БАКУДЕ БАЙРАҒЫМЫЗ ЖЕЛБІРЕДІ

Бағзыдан жеткен бабалар өнері — қазақ күресі тағы бір мәрте халықаралық аренада салтанат құрып, төрткүл дүниеге ұлттық рухымыздың асқақтығын танытты. Таяуда Әзербайжанның бас шаһары Баку қаласында жалауын көтерген қазақ күресінен Әлем чемпионаты отандық спорт шежіресіне тағы бір жарқын бет болып жазылды. Дүбірлі додада әлемнің 30 елінен жиналған 300-ге жуық балуан арасында Шымкент топырағынан түлеп ұшқан қос батырымыз ел намысын абыроймен қорғап, туған жерге үлкен жеңіспен оралды.
Екі күнге созылған тартысты бәсекеде ерлер мен әйелдер арасында 16 салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынған еді. Шын мықтыны анықтаған осы сында Шымкент спорт мектебінің түлектері қайсарлық пен жоғары шеберліктің үлгісін көрсетті. Атап айтқанда, 74 келі салмақ дәрежесінде белдескен Жұмажан Қожамбеков қарсыластарының бәрін айқын басымдықпен тізе бүктіріп, алтын медальді еншіледі. Осылайша ол өзінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, бес дүркін әлем чемпионы деген асқақ титулға қол жеткізді. Ал 70 келіде өнер көрсеткен аруымыз Севара Нишанбаева да қарсыластарына дес бермей, финалға дейін сүрінбей жетіп, ел қоржынына күміс жүлдені салды.
Шаршы алаңда ел беделін биіктеткен саңлақтарды туған топырағында салтанатты түрде күтіп алу рәсімі өтті. Халықаралық бәйгеде олжа салған палуандарды Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жолдықараев, спорт саласының ардагерлері мен мамандары, жаттықтырушылар, спорт мектептерінің ұжымдары және жанкүйерлер зор қошеметпен қарсы алды. Туған жерге олжалы оралған спортшыларға құрмет көрсетіліп, олардың бұл жеңісі кейінгі өсіп келе жатқан жас буынға үлкен өнеге, ұлттық спортқа деген шынайы сүйіспеншіліктің айқын көрінісі екені ерекше атап өтілді. Еліміздің туын жат елде желбіреткен өрендеріміздің алар асулары мен бағындырар биіктері әлі де алда екені сөзсіз.




