ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ МҰРАСЫН ДӘРІПТЕУ ЖӘНЕ ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ БОЙЫНША КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Түркі әлемінің алтын бесігі, ұлтымыздың рухани тамыры тартқан киелі Түркістан төрінде тағы бір тағылымы терең, маңызы орасан зор алқалы жиын өтіп, ел руханияты мен исі түркі жұртының асыл қазынасы қайта ұлықталды. Шаһардың еңселі де ерекше сәулетті Киіз үй кешенінде Түркістан облыстық мәслихаты мен «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен және Түркістан облысы әкімдігінің тікелей де демеуімен «Turkistan – 2026: Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу және ішкі туризмді дамыту» атты ауқымды республикалық конференция өз жұмысын жоғары деңгейде өткізді.
Осынау маңызды басқосудың басты мұраты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет пен жергілікті билікке жүктеген отандық туризмді серпінді дамыту, ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің сарқылмас рухани мұрасын кең көлемде насихаттау және оны қалың ел жұртшылығы мен жаһан жұртына таныту бағытындағы стратегиялық тапсырмаларын іс жүзінде сапалы жүзеге асыру болды. Ұлттық құндылықтар мен аймақтық дамудың алтын арқауына айналған бұл алқалы конференцияның өкілеттілік деңгейі де, қатысушылар құрамы да өте салмақты болды. Жиын төрінен облыс әкімінің орынбасарлары, еліміздің республикалық маңызы бар қалалары мен барлық облыстары мәслихаттарының төрағалары мен білікті өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, аудандық және қалалық мәслихаттардың тізгінін ұстаған төрағалар, облыстық басқармалар мен департаменттердің бірінші басшылары, сондай-ақ белгілі тарихшы ғалымдар мен отандық туристік операторлар лайықты орын алды. Көптің көкейіндегі өзекті тақырыптарды қозғаған осынау маңызды жиынды Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов тізгіндеп, жүргізіп отырды.
Конференцияның шымылдығы түрілген сәтте мінберге көтерілген Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов аймақ басшысының ақжарма тілегі өрілген ресми құттықтау хатын жиналған қауымға үлкен мақтанышпен жеткізді. Ол өз сөзінде Түркістанның түркі дүниесіндегі қасиетті орны мен Ясауи баба мұрасының өлшеусіз құндылығына тоқталып, жиналған мәртебелі қонақтарды, зиялы қауым өкілдері мен сала мамандарын конференцияның ашылуымен шын жүректен құттықтады. Киелі Түркістанның тарих пен тағылым тоғысқан, бабалар аманаты сақталып, ұрпаққа ұлағат шашатын қастерлі мекен екенін, ал Ясауи мұрасының барша түркі әлемінің ортақ рухани қазынасы болып табылатынын қадап айтты. Оның пайымдауынша, бұл тағылым ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық діңгекті нығайтуда айрықша маңызға ие. Бүгінде Президенттің тікелей бастамасымен тарихи-мәдени мұраны сақтау және туризмді өркендету бағытында өңірде өте ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын, соның нәтижесінде Түркістан халықаралық деңгейдегі рухани, мәдени әрі туристік орталық ретінде мүлдем жаңаша келбет қалыптастырғанын мақтанышпен тілге тиек етті. Біздің басты міндетіміз – ұлы бабалардан қалған асыл мұраны тек көздің қарашығындай сақтау ғана емес, оны келер ұрпаққа лайықты жеткізіп, әлемге кеңінен таныту екенін, себебі рухани мұра ұлттың жадын жаңғыртатын өлшеусіз байлық екенін шегеледі. Осы ретте, бұл басқосу руханият пен туризмді, ғылыми ой мен нақты бастамаларды тоғыстыратын маңызды алаң болып табылатынын және мұнда айтылатын мазмұнды пікірлер мен тың ұсыныстар ішкі туризмді дамытуға жаңа серпін беретініне сенім білдіріп, егемен еліміздің рухани тұғыры биік, Түркістанның мерейі әрдайым үстем болуын тіледі.
Осынау мазмұнды ойлар мен салиқалы пікірлерді «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев пен Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев өздерінің отты сөздерінде одан әрі тереңдете түсті. Өз кезегінде сөз алған Төлеубек Мұқашев Ясауи мұрасы мен ішкі туризмнің арасындағы ажырамас алтын тамырды дөп басып көрсетті. Ол туризмді тек қана құрғақ экономикалық пайда әкелетін сала деп есептейтіндердің ойы біржақты екенін заңды түрде алға тартып, бұл саланың ең алдымен тарихи сананы жаңғырту мен ұлттық рухты танытудың, мемлекеттің мәдени дипломатиясының басты құралы екенін атап өтті. Егер Түркістанға жай ғана туристік нысан ретінде қарайтын болсақ, оның терең рухани феномен ретіндегі мағынасын жоғалтып алуымыз мүмкін екенін ескертіп, мұнда келген әрбір адам тек саяхаттап қана қоймай, тарихи сана мен рухани сабақтастықты жүрегімен сезінуі тиіс деген пайымды ортаға салды. Сондай-ақ, елдің түкпір-түкпірінен жиналған мәслихат депутаттарының дәл осы Түркістанда бас қосуының символдық мәні өте терең екенін, бұл қадам біріншіден, өңірлік саясат пен ұлттық руханияттың тоғысуын, екіншіден, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің ұлттық мүддемен үндесуін, үшіншіден, халық қалаулыларының тек әлеуметтік-экономикалық мәселелермен ғана шектелмей, тарихи сана мен ұлттық құндылықтарды жаңғырту ісіне де тікелей жауапты екенін көрсетті.
Конференцияның жұмыс барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы мінберге шығып, аймақтағы ішкі туризмді дамыту мен киелі орындарды заманауи үлгіде насихаттау мәселелерін нақты цифрлармен, айқын деректермен өріп берген мазмұнды баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай облыста туристік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар өте жүйелі жүргізіліп келеді. Мәселен, өткен 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі арнайы орналастыру орындарында демалған саяхатшылардың саны 347,6 мың адамға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,7 пайыздық өсімді көрсетті. Ал облыс аумағындағы заңғар тарихи орындарға келушілердің жалпы саны 1 миллион адамдық алып межеге қол жеткізіп, 13 пайызға жоғарылады. Бүгінде облыста тек қана тарихи-танымдық емес, сонымен бірге экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі де өте қарқынды дамып келеді. Осы мақсатта туризм саласына сырттан 133 миллиард теңге көлемінде қыруар инвестиция тартылып, Түркістан қаласында бірқатар ірі де заманауи туристік жобалар сәтті жүзеге асырылды. Бұған қоса, өңірдің туристік инфрақұрылымын жақсарту, жаңа визит орталықтарын ашу және киелі нысандарға апаратын күре жолдарды жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да кезең-кезеңімен өз жалғасын таба бермек.




