ЯСАУИ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ КАПСУЛАСЫ САЛЫНДЫ

Күллі түркі дүниесінің рухани астанасы — киелі Түркістан шаһары тағы бір тарихи сәттің куәсі болды. Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми Саммиті аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қабырғасында зор қуаныш болып, Ясауи ғылыми-зерттеу институты ғимаратының алғашқы капсуласы салтанатты түрде қойылды. Бұл игі бастама – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы наурыз айындағы Түркістанға сапары мен Ұлттық құрылтай мінберінен жүктеген салмақты міндеттерінің заңды да жарқын жалғасы.
Президент әу бастан-ақ Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын терең зерделеп, жас ұрпақтың санасына сіңіру, сондай-ақ Түркістанды халықаралық деңгейдегі ғылыми-рухани орталыққа айналдыру ісіне баса мән берген еді, міне, сол сөздің іске асқан сәтіне куә болып отырмыз. Ынтымағы жарасқан қос бауырлас елдің игі жақсылары жиналған бұл жиынның мәні де, сәні де бөлек болды. Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым, Түркия Республикасының Ұлттық білім министрі Юсуф Текин, Өнеркәсіп және технология министрі Мехмет Фатих Каджыр, Сауда министрі Өмер Болат бастаған лауазымды тұлғалар мен қос елдің зиялы қауым өкілдері, белгілі ғалымдары қатысты.
Болашақта бой көтеретін бұл еңселі ғимарат жай ғана тас пен кірпіштен қаланған нысан емес, ол — түркі өркениетін, сопылық ілімнің терең иірімдерін және бауырлас халықтардың тарихи-мәдени сабақтастығын түгендейтін халықаралық деңгейдегі ірі ғылыми-академиялық мекен болмақ. Осынау білім ордасында Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық мұрасы, түркі дүниесінің тарихы, әдебиеті мен өркениеті кешенді түрде, жаңа заман тұрғысынан зерттелмек. Институт базасында археографиялық жұмыстар жанданып, көне дәуірдің хаттары мен сирек қолжазбалары, тарихи деректері жинақталып, цифрландыру форматы арқылы ғылыми айналымға енгізіледі. Сонымен қатар отандық және шетелдік халықаралық деңгейдегі ғалымдардың басын қосатын симпозиумдар мен ғылыми тағылымдамалар да осы жерде ұйымдастырылады.
Алты қабаттан тұратын, жалпы аумағы 13 мың шаршы метрден асатын бұл зәулім кешеннің ішкі құрылымы да кез келген зерттеушінің шабытын оятары хақ. Мұнда Теология факультеті, Лингвистика орталығы, Түркология және Ясауитану институттары, заманауи зертханалар, қолжазбалар музейі мен көрме залы қатар өріледі. Сонымен бірге 420 орындық кең конференция залы, оқу аудиториялары мен жас ізденушілерге арналған арнайы алаңдар қарастырылған. Болашақта бұл кешен 1500-2000 студентке арналған заманауи білім беру және ғылыми-зерттеу орталығы ретінде ел игілігіне жарамақ. Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) демеушілігімен қолға алынған бұл жоба Қазақстан мен Түркия арасындағы алтын көпірді бекіте түсіп, Түркістанның халықаралық аренадағы беделін асқақтата бермек.




