ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

Шымкент қаласында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес арнайы кестемен, жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны байқалады. Ел игілігі мен шаһар тынысы үшін атқарылып жатқан бұл шаралар — алдағы сарышұнақ аяздарда арқаны кеңге салудың басты кепілі.

Қысқа дайындық ең алдымен жылу желілерінің беріктігін тексеруден басталды. Осы мақсатта жүргізілген гидравликалық қысымдау сынақтары нәтижесінде инфрақұрылымдағы 135 ақау анықталып, оның 95-і жедел түрде толық жойылды. Ал қалған 40 ақауды жою бойынша жоспарлы жөндеу жұмыстары тоқтаусыз жалғасуда. Бұған қоса, қала бойынша жалпы ұзындығы 18,6 шақырымды құрайтын жылу желілерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ шаһардың жаңадан бой көтеріп жатқан Шымсити, Ақжайық және Тұран-1 сияқты тұрғын алаптарындағы жылу қазандықтарына заманауи жаңа жылу алмастырғыш қондырғылар орнатылып жатқаны – жүйенің өткізгіштік қуатын арттыруға бағытталған оң қадам.
Тұрмыстық мекемелер мен әлеуметтік нысандардың дайындығы да назардан тыс қалған жоқ. Бүгінгі таңда жеке және мектеп қазандықтарының 97%-ы, яғни 71 қазандықтың 69-ы алдағы маусымға тас-түйін дайын отыр. Мекемеге қарасты 17 сорғы станциясының 13-і күрделі тексерістен өтіп, қайта жөнделді. Ал әлеуметтік саланы алсақ, қаладағы бюджеттік 211 мекеменің 194-і және көпқабатты 2 241 тұрғын үйдің 1796-сы қысқа дайын деген шешім алды. Әрі қарай отын қорын сенімді сақтау мақсатында Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы, «Қуатжылуорталық-3» МКК және «Alageum Electric» компаниясы арасында резервтік отын қоры бактарын жөндеу бойынша меморандумға қол қою жоспарланған.
Десе де орталықтан берілетін жылудың сапасы тек коммуналдық қызметтерге ғана емес, тұрғындардың өз жауапкершілігіне де тікелей байланысты. Бүгінгі таңда көп қабатты 950 үйде сервистік қызмет көрсететін мекемелермен арнайы келісімшарт жасалса, қалған 1 291 үйді мұндай қызметпен қамту жұмыстары ұйымдастырылуда. Көппәтерлі үйлердің ішкі жылу жүйелерін сапалы дайындау мен пәтерлерге жылудың кедергісіз жетуін қамтамасыз ету үшін пәтер иелері, ПИК және МИБ тарапынан тиісті сервистік мекемелермен келісімшарттарды уақтылы түзу өте маңызды. Жалпы алғанда, Шымкентте жылыту маусымына әзірлік барысы тұрақты бақылауда тұр және қала тұрғындарының қыстан аман-есен, жылы үйде шығуы үшін бекітілген жоспар аясында өз мәресіне жетеді.