ШЫМКЕНТТЕ АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛМАҚ ЖӘНЕ ОНЫ ҚАЛА ӘКІМДІГІ ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚОЛДАУЫН КҮТПЕЙ, БАСТАЙ БЕРУІНЕ БОЛАДЫ.

Бүгінгі жиында Үкімет басшысы үшінші мегаполис әкімінің баяндамасын тыңдап, осындай пікірге келді.
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов баяндамасында атқарылар біршама ірі жобаларға тоқталып өтті.
2020 жылға дейін Шымкентте әуежайдың жаңа терминалы мен теміржол вокзалының жаңа ғимараты салынады. Құрылыс әуе компаниялары мен ҚТЖ қаражаты есебінен жүргізілетін болды.
Сондай-ақ, ірі жобалар қатарында А2 айналма жолы мен Қонаев даңғылының жалғасы бар. Алматы-Ташкент бағытындағы транзиттік жол қайта жаңғырса, ал даңғыл арқылы қаланың солтүстігі мен оңтүстігі байланыспақ.
Кәсіпкерлік тұрғысынан айтар болсақ, қалада «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялды және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтары бар. Аталған аймақтарға 58,5 млрд., теңге инвестиция салынып 66 кәсіпорын іске қосылды, 4 890 жұмыс орны ашылды.
2018 жылдың соңына дейін осы аймақтарға 38,3 млрд.теңге инвестиция салып, 2 047 жұмыс орны бар 14 кәсіпорын ашу жоспарланған.
Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу бойынша агро-өнеркәсіпті дамыту үшін 136 гектарға АГРО – индустриалдық аймақ құру жоспарланып отыр. Онда сауда-логистикалық орталық, қоймалар, көкөніс сақтау қоймалары, автовокзал, бизнес-орталық және қонақ үй орналасатын болады.
Аталған жобаны Үкімет басшысы қолдап, жоспарды әкімдік өз тарапынан жүзеге асыра алатынын да айта өтті.
Мектеп құрылысы да жақын арада шешілмек. Шымкент қаласы пилоттық жобаға кіргендіктен, қаржы мәселесі де өз шешімін тауып, мектеп тапшылығы жойылады.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев көрсетілген жобалар тұщымды, алайда қаржы мәселесін шешуде барлық қажетті құжатты даярлау керегін айтты. Сонан соң республикалық бюджет комиссиясының отырысында қаралады.
Жиын соңында Үкімет басшысы көптеген мәселелерді шешуде талмай еңбектеніп жатқан қала әкімдігіне алғысын білдірді. Жас ұжымға жобаларды жүзеге асыруға сәттілік тіледі.
Өз кезегінде Ғабидолла Әбдірахымов, Елбасының және Үкіметтің барлық тапсырмаларын орындауға уәде етті.