуди бизге тапсырды. Калалык филиалдагы ариптестерге рахат болды, ештенеге бас ауырткан жок. Таяктын барын биз жедик, облыста отырып. Озимизге катысы жок жиын ушин кундиз-туни шаршап журдик, конакуйлерине дейин дайындап. Саяси кенес, саяси кенес бюро, тексеру-бакылау комиссиясына откен бирнеше адам партияда жок, сонда партия мушеси еместер партиянын лауазымды кызметин калай аткарады? Мысалы, бюрога сайланган кала акими аппаратынын басшысы Е.Алимкулов, калалык аксакалдар кенесинин торагасы И.Рысбай, окушылар сарайынын директоры Н.Романова вообще партияда жок. Менин коргенимдей, тизимди Г.Абдрахимовтын жигиттери оздеримен бирге конференцияга алып келди, кейин адып кетти. Барлыгы тизим бойынша дауыс берди. Маскара! Саяси кенес мушеси болып сайланган Парманов Толеби ауданында, кала акиминин кенесшиси Р.Аюпов Астана каласынын Есиль ауданында тиркеуде тур. Олай болса булар Шымкенттин конференциясына калай делегат болып келип, дауыс берди? Буган ким жол берди? Баска калада тиркелип турып, баска калада партиянын жауапты, лауазымды кызметин аткаруга болмайды емес па?» деген Серік Самат деген біреудің жазбасы жарық көрді. Жазбадағы қателерге қарап сауаты төмен дейін десең, саяси пікірі жер жарады. Әңгіме ауанына қарасаң «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтын» саясаттың иісі мүңкиді. Бір жағынан қарасаң конференция жұмысынан зәрезап болғаны байқалады.
Мәселе онда емес. Мәселенің мәні – жоғарыдағы фактілерде болып тұр. «Нұр Отанның» негізін қалаушы Н. Ә. Назарбаев мемлекеттік қызметте былық-шылыққа жол бермеуді «Нұр Отанға» тапсыратынын әрбір Жолдауында, әрбір басқосуда нықтап айтып жүргенін газет-жорналдың айналасында жүрген біздер жақсы білеміз. Осыны ескерсек, бір конференцияда бірнеше «белден басушылыққа» жол беріп отырғандардың сондағы мақсаттары – Мәулен Әшімбаев пен Ғабидолла Әбдірахымовты ыңғайсыз жағдайға қалдыру болды ма, әлде «подстава» жасаған түрлері ме? Мұны кім ұйымдастыруы мүмкін? Тізім жасақталған кезде сол тізімді ұсынғандар қайда қараған?
Естеріңізде болса, газетіміздің өткен сандарының бірінде партияішілік мәселелерді сынға алған болатынбыз. Онда кадрлық резерв, кадр біліктілігі ұмыт қалып бара жатқаны айтылған-ды. Сол кездегі келтірген дәйектеріміз басқа-басқа, конференцияда орын алса, онда кімге не айтуға болады? Бұл мәселені қала әкімі, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ғ. Р. Әбдірахымов назарға алады деп сенеміз және газетімізге хат жүзінде жауап береді деген үміттеміз.
… Апта ішіндегі ат ауыстырудың артында осындай бір томпақтау із қалды…

А. САТЫБАЛДЫ.