«ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ ОРНАҒАН ҚОҒАМДА ХАЛЫҚТЫҢ МҮДДЕСІ БІРІНШІ ОРЫНДА ТҰРАДЫ»

Шымкент – заман ағымына сай дамып, жаңарып келе жатқан шаһар. Бұған дейін Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов қаланың өндірістік әлеуеті, жаңадан ашылған экосаябақтар мен скверлер, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тың жобалар, қала берді, «Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы мемлекеттік мүддені қорғау, жаңа Конституция турасында «Шымкент келбеті» газетіне сұхбат берген болатын. Газетіміздің бұл жолғы санында аталған сүбелі сұхбатты сол қалпында оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

– Бахадыр Мәдәліұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірлердегі жергілікті биліктің алдында тұрған ең негізгі міндет – экономикаға инвестиция тарту, сол арқылы тұрақты жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыру екенін атап өткен болатын. Шымкент қаласында бұл міндет ойдағыдай жүзеге асып жатыр деп айта аламыз ба?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген стратегиялық бағыт бүгінгі таңда еліміздің даму бағдарының өзегіне айналды десек, артық айтқандық емес. Президент бастамасымен тек саяси-құқықтық салада ғана емес, сонымен қатар ауқымды экономикалық реформалар да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде ұлттық экономика біртіндеп шикізаттық тәуелділіктен арылып, құрылымы күрделеніп, әртараптандырылған жаңа сапалық деңгейге көтеріліп отырғанын анық аңғаруға болады.
Бұл үрдіс Шымкент қаласында да өз жалғасын тауып отыр. Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларына сәйкес, біз ең алдымен экономикалық өсімді қамтамасыз ететін өндіріс орындарын ашуға, инвестиция тартуға, адами капиталды дамытуға және қала тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға басымдық беріп келеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласы мәслихаты мен қала әкімдігінің өзара үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қаланың экономикалық өсімі 16,7 пайызды құрап, республика өңірлері арасында екінші орынға шықты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 триллион 528,8 миллиард теңгеге жетіп, 13,3 пайызға артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өсімі 15,4 пайызды құрады. Бұл – қаланың өндірістік әлеуеті нығайып, қосылған құны жоғары өнімдер үлесінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Инвестиция көлемі 859,5 миллиард теңгеге жетіп, 7,5 пайызға ұлғайды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 388,2 миллиард теңгені құрап, 20,3 пайызға артты. Ал, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 1 миллион 382 мың шаршы метрге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда өсім бар.
Индустриялық аймақтар бұл өсімнің негізгі драйверіне айналып отыр. Бүгінде 8 өндірістік аймақта 393,5 млрд теңгенің 330 жобасы іске асырылып, 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бұл алаңдар әрбір бюджет теңгесіне 8,8 теңге жеке инвестиция тартып, өз тиімділігін дәлелдеп келеді.
Соңғы үш жылда қала экономикасына 2,3 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылып, оның басым бөлігі жеке сектор есебінен қамтамасыз етілді. Ірі халықаралық жобалар да жүзеге асуда. Атап айтқанда, түркиялық Alsera KZ компаниясының жылыжай кешені іске қосылып, алғашқы өнімін берді. Сонымен қатар, польшалық Fabe Agro компаниясымен жоғары технологиялы жылыжай жобасы, қытайлық SHAANXI CONSTRUCTION ENGINEERING компаниясымен электр энергиясын өндіру жобасы жүзеге асырылуда.
Оған қоса қаланың бюджеті де тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2025 жылы бюджет көлемі 887,6 миллиард теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 96,2 миллиард теңгеге немесе 12,1 пайызға артты. Әсіресе, өзіндік кірістердің 500,5 миллиард теңгеге дейін ұлғаюы – қаланың экономикалық дербестігі артып келе жатқанының айқын дәлелі.
Жалпы алғанда, бұл көрсеткіштер Шымкент қаласының инвестиция үшін тартымды әрі әлеуеті жоғары өңір екенін айғақтайды. Бүгінде қала әкімдігі инвесторлармен тығыз байланыс орнатып, оларға жан-жақты қолдау көрсету бағытында нақты жұмыстар жүргізуде. Осылайша, Шымкент – іскерлік бастамаларға кең жол ашылған, инвестицияға ашық әрі қарқынды дамып келе жатқан мегаполис ретінде қалыптасып келеді.

