ТҮРКІСТАН ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША КӨШ БАСТАП КЕЛЕДІ

Ел экономикасының бүгінгі ахуалы мен даму бағдары сарапқа салынған алқалы жиын Үкімет үйінде тағы да маңызды шешімдердің қабылдануына ұйытқы болды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары мен қазына бүйірінің толу барысын жіпке тізгендей талдап берді. Бейнебайланыс режимінде өткен бұл жиынға өңірлердің тыныс-тіршілігін тікелей бақылап отырған аймақ басшылары, соның ішінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те қатысты.
Жиын барысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен бастап, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов пен Қаржы вице-министрі Ержан Біржановқа дейін баяндама жасап, алты айдың ішіндегі басты көрсеткіштерді ортаға салды. Сандар сөйлеген сәтте байқағанымыз, жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, ел экономикасының ішкі қуаты мен тұрақтылығы сыр бермеген. Қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің 4,1 пайызға өсуі – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Мұндағы нақты сектордағы өсім 5,1 пайызды құраса, қызмет көрсету саласы 3,5 пайыздық межені бағындырды. Әсіресе, құрылыс саласының 15,2 пайызға бір-ақ секіруі және өңдеу өнеркәсібінің 9,8 пайызға еселенуі елдегі жүйелі жұмыстарының тоқтамағанын көрсетеді.
Көлік қызметі, сауда, ауыл шаруашылығы мен байланыс салалары да бұл көштен қалмай, тұрақты оң динамиканы сақтап қалды. Осы орайда нарық тамырын басқан Ұлттық банк төрағасы бірінші жартыжылдықтағы инфляция деңгейі 10,3 пайыз шамасында тұрақтанғанын айтып, бағаның негізсіз шарықтап кетпеуі үшін Үкіметпен тізе қосып жұмыс істейтінін жеткізді. Ал мемлекет қазынасының кірісі трансферттерді есепке алмағанда 8,5 триллион теңгені құрап, бюджет шығыстарының 98,2 пайызға орындалуы мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асып жатқанынан хабар береді. Ең бастысы, қазына қаражатының басым бөлігі қарапайым халықтың әлеуметтік мұқтаждығына бағытталған. Зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге 3,6 триллион теңге, өңірлерді қолдауға 3 триллион теңге және нақты секторды дамытуға 1,3 триллион теңгенің жұмсалуы – әлеуметтік мемлекет қағидатының нақты көрінісі.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономиканы әртараптандыру мен тұрақты өсудің жаңа моделіне көшу үдерісі қарқынды жүріп жатқанын ерекше атап өтті. Жаңа Конституцияның қабылдануымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық келбетінде ауқымды реформалар жүзеге асып, заманауи инвестициялық экожүйе мен инновациялық кластерлер құруға басымдық беріле бастады. Осы орайда Премьер-министр экономиканың қарқынын бәсеңдетпеу үшін барлық жауапты органдар мен әкімдерге нақты міндеттер жүктеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне металлургия саласын ынталандырудың қосымша тетіктерін әзірлеуді тапсырса, өңір жетекшілеріне инвестициялық жобалардың түйткілді тұстарын бірлесе шешуді міндеттеді.
Баспана құрылысы мен әлеуметтік, инженерлік және денсаулық сақтау инфрақұрылымының сапасы да Үкіметтің жіті бақылауында болмақ. Энергетика саласында да ауқымды жоспарлар тұр. Мұнай мен газ өндірудің межесін орындау, көмірді терең өңдеу жобаларын өрістетумен қатар, Түркістан облысында бой көтеріп жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын уақтылы аяқтау басты назарға алынды. Бұл жобаның уақытылы пайдалануға берілуіне Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорының басшылары тікелей жауап береді. Көлік-логистика саласында да серпінді қадамдар күтілуде. Жыл соңына дейін «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі мен өзге де стратегиялық жобаларды аяқтау, вокзалдарды жаңғырту және жол сапасын жақсартумен қатар, «Smart Data Transport» бірыңғай деректер платформасы арқылы жасанды интеллект жүйесін енгізу көзделіп отыр. Бұл отандық транзиттік әлеуетті жаңа деңгейге көтермек.
Ауыл шаруашылығы мен сауда саласы да назардан тыс қалған жоқ. Егін жинау науқанын сапалы өткізу, мақта өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту, қант қызылшасын тасымалдауды субсидиялау және асыл тұқымды мал басын көбейту бағытындағы жұмыстарды жеделдету тапсырылды. Сондай-ақ, өңірлердегі ішкі сауданы жандандырып, тауар айналымын арттыру мақсатында әкімдіктерге бір ай мерзімде сауданы дамытудың өңірлік жол карталарын әзірлеу міндеттелді. Бұл ретте арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуеті толық пайдаланылуы тиіс.
Отырысты қорытындылаған Үкімет басшысы жоспарланған биік көрсеткіштерге қол жеткізу жолында әрбір басшының жеке жауапкершілігі барын қатаң ескертті. Айта кетерлігі, осынау ауқымды экономикалық бәйгеде Түркістан облысының шоқтығы биік тұр. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткішін 123,3 пайызға жеткізген киелі өңір республика бойынша көш бастап, бірінші орынға табан тіреді. Бұл – облыс басшылығы мен жергілікті еңбеккерлердің жүйелі жұмысының заңды жемісі. Ендігі меже – осы алған қарқыннан таймай, ел игілігі мен халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы жүйелі қадамдарды жалғастыру.




