ЕТ НАРЫҒЫНДА ЕШКІМГЕ ЕСЕМІЗ КЕТІП ЖАТҚАН ЖОҚ

Мал шаруашылығы қазақ жұртшылығымен біте қайнасып кеткен. Ата-бабамыз ақ бас шыңдардың баурайында, көкпеңбек құрақтың жиегінде мал өсіріп, құт дарытқан. Бүгінгі таңда да ата кәсіптің тамыры үзілген жоқ, қайта жаңа деммен, заманауи екпінмен жанданып келеді. Сарыарқаның жазығы мен Алатаудың бөктеріндегі шопандардың еңбегі еш кетпей, ел экономикасының тірегіне айналуда. Осы ретте, шалғайдағы мал шаруашылығын дамытуды көздейтін «Жайлау» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасының іске қосылуы ауылдағы ағайынның еңсесін көтеріп, төрт түлікті түлетуге бағытталған дер кезіндегі қадам болды.

Жылдық несие өсімі небәрі 6 пайызды құрап, 10 жылға дейінгі ұзақ мерзімге берілетін бұл қолдау шалғайдағы жайылымдардың инфрақұрылымын түзеп, құдық қаздырып, қора салуға зор мүмкіндік ашпақ. Ел ішіндегі мал шаруашылығы саласында соңғы уақытта тұрақты оң динамика қалыптасып, берекелі өсім байқалады. Төрт түліктің барлық түрі бойынша мал басы көбейіп, дастарқанымыздың сәні мен мәні болған ет және сүт өнімдерін өндіру көлемі де еселеп артып жатыр. Биылғы мамыр айының басындағы ресми мәліметтерге көз жүгіртсек, елдегі ірі қара саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 325 мыңнан астам басқа көбейіп, жалпы саны 9,8 миллионға жеткен екен. Ал қой-ешкінің саны 23,5 миллионға жуықтап, қазақтың қанаты болған жылқы басы 5,1 миллионнан асты. Шөлдің кемесі болған түйе малын өсіру де назардан тыс қалмай, 322 мыңға жетті, тіпті құс шаруашылығы да 48,2 миллионнан асып жығылды.
Төрт түліктің өсімі, өз кезегінде, дайын өнім көлемінің артуына тікелей ықпал етуде. Биылғы жылдың алғашқы төрт айының өзінде ел бойынша барлық ет түрін өндіру көлемі 338 мың тоннадан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 мың тоннаға артқан. Әсіресе, сиыр етін өндіру 112,9 мың тоннаға жетіп, ерекше өсім көрсетті. Сонымен қатар қазақтың сыйлы қонағына тартатын қой еті мен салтанатты жиындардың сәні – жылқы етін өндіру көлемі де айтарлықтай ұлғайды. Бұл көрсеткіштер отандық өндірістің ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге қауқарлы екенін және сыртқы нарыққа да сапалы өнім ұсынуға әлеуеті жеткілікті екенін анық аңғартады. Жүйелі жұмыс пен «Жайлау» секілді жаңа бағдарламалар алдағы уақытта бұл цифрларды одан сайын еселей түспек.
Әрине, нарық болған соң бағаның құбылуы — заңды құбылыс. Көктем шыға, әсіресе сәуір мен мамыр айларында ел ішінде қой еті бағасының сәл қымбаттауы тұрғындар арасында біраз талқыға түскен еді. Алайда бұл жағдайдың өнім тапшылығына еш қатысы жоқ, ол тек уақытша және маусымдық сипатқа ие. Бағаның көтерілуіне мамыр айының соңында атап өтілген мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айтқа дайындық кезеңіндегі дәстүрлі жоғары сұраныс себеп болды. Ұлттық статистика бюросының нақты деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта ел бойынша қой етінің орташа бағасы келісіне 4 209 теңгені құрап отыр және базарлардағы сатып алу бағасы шамамен 200 теңгеге төмендегені тіркелді. Демек елде ет тапшылығы атымен жоқ, ал ішкі нарықтағы ұсыныс көлемі халықтың сұранысын толық өтеуге жеткілікті.
Тұтастай алғанда, мал шаруашылығы саласындағы қазіргі жетістіктер мен жаңа серпін беретін мемлекеттік жобалар ауылдың тамырына қан жүгіртіп қана қоймай, елдің азық-түлік қауіпсіздігін берік ете түспек. Қазақ даласының шұрайлы жайылымдары мен шалғай белдері «Жайлау» бағдарламасы арқылы қайта түлеп, ата кәсіпті жаңа деңгейге көтереді деп нық сеніммен айтуға болады. Төрт түлігі сай-сайда ойнаған, дастарқанында ағы мен еті үзілмеген елдің болашағы әрқашан жарқын, берекесі баянды болмақ.

С.НҰРАЙ.