– Шымкент қаласында тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасып келе жатқанын, қаланың қарбалас тіршілігінен бір мезгіл демалып, аллеялар мен гүлзарлар көбейіп келе жатқанын көріп отырмыз…
– Дұрыс айтасыз, Шымкент секілді халқы миллионнан асқан ірі шаһар үшін тазалық, көгалдандыру және абаттандыру – күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе. Бұрын қаладағы көптеген көп қабатты үйлердің тұрғындары үшін кешкісін таза аулаға шығып, бір сәт тынығып қайту, балалардың қауіпсіз ойын алаңында ойнауының өзі қиын болғаны рас. Соңғы жылдары бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Бүгінде қала келбеті айтарлықтай өзгерді. Көптеген гүлзарлар мен аллеялар ашылып, шағын субұрқақтар орнатылып, тұрғындардың демалуына қолайлы қоғамдық орындар көбейді. Мәселен, өткен жылы жаңадан 45 сквер салынып, олардың жалпы саны 90-ға жетті. Бұрын қоқыс полигоны болған 45 гектар аумақта бүгінде «Экосаябақ» құрылысы жүріп жатыр. Бұл жерде амфитеатр, жасанды су айдындары, спорт және жаяу жүргіншілер аймақтары қарастырылған.
«Тазалық – саулық кепілі» дейді халқымыз. Осы ұстаным аясында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына Шымкентте 659 мыңнан астам адам қатысып, 152 мыңға жуық көшет отырғызылды, 31 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бұл – тек санитарлық тазалық емес, қоғамдық мәдениеттің де көрінісі.
Қаланы көгалдандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. 27 магистральды көшеге 500 мың шаршы метр газон егіліп, автоматтандырылған суару жүйелері енгізілді. Сонымен қатар, ұзындығы 85 шақырымды құрайтын 13 негізгі көшеде ирригациялық жүйелер іске қосылды. Қошқар ата өзенінің 3,5 шақырым жағалауы абаттандырылып, тұрғындардың серуендеуіне жайлы орта қалыптасты.
Қаланың көркін арттыратын заманауи шешімдер де енгізілуде. Алғаш рет «Көл» аумағында лазерлік және отты шоумен үйлескен ерекше субұрқақ іске қосылса, Шымкент Сити саябағында бейнепроекциямен жабдықталған музыкалық фонтан пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, демеушілер есебінен қалада 16 жаңа субұрқақ салынды.
Жалпы, мұндай жұмыстардың барлығы тек сыртқы көрініс үшін ғана жасалып жатқан жоқ. Тұрғындар осындай таза, жайлы орындары көргенде көзі қуанып, көңіл-күйі көтеріліп қалатыны рас. Ал, көңіл-күйі көтеріңкі адамның жүйкесі орында болады, ондай адам күйзеліске түсуге бейім бола бермейді. Бұл – бір. Екінші жағынан жасыл желекті аумақтарды кеңеюі, ағаштардың көбеюі қоршаған ортаға, ауаның тазалығына да оң әсер ететіні белгілі. Яғни, қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары тұрғындардың көңіл-күйі мен денсаулығына жақсы әсер етіп, өмір сүру сапасын жақсартады.
Жалпы, тұрғындардың өмірін жайлы әрі қауіпсіз ету мақсатындағы жұмыс абаттандыру, көгалдандыру мәселесімен ғана шектелмейді. Қала әкімдігімен бірлесіп, әртүрлі тың шешімдер қабылданып жатыр. Мәселен, өткен жылы 5 өрт сөндіру депосының құрылысы басталған. Қазір Таскен, Сәуле және Елтай елді мекендеріндегі өрт сөндіру деполары іске қосылды.
Мұны неге ерекше бөліп айтып отырмын? Себебі, бұл жәй өрт сөндіру депосы емес, онда төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары, полиция мен жедел жәрдем қызметі де бірге жұмыс істейді. Мұндайды осыдан бірнеше жыл бұрын Грузияның Боржоми қаласында көрген едім. Егер бір жерде өрт шықса, ол жерде адамдарды күйік шалуы, түтінге тұншығуы әбден мүмкін ғой. Сондықтан өрт сөндірушілермен бірге жедел жәрдемнің барғаны өте орынды. Сондай-ақ, өрт қылмыстық әрекеттің салдарынан шыққан болса, ол жерде полицияның да жұмыс істеуі заңдылық. Төтенше жағдай кезінде әрбір минуттың қымбат екенін ескерсек, адамдар әр қызметке бөлек-бөлек телефон соғып отырмай, барлығын бір ғана қоңыраумен шақырғаны тиімдірек. Яғни, осының бәрі тұрғындардың игілігі үшін істеліп жатқан жұмыс.

