СТРАТЕГИЯЛЫҚ НЫСАНАР ЕНДІ МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНДЕ БОЛАДЫ

Шымкенттегі даулы істің нүктесі қойылды…
Шымкентке қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың табаны тигелі бері көптеген игі істер атқарылып, батыл бастамалар көтерілді. Соның бірі – тарихтың бұралаң шақтарында жекенің меншігіне заңсыз өткен нысандарды мемлекетке қайтару ісі. Аталған бастама аясында бірқатар нысандар қайтарылды. Әрине, мұндай шаруаның оңай болмасы анық. Әйткенмен әділдікті ту еткен қоғамда нақты дерек, дәлелді дәйек алға озады. Мұның мысалын «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-нан көре аламыз…
Газетіміздің бұған дейінгі сандарында аталған компанияға тиесілі стратегиялық маңызы бар нысандарды қайтару бойынша сот отырыстары өтіп жатқанын жазып едік. Рас, бұл процестің созылып кеткені де жасырын емес. Десе де қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың бұл мәселедегі табандылығы мен танытқан саяси ерік-жігері өз нәтижесін берді. Бірнеше сот процесінен кейін, соңғы әрі түбегейлі нүктені кассациялық сот қойды. Сот шешімімен Шымкент қаласының әкімдігі бұл даулы істе толық әрі түбегейлі жеңіске жетті. Осылайша, кезінде заңсыз жекешелендіріліп кеткен стратегиялық нысандар, атап айқанда, су алу құрылыстары, кәріз тазарту жүйелері мен кәріз желілері қайтадан мемлекет меншігіне айналатын болды. Бұл оқиғаның мән-жайын Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде қала әкімінің орынбасары әрі әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек ресми түрде жария етті.
Бұл әкімдіктің ғана емес, бұқара мүддесінің жеке топтардың мүддесінен үстем түсуінің айғағы десек, артық айтпаған болар едік. Себебі стратегиялық маңызы бар су жүйесі — кез келген қаланың қауіпсіздігі мен тыныс-тіршілігінің күретамыры. Оны жекешелендіруге көз жұма қарау кезінде үлкен қателік болса, соны қайтару — бүгінгі күннің батыл қадамы еді. Осы тұста тарқата түсіндіре кетейік, жұртшылық «компания толықтай мемлекетке өтіп кетті» деп жаңылмауы тиіс. Бұл жерде «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-нің өзі мемлекет қарамағына толық қайтарылып жатқан жоқ, тек кезінде заңсыз берілген ең негізгі, стратегиялық сипаттағы инфрақұрылымдық нысандар ғана мемлекет меншігіне өтеді. Ал стратегиялық мәні жоқ су тарату желілері сияқты құрылымдар аталған компанияның теңгерімінде қала береді. Яғни кәсіпорын өзінің күнделікті коммерциялық әрі сервистік жұмысын тоқтатпайды, әрі қарай да қызметін жалғастыра береді.
Осы орайда, ондағы «қарапайым жұмысшылардың тағдыры не болады?» деген заңды сұрақ туындайтыны анық. Өйткені мұндай шешімдер ең алдымен қатардағы еңбек адамына әсер етеді. Бұл ретте де мемлекет тарапынан азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың нақты жүйесі қарастырылған. Мемлекет меншігіне өтетін нысандарда еңбек етіп келген мамандардың құқығы толықтай заң шеңберінде шешімін табады. Егер қызметкер бұрынғы орнында, қайтарылған стратегиялық нысандарда жұмысын әрі қарай жалғастырғысы келсе, ешқандай кедергі жоқ. Олар енді мемлекеттік мекеменің толыққанды қызметкері ретінде өз еңбек жолын тұрақты әрі заңды түрде жалғастыра береді.
Қош, кез келген билік өкілінің халық алдындағы абыройы әдемі сөзбен емес, елдік мүдде таразыға түскенде танытатын осындай батыл қадамдарымен өлшенеді. Ғабит Сыздықбековтің жекенің қанжығасында кете жаздаған стратегиялық нысандарды мемлекет меншігіне қайтарудағы бұл жеңісі қаланың су қауіпсіздігін ғана бекемдеп қойған жоқ. Бұл — Әділетті Қазақстанды құру жолында заң үстемдігінің салтанат құратынын, ал «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің түбінде әшкереленіп, ақиқаттың бәрібір жеңіп шығатынын айқын дәлелдеген тарихи сабақ болды!
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.




