ҚОШҚАРАТА ӨЗЕНІНІҢ КЕРЕМЕТІ НЕМЕСЕ ЖҮЗ ЖЫЛДАН КЕЙІН ЖАҢҒЫРҒАН МЕРЕКЕ..
Қаланы қақ жарып өтетін өзендер елімізде ғана емес, әлемде де сирек кездеседі. Қошқарата өзені соның бірі. Әсіресе, күннің ыстығында, шіліңгір шілдеде халық үшін Қошқарата өзені таптырмас демалыс аймағы. Ақылы емес. Тегін.
Қыс ауасында да мұнда демалып жүргендер аз емес. Солардың қатарына қосылып, 1-2 сағаттай осында серуен құрдық. Өзен жағалауында Қошқаратаның кесенесі тұр. Құран бағыштап, шырақшысымен пікірлестік. Оның айтуынша, жер-жерде Қошқарата деп аталатын ауыл, өзен, су аттары көп. Елімізде мұндай атауды иеленген 10-нан астам мекен бар дейді.
Деректерге сүйенсек, Қошқарата XI ғасырда өмір сүрген. Қаратау өңірінде дүниеге келген деседі. Жастайынан зеректігімен көзге түскен оны ата-анасы Бұқараға жеті жасында оқуға жіберіп, сонда оншақты жыл оқиды. Көзі ашық, ілімді Қошқарата осы өңірге қайтып келіп, шәкірт тәрбиелеп, мешіт, медресе ашады. Қошқаратаның шын аты Қылыш болған екен. Төртінші атасы Арқар деген ержүрек, батыр. Сол атасы «Сен Арқардай бола алмассың, қошқардай бол» деп батасын берген. Содан бері Қошқарата атаныпты дейді аңыз. Жерленген жері осында. Кесене 1968 жылы тұрғызылыпты. Оның бой көтеруіне Манап Өтебаев ұйытқы болған екен.
– Өзеннің суы шипалы. Ауаны ылғалдандырып тұрады. Ғалымдар судың қаланың микроклиматтық жағдайын реттеуде де мол әсері бар дейді. Бұрын бұл жерде бұлақ көп болған. Сондықтан да Мыңбұлақ аталған. Қошқарата кезінде соның біразының көзін ашып, халықтың алғысын алыпты. Өзен бастауын Қазығұрт тауының төмен тұсынан алады. Ғайып Ерен Қырық Шілтенге жақын маңайда су сіңіп кетеді де, осы Шымкенттегі қазіргі Қошқарата өзенінің бастауынан шығады. Су мамандары тау басынан тарыдай ұсақ заттарды жіберіп, талай мәрте тексеріп, бақылаған. Сол заттар осы қазіргі Қошқаратаның бастауынан шыққан, – дейді шырақшы Құрмансейіт Зияев тарихына тоқталып.
Ертеректе жыл сайын наурыз айының 1-15 аралығында Қошқарата өзенінің бойында, қазақтың киіз үйлері тігіліп, «Қошқар Ата сейілі» атты ұлттық мейрам тойланған екен. Осы мереке арада жүз жыл өткенде, қайта жаңғырды. Нақтырақ айтсақ, өткен жылғы Наурыз мерекесі қарсаңында. Өзен маңына жиналғандар қазақтың ұлттық бұйымдар көрмесі мен мерекелік бағдарламаны тамашалап, мәре-сәре күй кешті. Қазақ күресі, кір тасын көтеру, асық ойыны, қол күресі сынды спорттық шаралар да өтті.
«Қошқар Ата сейілі» көктем мерекесін ұйымдастырушылардың бірі Кеңес Исмаиловтың еңбегін де ерекше айта кеткеніміз жөн. Бастама көтерген осы азамат. «Ғабидолла Әбдірахымов қаламызға басшы болып келгенде белсенді азаматтардың басын қосып, туризм мен салт-дәстүрді насихаттап, дамыту үшін қандай ұсыныстарыңыз, идеяларыңыз бар деп сұраған. Сол кезде өлкетанушы Алексей Гончаров екеуміз осы «Қошқар Ата сейілі» мерекесі туралы ұсынысымызды айттық. Бірден қолдау тапты. Байырғы кезде ата-бабаларымыз Қошқар Ата өзені бойында асыл тұқымды қошқар сойып, Алладан молшылық, тыныштық тілеген», – дейді К. Исмайлов.
Бұлақ басында шомылып, көңілін сергітіп, жанына шипа тапқандар жетерлік. Қыс болса да суға күмп беріп, рақаттана демалып жүрген Қарағандыдан келген Ақтан есімді азаматты жолықтырдық. Суға түскеннің пайдасы болмаса, зияны жоқ, түрлі ауруға ем дейді ол. Бұлақ суы сүйек, буын ауруларына, сондай-ақ ас қорыту мүшелеріне, түрлі жараларға ем болатын көрінеді. Дертіне шипа тапқан сондай азаматтың бірі – «Қазақстан-Шымкент» радиосының аға редакторы Уәлихан Қожақ ағамыз. Уәкең 1998 жылдан бері қысы-жазы осы суға түседі екен. Таңертең ерте сағат жеті жарым мен сегіздің арасында келеді. Біраз уақыт бұрын құяң ауруына шалдығып, екі аяғы қақсап, жүрудің өзі мұң болған. Бір таныстары осында шомылуды ұсыныпты. Қазір ауруынан айығып, салауаттылықты насихаттап жүр.
Қошқарата демалыс аймағында шипалы суға алыстан келіп жатқандар да бар. Өзен бойында тал-теректер көбейіп келе жатқаны қуантады. Өткен жылғы күз бен биылғы көктемде 1711 ағаш отырғызылыпты. Таза ауа, шипалы су. Ашық аспан астында спорт алаңшасы тұр. Қаладағы жас спортшылардың осында жаттығатынын да білеміз. Мұнда демалысыңыз көңілді өтеді. Жастардың да, қариялардың да саялы мекені бұл жер.