ТҮРКІСТАН ТУРИСТЕР ЖИІ КЕЛЕТІН ҚАЛАҒА АЙНАЛУДА

Түркістан бүгінде жаһан жұрты көз тіккен айтулы рухани һәм туристік орталыққа айналды. Шаһар топырағында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті тарих тереңінен сыр шертетін қасиетті қаланың бағын жандырып, шетелдік саяхатшылардың қызығушылығын бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Дәл осы ауқымды да айтулы саяси шарадан кейін көне шаһарға ағылған туристер мен зияратшылардың қарасы еселеп көбейіп, тіпті аптаның демалыс күндері Түркістан аспанында қалықтайтын ұшақтарға билет табудың өзі мұңға айналды. Бүгінде сенбі мен жексенбі күндері Түркістан бағытындағы әуе рейстеріне деген сұраныс бірнеше есеге өсіп, өңірдегі қонақ үйлерде бос орындар мүлдем азайып кетті.

Шаһардың тарихи-мәдени нысандарында иін тірескен халықтың қатары қалыңдап, әсіресе түркі жұртының пірі болған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тәуап етіп, баба рухына тағзым жасаушылардың саны күн санап арта түсті. Статистикалық мәліметтердің өзі өңірдегі туризм тамырына қан жүгіргенін нақты деректермен айғақтап берді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен 2025 жылдың қорытындысы бойынша қасиетті өңірге табан тіреген туристердің саны жарты миллионнан, яғни 500 мың адамнан асып жығылды. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың межесімен салыстырғанда 15,9 пайызға жоғарылап, аймақ экономикасының әлеуетін арттырды. Ең қуаныштысы, тарих тұнған өлкеге ат басын бұрған шетелдік жиһанкездердің саны 23 мыңға жуықтады. Түркістанның ғажайыптарын көруге ынтық болған ТОП-5 мемлекеттің қатарына іргелес жатқан Өзбекстан, шығыстағы Қытай, бауырлас Түркия, көршілес Ресей және Германия елдері енді. Саяхатшылардың ағылуы нәтижесінде өңірдегі қонақ үйлер мен орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 8,5 миллиард теңгенің межесіне жетті. Бұл серпінді үрдіс жаңа жылда да өз жалғасын тауып, ағымдағы 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша шаһарға келушілер саны қазірдің өзінде 70 мың адамды құрап отыр. Ал жергілікті билік пен сала мамандары жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 550 мың туристке жеткізуді нақты жоспарлап қойды.
Сонымен қатар Түркістандағы тарихи нысандар мен жәдігерлерге тағзым етушілердің де қатары сиреген жоқ. Өткен жылы бабалар ізі қалған қасиетті орындарға келушілердің саны 1 миллион адамнан асып жығылып, алдыңғы жылғы көрсеткіштен 13 пайызға озып кетті. Бұл үрдіс биыл да бәсеңдемей, 2026 жылдың алғашқы 4 айының қорытындысы бойынша аталған көрсеткіш 334,8 мың адамды құрады. Аймақтағы бұл бұрын-соңды болмаған туристік серпіліске, әлбетте, халықаралық деңгейдегі жоғары деңгейлі саммиттің тигізген әсері орасан зор болды. Халықаралық сарапшылар мен саясаттанушылар да Түркістанның тұтас түркі әлемінің рухани әрі туристік орталығы ретіндегі халықаралық беделі мен салмағы айтарлықтай күшейгенін тілге тиек етуде.
Қонақжайлылық инфрақұрылымы да заман талабына сай жаңарып, бүгінде облыс аумағында келушілерге мінсіз қызмет көрсететін 300-ге жуық заманауи қонақүй мен орналастыру нысаны, сондай-ақ демалушылардың жанына жайлылық сыйлайтын 300-ге тарта арнайы демалыс аймағы тұрақты жұмыс істеп тұр. Шаһардың халықаралық әуежайы мен теміржол вокзалдарындағы жолаушылар тасқынының толассыз артуы өңірдегі туристік белсенділіктің қаншалықты жоғары қарқынмен дамып жатқанын анық көрсетті. Отандық және халықаралық туристік компаниялардың жасаған болжамына сүйенсек, алдағы шуақты жаз айлары мен күз мезгілінде келушілердің қатары бұдан да ұлғайып, рекордтық көрсеткіштерді жаңартады деп күтілуде. Осылайша, тарих пен тағылымның алтын діңгегі болған Түркістан бүгінде тек қана Қазақстанның емес, тұтас түркі дүниесінің ең басты, ең қасиетті рухани орталықтарының біріне айналып, өзінің тарихи миссиясын абыроймен атқарып келеді.