ІРІ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан облысы бүгінде нақты істің, нәтижелі өндірістің және инвестициялық серпілістің алтын бесігіне айналды. Ырыс ұялаған аймақтың экономикалық тамырына қан жүгіртіп, жаңа өндіріс ошақтарының ашылуына жол ашатын маңызды басқосу – Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен Инвестициялық штабтың кезекті отырысы болды. Ел дамуының басты тетігін талқылаған бұл алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, өңірдегі барлық аудан мен қала әкімдері, салалық басқарма басшылары, сондай-ақ Түркістанның топырағына құт қондыруды көздеген алыс-жақын шетелдік және отандық ірі инвесторлар қатысты.

Алқалы мәжілістің күн тәртібінде ағымдағы 2026 жылы іске асырылуы жоспарланған ауқымды инвестициялық жобалардың таныстырылымы өтіп, әрбір аймақтағы инвестициялық ахуалдың бүгінгі тынысы мен нәтижелері қызу талқыға түсті. Сөз тізгінін алған облыс басшысы Нұралхан Көшеров өңір экономикасын өрге сүйреуде инвестициялық жобалардың атқаратын рөлі орасан зор екеніне ерекше тоқталып, залда отырған әрбір жауапты тұлғаға жобаларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру бойынша нақты міндеттер жүктеді. Әкім өз сөзінде әрбір аудан, қала басшысы мен жауапты басқарма жетекшілері инвестиция тарту жұмыстарын өздерінің күнделікті қызметіндегі ең басты басымдық ретінде қарастыруы тиіс екенін шегелеп айтты. Туындаған мәселелерді жасырмай, ашық айту арқылы ғана алға басуға болатынын ескерткен аймақ басшысы, мемлекет тарапынан әрбір жобаның іске асырылу барысы мұқият қадағаланып, кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Осы ретте, сырттан келген әрбір теңге облыс экономикасының қуатты драйверіне айналуы тиіс деген нық сенімін білдірді.
Бұл күнгі жиында таныстырылған жобалардың ауқымы мен маңызы шынымен де таңдай қақтырарлық. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта қанат жаятын бірегей өндіріс ошағы ұсынылды. Бұл жерде бүгінгі күннің сұранысына ие ПВХ құбырларына арналған арматура, ленталар, заманауи тамшылатып суару құбырларын шығаратын жабдықтар мен берік тоқылған су шлангтері жаппай өндірілмек. Бұдан бөлек, тарихы терең Сауран ауданында орналасқан «TURAN» арнайы экономикалық аймағында іске асырылатын алпауыт жобалар қаралды. Олардың қатарында шетелдік «BOSHIRAN XINJIANG» компаниясының ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру және шығару жөніндегі жобасы, жергілікті «Lihua Group» серіктестігінің жер емген диқандарға ауадай қажет карбамид тыңайтқыштары мен мақта майын өндіретін зауыттары бар. Сондай-ақ, жаһандық жаңашылдықты паш еткен «BAKS Innovations Inc. — CAESG Platform» компаниясының биомассаны терең өңдеу және көміртегін байланыстыру бағытындағы инновациялық кешені көпшіліктің назарын аударды. Мұнымен ғана шектелмей, «Yassy Energy» серіктестігінің трансформаторларға арналған гофрленген қабырғалар, қақпақтар мен магнитөткізгіштер шығаратын зауыт жобасы да ортаға салынды. Жиында бұл жобаларды құнарлы жермен және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі пысықталып, жауапты мамандарға шұғыл тапсырмалар берілді.
Мәжілістің екінші бөлімінде Сарыағаш ауданы мен Арыс қаласында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың аяқ алысы мен өткен 2025 жылы шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің жемісті нәтижелері туралы есептер тыңдалды. Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев пен Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев өз өңірлерінде атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде жан-жақты баяндама жасады. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан топырағына сенім артып, тәуекелге бел байлаған инвесторларға алғысын білдіріп, әрбір жобаның уақтылы іске қосылуы өзінің жеке бақылауында болатынын ескертті.
Айта кетерлігі, өткен 2025 жылы облыс экономикасына 1,7 триллион теңге көлемінде қыруар инвестиция тартылып, өсім қарқыны 121,6 пайызды құраған болатын. Сол уақытта жалпы құны 340 миллиард теңге болатын 58 ірі жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам ауыл адамы тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал үстіміздегі жылы да осы алған беттен таймай, облысқа тағы да 1,7 триллион теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл биік межеге жалпы құны 369 миллиард теңгені құрайтын 67 жаңа инвестициялық жобаны іске қосу есебінен қол жеткізілмек. Атқарылған осынау істер өңірдің макроэкономикалық даму динамикасына тікелей оң әсерін тигізді. Мәселен, осы жылдың алғашқы 4 айының қорытындысы бойынша өңір экономикасының өсімі 125,2 пайызды бағындырып, республика көлемінде Түркістан облысы тағы да бірінші орынға шықты.
Аймақтың осынау зор әлеуетін ескере отырып, алдағы 2026-2029 жылдарға арналған жалпы құны 2,7 триллион теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаның үлкен пулы қалыптастырылды. Осының нәтижесінде, облыста 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, мемлекет қазынасына 100 миллиард теңге салық түседі деп күтілуде. Жоспарланған бұл жобаларды сәтті жүзеге асыру есебінен алдағы 5 жылда жалпы өңірлік өнім көлемін 2,7 есеге арттыру, ал облыстың өзіндік кірістерін 2,3 есеге ұлғайту көзделіп отыр.