САММИТ ҚОРЫТЫНДЫСЫ МЕН ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан топырағында тарих пен болашақ үндесіп, руханият пен экономиканың егіз өрілген жаңа дәуірі басталды. Шаһардың сәулетіне сәулет қосқан жаңа этно-туристік кешенде өткен алқалы жиын — осы сөзіміздің айқын дәлелі. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің беткеұстар зиялы қауым өкілдерімен, кәсіпкерлерімен, жастарымен және қоғамдық істе белсенді азаматтармен жүздесіп, еркін форматта келелі басқосу өткізді. Бұл кездесу жай ғана есеп беру емес, Түркістанның жаһандық аренадағы жаңа белесін бағамдаған, аймақ экономикасының ертеңгі бағытын айқындаған жасампаз сәт ретінде есте қалды.
Алқалы жиын барысында облыс басшысы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммитінің Түркістан төрінде жоғары деңгейде өткенін мақтанышпен тілге тиек етіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыс халқына жолдаған ыстық ілтипаты мен шынайы алғысын жеткізді, өңірдің дамуы үшін түн ұйқысын төрт бөлген әрбір азаматқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, тарихи саммиттің қорытындыларына терең тоқталып, өңірдің инвестициялық әлеуеті мен экономикалық мүмкіндіктерінің жаңа көкжиегі жөнінде кеңінен баяндады.
Облыс басшысы биылғы жылдың Түркістан үшін өте берекелі, елеулі оқиғаларға толы болғанын атап өтті. Саяси сахнадағы соны соқпақтардың басы ретінде үстіміздегі жылдың 15 наурызында облыс халқы қоғамдық-саяси жағдайға үлкен белсенділік танытып, жалпыхалықтық референдумға қатысып, өздерінің тарихи таңдауын жасағанын еске салды. Одан кейін, ұлттың ұлыс күні – Наурыз мейрамында Мемлекет басшысының арнайы Түркістан қаласына ат басын бұрып, аймақ тұрғындарымен етене жүздесуі де оңтүстік жұртына деген ерекше ықыластың белгісі еді. Ал 15 мамырда түркі әлемінің рухани астанасы – қасиетті Түркістан төрінде бес мемлекет басшысының қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының тарихи бейресми саммиті өтті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жаһандық жиынның қорытындысы бойынша Түркістан облысында атқарылған ауқымды дайындық жұмыстарына өте жоғары баға беріп, өңір тұрғындарына және осы маңызды шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға ерекше ризашылығын білдірген болатын. Бұл, ең алдымен, көне шаһардың халықаралық аренадағы биік абыройының асқақтағанын және ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен әрбір жанның маңдай теріне берілген әділ баға.
Түркістан өзінің жаһандық деңгейдегі ауқымды іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатын стратегиялық және мәдени-рухани орталық екенін әлем жұртшылығының алдында тағы бір мәрте дәлелдеп шықты. Осы ретте, Президентіміздің Түркістан қаласына айрықша мәртебе беріп, өңірдің дамуын жіті бақылауда ұстап отырғаны аймаққа үлкен серпін береді. Жоғары деңгейдегі саммитті дәл осы киелі мекенде өткізу туралы бастамасы шаһардың тарихи рөліне деген зор сенімнің айқын көрінісі екені даусыз. Бұл ретте, халықаралық шара барысында қоғамдық қауіпсіздікті кірпік қақпай қамтамасыз еткен құқық қорғау және әскери сала өкілдеріне, түн баласы тыным таппаған медицина мен коммуналдық қызмет мамандарына, жүрегі елім деп соққан еріктілер мен мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ кең пейілді, қонақжай Түркістан жұртшылығына облыс басшысы өз атынан шынайы алғысын жаудырды.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, өңірде экономиканы әртараптандыру, отандық өндірістің көсегесін көгерту, сырттан инвестиция тарту және импортты алмастыру бағытында бұрын-соңды болмаған ауқымды жұмыстар атқарылды. Билік өкілдері бірінші кезекте, республика мен облыстың тауар айналымына, сондай-ақ өңірдің шикізаттық әлеуетіне өте кешенді әрі терең талдау жүргізді. Осы жүйелі жұмыстың нәтижесінде, өткен 2025 жылы өңірдің сыртқы тауар айналымы 3,5 миллиард АҚШ долларына жетіп, өсім қарқыны 34,6 пайызды құрады. Қуантарлығы сонда, соңғы үш жылдың бедерінде экспорт көлемі 142 пайызға бір-ақ ұлғайып, 2025 жылы 1,8 миллиард АҚШ долларының алып межесіне жеткен. Сыртқы сауда-саттықта облыстың негізгі 5 стратегиялық серіктес мемлекеті нақты айқындалды, олар – Ресей, Қытай, Өзбекстан, Германия және Чехия елдері. Жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесінде, өңір экономикасының сыртқы саудадағы құрылымында экспорттың негізгі үлесі әлі де болса өңделмеген бастапқы шикізат тауарларына тиесілі екені байқалған. Атқарылған бұл үлкен талдау жұмыстары өңір экономикасының әлсіз тұстарын дөп басып анықтауға және шикізаттық экспорттан жоғары деңгейде өңделген, қосымша құны жоғары дайын өнім шығаруға көшу бойынша нақты стратегиялық шараларды қабылдауға даңғыл жол ашып берді.
Қазіргі таңда Түркістан облысы сырттан келген инвесторларға тек жер телімін ұсынып қоюмен шектелмейді, оларға нарықтың сыйымдылығы, шикізат көлемі мен қаржылық көрсеткіштері егжей-тегжейлі есептелген дайын жобаларды тарту етеді. Осыған орай, облыс әкімі барлық аудан және қала әкімдеріне осы дайын шикізаттық талдаулар мен бизнес-кейстерді негізге ала отырып, өз аумақтарына импортты алмастыратын инвестиция тартуды шегелеп тапсырды.
