СТАТИСТИКА ТАСАСЫНДАҒЫ ТАҒДЫРЛАР

өндірістегі жауапкершілікті күшейтетін уақыт жетті

Қай қоғамда болсын, маңдай терімен нан тапқан еңбек адамының құқығы мен қауіпсіздігі мемлекеттің басты құндылығы болуы тиіс. Бірақ біздің бүгінгі шындық бұл қағиданың асқақ мінберлерде ғана әдемі естілетінін көрсетіп отыр. Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың Үкімет отырысында баяндаған цифрлары мен есептері алғаш көргенде ауқымды жұмыстың көрінісіндей әсер қалдырғанымен, тереңірек үңілгенде, өндіріс орындарындағы қарапайым жұмысшылардың тағдыры әлі де қыл үстінде тұрғанын аңғартады.

Ресми мәліметке сүйенсек, мемлекеттік еңбек инспекциясы тарапынан 2400-ден астам жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, еңбек заңнамасын бұзудың 2800-ге жуық дерегі анықталған. Бұл көрсеткіш еңбек инспекторларының белсенділігін емес, керісінше, отандық кәсіпорындарда заңды белден басудың әдеттегі құбылысқа айналғанын, жұмыс берушілердің жазадан қорықпайтынын көрсететін ащы дабыл болса керек. Орындалуға міндетті деп берілген 1 630 нұсқама мен құқығы қорғалды делінген 22 мың жұмыскердің тағдыры – тек қағаздағы статистиканың құрғақ цифрлары ғана емес, оның артында айлығын уақытылы ала алмай немесе ауыр жағдайда тер төгіп жүрген азаматтардың мұң-мұқтажы жатыр.
Министрлік өндірістік жарақаттану деңгейінің біршама төмендегенін мақтанышпен алға тартып, жазатайым оқиғалар саны 4,5 пайызға, ал өлімге әкелген жағдайлар 8 пайызға азайғанын айтады. Алайда адам өмірін пайызбен өлшеп, соған жұбану – үлкен қателік. Өткен жылдармен салыстырғанда өлім көрсеткіші 202-ден 188-ге түсті деген күннің өзінде, биылдың өзінде 188 отағасы, 188 азамат жұмысқа кетіп, үйіне табытпен оралды деген сөз. Бұл – 188 шаңырақтың құлауы, қаншама баланың жетім қалуы. Күні-түні алып зауыттардың түтінін түтетіп, шахталардың түбінде жүрген қарапайым жұмысшының өмірі неліктен әлі күнге дейін заманауи технологиялар мен қауіпсіздік жүйелері дамыған заманда қауіптен көз аша алмай отыр? Жоспардан тыс мыңдаған тексерістер жасалса да, кәсіпорын қожайындары қауіпсіздік техникасын жаңартуға, жұмысшының өмірін сақтандыруға неге ақша аяйды? Біздегі айыппұлдар мен заңдық жауапкершілік ірі алпауыт компаниялардың қалтасына салмақ салмай, олар үшін техниканы түбегейлі жаңартып, қауіпсіздікті қамтамасыз еткеннен көрі, заң бұзып, артынан айыппұлын төлей салған әлдеқайда арзанға түсетін сияқты ма, қалай? Сауал көп, жауап жоқ.
Ең сорақысы, зардап шеккендердің ең көп үлесі тағы да ел экономикасының негізгі күре тамыры саналатын алпауыт салаларға тиесілі болып отыр. Министр мырза зардап шеккендердің 16 пайызы – тау-кен металлургия кешенінде, 10 пайызы – құрылыс саласында, ал 5 пайызы – мұнай-газ секторында тіркелгенін мәлімдеді. Бұл – мемлекет бюджетін миллиардтап толтырып, инвесторлардың қалтасын қалыңдатып отырған ең табысты салалар. Көздегені тек қана пайда мен өнім көлемін арттыру болған алпауыттар қарапайым жұмысшының денсаулығы мен өмірін екінші орынға ысырып қойғаны ма? Қара алтын мен металл өндіріп, зәулім ғимараттар тұрғызып жатқан жұмысшылардың еңбегі еленбей, қауіп-қатердің алдыңғы шебінде қала беруі қауіпсіздік шараларының әлі де дәрменсіз екенін көрсетеді. Мемлекеттік еңбек инспекциясы тек оқиға орын алып, адам шығыны болғаннан кейін ғана соңынан жүгіріп тексеру жүргізетін «өрт сөндіруші» рөлінен арыла алмай келеді. Бақылау тетіктерін қатайтып, адам өміріне салғырт қараған кәсіпорын басшылары мен инвесторларға қатысты қылмыстық жауапкершілікті барынша күшейтпейінше, бұл құрғақ есептер мен пайыздар алдағы уақытта да құбыла бермек. Еңбек адамының құқығы қағаз бетіндегі нұсқамалармен емес, зауыт пен шахтадағы шынайы қауіпсіздікпен, адамға деген шынайы құрметпен өлшенуі тиіс.

О.ҚАСЫМ.