ТАМЫЗ АЙЫНДА ЕЛІМІЗДІҢ БІРҚАТАР ӨҢІРІНДЕ ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ БОЛУЫ МҮМКІН

Жаздың соңғы айында еліміздің кейбір аймақтарында аптап ыстық пен жауын-шашынның аздығы салдарынан құрғақшылық орын алуы ықтимал. «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының синоптиктері тамыз айына арналған құрғақшылық болжамын жариялап, шаруалар мен тұрғындарды алдын ала құлағдар етті. Мамандардың сөзіне сенсек, бұл айда атмосфералық ылғалдың тапшылығы әсіресе оңтүстік және батыс өңірлерде айқын сезіледі.
Ресми болжамға сәйкес, атмосфералық құрғақшылық Батыс Қазақстан облысының Бөкей Орда мен Жәнібек аудандарында, Ақтөбе облысының Шалқар және Ырғыз аудандарында, сондай-ақ Атырау облысының Құрманғазы ауданында болуы мүмкін. Мұнымен қоса, Алматы облысының Балқаш ауданы мен Жамбыл облысының Мойынқұм, Қордай, Сарысу, Талас және Жамбыл аудандарында да ауа райының жайсыздығы күтілуде. Ал Түркістан облысының Арыс, Созақ, Қазығұрт, Ордабасы, Шардара, Жетісай, Бәйдібек және Келес аудандары мен Қызылорда облысының Қазалы, Қармақшы, Шиелі аудандары және Қызылорда қаласында да құрғақшылық қаупі жоғары деңгейде қалып отыр.
Еліміздің солтүстік аумағында жағдай біршама тұрақты. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданы мен Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында бірқалыпты ылғалды жағдай қалыптасады деп күтілуде. Ал еліміздің қалған өңірлерінде ылғалдану деңгейі көпжылдық нормаға жуық болады деген болжам бар. Сала мамандары бұл мәліметтердің ауыл шаруашылығымен айналысатын ағайын үшін аса маңызды екенін алға тартады. Толық әрі нақтыланған болжам ақпараты «Қазгидромет» РМК ресми сайтында және арнайы әзірленген www.agrodata.kz қосымшасында да көпшілік үшін қолжетімді.




