ВАУЧЕРЛІК ЖҮЙЕ БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫН ҚАНШАЛЫҚТЫ ҮНЕМДЕДІ?

Мемлекеттік бюджеттің әрбір тиыны мақсатты әрі ашық жұмсалуы тиіс. Әсіресе, ұлттың болашағы саналатын мектепке дейінгі білім беру саласында сыбайлас жемқорлық пен негізсіз шығындарға жол бермеу — кезек күттірмейтін реформалардың бірі еді. Осы орайда, Оқу-ағарту министрлігі енгізген ваучерлік қаржыландыру механизмі өзінің тиімділігін дәлелдеп, мемлекет қазынасының қомақты қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2024-2025 жылдары 26,7 миллиард теңге, ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында тағы 8,6 миллиард теңге үнемделіп, жалпы үнем көлемі 35,3 миллиард теңгені құрады. Ең бастысы, бұл қаражат желге ұшпай, балаларға арналған қосымша жаңа ваучерлер беруге қайта бағытталып отыр.
Бүгінгі таңда пилоттық жоба 20 қала мен өңірлердің 23 ауданында сәтті жүзеге асырылуда. Ел бойынша 6 мыңға жуық балабақша бұл жүйеге тартылып, балаларға 1 миллионнан астам ваучер берілген. «Ақша балаға төленеді» деген қарапайым әрі әділ қағидат бойынша жұмыс істейтін механизм бюджет қаржысын құрғақ есепке емес, нақты көрсетілген қызметке тікелей бағыттайды. Ең басты нәтиже — ата-аналардың балабақшаны өз қалауынша таңдау мүмкіндігіне ие болуында. Мұндай ашық жүйе бұған дейінгі қағаз жүзінде ғана тіркеу, негізсіз шығын шығару сияқты бармақ басты, көз қысты әрекеттерге тосқауыл қойды.
Нәтижесінде қаржының ашықтығы қамтамасыз етіліп қана қоймай, жылдар бойы шешімін таппай келген балабақша кезегі де айтарлықтай қысқарды. Бұрын балабақша кезегінде 160 мың бала сарғайып күтіп тұрса, бүгінде бұл көрсеткіш 23 мыңға дейін күрт азайып, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 96 пайызға жеткен. Соңғы үш жылдың ішінде 232 мыңға жуық жаңа орын ашылғанын ескерсек, ваучерлік жүйе білімнің қолжетімділігін арттыру мен бюджетті қатаң бақылауда ұстаудай қос міндетті қатар еңсеріп келеді. Бұл реформа — білім саласын цифрландыру мен реттеудің жемқорлыққа қарсы пәрменді құралы бола алатынын көрсеткен сәтті қадамдардың бірі.




