ШИКІЗАТСЫЗ ШИРЫҚҚАН ЭКОНОМИКА

сыртқы саудада серпіліс байқалады

Еліміздің сыртқы сауда саласында іргелі өзгерістер байқалады. Ылғи мұнай мен газдың бағасына телміріп, шикізаттың жетегінде кететін әдеттен біртіндеп арыла бастаған сыңайлымыз. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткіштер көңілге үміт ұялатады. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің таратқан соңғы деректеріне құлақ түрсек, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында шикізаттық емес тауарлар бойынша сыртқы сауда айналымы 20,4 миллиард АҚШ долларын бағындырып үлгерген екен. Бұл — өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда сауда-саттықтың 13,5 пайызға артқанын көрсететін салмақты цифр. Демек отандық өндірістің тамырына қан жүгіріп, сыртқы нарыққа шығаратын өнімдеріміздің сапасы мен сұранысы арта түскенін аңғару қиын емес.

Ең маңызды жаңалық — шикізаттық емес экспорттың екпінінде болып тұр. Таза дайын немесе өңделген өнімдеріміздің шетелге жөнелтілу көлемі бірден 23,4 пайызға еселеніп, 6,9 миллиард АҚШ долларына жеткен. Мұндай ілгерілеу сыртқы сауда құрылымында бұрыннан қалыптасқан соқыр соқпақтың өзгеріп, экономиканың сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріле бастағанын байқатады. Бүгінгі таңда қазақстандық экспорттың ажарын кіргізіп, негізгі драйверге айналған өнімдердің сапында мыс пен мыс катодтары, күміс, уран, ферроқорытпалар, мал азығына арналған өнімдер және күнбағыс майы тұр. Әсіресе, дастарханымыздың берекесі болған күнбағыс майының халықаралық нарықтағы бағы жанғаны қуантады. Сұраныстың артуы арқасында бұл өнімнің экспорты шамамен 60 пайызға бір-ақ көтеріліп, 277,8 миллион АҚШ долларын құрады. Мұның өзі қазақстандық агроөнеркәсіп кешенінің, оның ішінде қайта өңдеу саласының бәсекелік қабілетінің қаншалықты шыңдалғанын көрсетеді. Тек ауыл шаруашылығы емес, ауыр өнеркәсіп те аяғынан нық тұрған сыңайлы. Ферроқорытпалар экспортының 20,1 пайызға ұлғаюы металлургия саласының әлеуетін аңғартып қана қоймай, отандық өнеркәсіп өнімдерінің әлемдік картадағы географиялық ауқымын барынша кеңейте түскенін дәлелдейді.
Әлемдік нарықта бір ғана серіктеске басыбайлы байланып қалмай, сауда соқпақтарын әртараптандыру — кез келген мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігінің кепілі. Бұл ретте Қазақстан өзінің көпвекторлы және теңгерімді сауда құрылымын сәтті сақтап келеді. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, шығыстағы айбарлы көршіміз Қытай Халық Республикасы еліміздің ең ірі сауда серіктесі ретіндегі позициясын нығайта түсті. Екі ел арасындағы тауар айналымы 7,8 миллиард АҚШ долларына жетіп, жалпы сыртқы сауда көлемінің 23,8 пайызын еншілеген. Ал теріскейдегі көршіміз Ресей Федерациясы 6,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын сауда деңгейімен екінші орынды тұрақты сақтап тұр. Ресей біз үшін импорт пен өнеркәсіптік кооперация бағытындағы ең маңызды әріптестердің бірі болып қала бермек.
Сонымен қатар Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің сапында Италия, Түркия және бауырлас Өзбекстан мемлекеттері де ерекше белсенділік танытуда. Соның ішінде Еуропа төріндегі Италиямен арадағы байланыстың орны бөлек. Бұл елмен тауар айналымы 3,4 миллиард АҚШ долларынан асып жығылса, соның 3 миллиард доллардан астамы таза қазақстандық экспортқа тиесілі екені мақтаныш сезімін тудырады. Бұл көрсеткіштер еліміздің тек шикізат тасушы ғана емес, әлемдік нарықта өз сөзі мен өзіндік өнімі бар салмақты ойыншыға айналып келе жатқанын айғақтайды. Көш ілгері жылжып келеді, ендігі мақсат — осы екпінді бәсеңдетпей, шикізаттық емес экспорттың үлесін бұдан да жоғары деңгейге көтеру болмақ.

С.НҰРАЙ.