Түркістан – еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы теңдессіз көшбасшы өңірі екені баршаға мәлім. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2,5 миллиард АҚШ долларын құрап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Өңір ақ алтын – мақта өсіру және оны терең өңдеу, сондай-ақ дәмді жеміс-жидек, бақша және ет өнімдерін экспорттау бойынша республикада көш басында тұр. Облыстағы заманауи жылыжайлардың жалпы аумағы 1 007 гектарға жетіп, республикалық үлестің 72 пайызын жалғыз өзі иеленіп отыр. Сонымен қатар, Түркістан облысы уран өндіру және оны өңдеу бойынша тек республикада ғана емес, бүкіл әлемде бірінші орында тұрған бірегей аймақ. Облыс қойнауындағы пайдалы қазбалар мен мол шикізаттық әлеует өңірде іске қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға және қуатты индустриялық кластер қалыптастыруға толық мүмкіндік береді. Осы шикізатты тек шикі күйінде сатпай, терең өңдеуді дамыту арқылы өңір кәсіпорындарының табыстылығын 3-тен 5 есеге дейін арттыруға толық негіз бар. Осы ретте, импортты алмастыру және шикізатты терең өңдеу мақсатында облыстың әрбір ауданы мен қаласының өзіндік ерекшелігіне қарай арнайы 40 инвестициялық тизер әзірленіп, инвесторларға арналған дайын бизнес-кейстер сәтті қалыптастырылды. Іскер азаматтарды қолдау және жобалардың жедел жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда толықтай инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, дайын өндірістік алаңдар тұр.
Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақтарда жалпы құны 976,4 миллиард теңгеге бағаланатын және 7 025 тұрақты жұмыс орнын ашатын, ал индустриялды аймақтарда 132,3 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, облыста шағын және орта бизнестің тамырына қан жүгірту мақсатында 214 гектар аумаққа 25 шағын өндірістік алаң құрылды. Бұл бағытта жалпы сомасы 192 миллиард теңгенің инвестициялық жобалары іске асырылып, нәтижесінде 5 218 жаңа жұмыс орны пайда болды. Осы игі бастама аясында өңірдің барлық аудандарында 258 өндірістік ғимараттың құрылысы өте қарқынды жүргізіліп жатыр. Сырттан келетін дайын тауарларға тосқауыл қойып, импортты алмастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жалпы құны 176 миллиард теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске асырылды. Оның ішінде, жүгеріні терең өңдеу, түрлі-түсті сусындар, жіп иіру, ламинат, тоңазытқыш жабдықтары мен газ қазандықтарын өндіру, сондай-ақ бірреттік ыдыс-аяқ пен орау материалдарын, яғни скотч шығару, алюминий бұйымдарын өндіру жобалары сәтті іске қосылды. Бұдан бөлек, өңірде әлемге танымал «John Deere» және «Lovol» ауыл шаруашылығы техникалары мен заманауи дрон өндірісі, бояу-әрлеу, іргелі тігін және джинс маталары өндірісі, химия өндірісінің негізі саналатын күкірт қышқылы және карбамид өндірісі, биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер өндірісі, сондай-ақ ірі қара мал сүйегінен май мен пептон компоненттерін өндіретін, жалпы құны 280 миллиард теңгені құрайтын тағы 39 ірі жоба жүзеге асырылуда. Атқарылған осынау жасампаз жұмыстар бүгінде өзінің жемісті нәтижесін анық көрсетіп отыр.
Өткен 2025 жылы облыс экономикасына 1,7 триллион теңгеге жуық қыруар инвестиция тартылып, өсім қарқыны 121,6 пайызды құраған болатын. Сол өткен жылы жалпы құны 340 миллиард теңгені құрайтын 58 ірі инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл да осы алған жоғары қарқынды сақтап, облысқа тағы да 1,7 триллион теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл биік көрсеткішке жалпы құны 369 миллиард теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны толық жүзеге асыру есебінен қол жеткізіледі. Атқарылған ауқымды жұмыстар өңірдің макроэкономикалық даму динамикасына тікелей оң әсерін тигізді. Мәселен, осы жылғы алғашқы 4 айдың қорытындысы бойынша өңір экономикасының өсімі 125,2 пайызды құрап, республикада тағы да бірінші орынға шықты. Өңірдің даму әлеуетін ескере отырып, 2026-2029 жылдарға жалпы құны 2,7 триллион теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаның алып пулы қалыптастырылды. Нәтижесінде, 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, мемлекет қазынасына 100 миллиард теңге салық түспек. Осы жоспарланған жобаларды жүзеге асыру есебінен, алдағы 5 жылда жалпы өңірлік өнім көлемін 2,7 есеге арттыру, ал облыстың өзіндік кірістерін 2,3 есеге ұлғайту көзделіп отыр. Бұл бағыттағы қажырлы жұмыстардың түпкі мақсаты – бәсекеге қабілетті, отандық өндірісі дамыған, инвестиция тартуға барынша қолайлы және халықтың әл-ауқаты тұрақты өсетін қуатты өңір қалыптастыру болып табылады. Мәжілісте өңірдің инвестициялық тартымдылығы, ауыл шаруашылығы мен өндіріс салаларын дамыту бағыттары жан-жақты талқыланды. Жиын барысында зиялы қауым өкілдері, ғалымдар және кәсіпкерлер саммит нәтижелеріне қатысты өздерінің оң пікірлерін білдіріп, өңір экономикасының даму перспективалары жөнінде мазмұнды ой бөлісті. Сондай-ақ, қатысушылар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын жеткізіп, өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін бірауыздан мәлімдеді.