– Сіз Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі болдыңыз. Осындай тарихи оқиғаның бел ортасында болып, қызмет атқару зор мәртебе емес пе? Жаңадан қабылданған Конституция еліміздің дамуына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Мемлекет басшысы айтқандай, бұл шын мәніндегі халықтық Конституция болды. Ең алдымен, жаңа Конституцияның жобасын әзірлеу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып, сала мамандары, заңгерлер мен сарапшылар бірнеше ай бойына күні-түні жұмыс істеді. Одан кейін Президент Жарлығымен арнайы комиссия құрылып, Ата Заңымыз жалпыхалықтық талқылауға ұсынылды. Комиссияның құрамында бірнеше жоғары оқу орнының басшылары болды. Олардың әрқайсысында заң факультеттері бар екенін ескерсек, Негізгі заң ғылыми қауымдастықтың назарынан тыс қалған жоқ. Одан бөлек комиссия құрамында барлық саяси партиялардың, әлеуметтік топтардың және өңірлердің өкілдері болды. Комиссияның қарауына 10 мыңнан астам азаматтан түрлі ұсыныстар мен пікірлердің келіп түсуі жаңа Конституцияны қабылдауға бүкіл қоғамның белсенді атсалысқанын айғақтайды. Соның нәтижесінде республикалық референдумда халқымыз өз болашағын өзі айқындап, жаңа Конституцияны қабылдады.
Жаңа Ата Заң биыл 1 шілде күні күшіне енетіні белгілі. Қазір Парламент жаңа Конституцияның толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін құқықтық-нормативтік актілерді қабылдау бойынша жұміс істеп жатыр. Жаңадан сайланатын Құрылтайды да бұл бағытта ауқымды жұмыс күтіп тұрғаны анық.
Дегенмен, қазірдің өзінде біздің қоғамда жаңа Конституцияның рухы айқын сезіліп отыр. Себебі, жаңа Ата Заңның негізінде «Заң және тәртіп» қағидасы, заң үстемдігі жатыр. Сонымен қатар «биліктің қайнар көзі халық», «жер мен оның қойнауындағы байлықтың иесі халық» деген тұжырымдар да жаңа Конституциядан айқын көрініс тапқан. Бұл Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының билікке келген күннен бастап басшылыққа алған ұстанымдары мен қағидалары, сол себепті оның жүзеге асып жатқанын қоғам өмірінен анық байқаймыз.
«Заң және тәртіп» қағидасының қоғамдық санаға орнығып, кез-келген мәселеде заң үстемдігінің салтанат құруы жеке адамның құқығы мен бостандықтарын қорғауға да, сондай-ақ, қоғамның ортақ мүдделерінің де қорғалып, бүкіл халыққа ортақ мәселелердің де заң аясында оң шешімін табуына жол ашып отыр.

– Осы орайда, Шымкент қаласы әкімдігі мен «Су ресурстары Маркетинг» компаниясы арасындағы жақында аяқталған сот процесінің нәтижесін де қоғамдағы заң үстемдігінің салтанат құруы деп бағалауға бола ма?
– Бұл жерде бір мәселенің басын ашып айту керек. Сот процесі әкімдік пен жеке компанияның арасында болғанымен, онда әкімдіктің емес, мемлекеттің, яғни, жалпы қала халқының мүддесі қорғалды. Жалпы, кез келген мемлекеттік орган, мейлі ол әкімдік болсын, ол прокуратура болсын, жалпы, мемлекеттік басқару жүйесін тұтастай алсақ та, оның түпкі мақсаты мемлекеттік мүддені қорғау, халыққа қызмет ету екенін түсінуіміз керек.
Ал, «Су ресурстары Маркетинг» компаниясына келер болсақ, әкімдіктің ресми сайтында бұл туралы нақты деректер келтіріліп, кең хабарлама берілген болатын. Атап айтсақ, кешегі тоқсаныншы жылдары Шымкент қаласын ауыз сумен қамтамасыз ететін су жинау және су бұру нысандары заңсыз жекешелендірілгені анықталды. Сөйтіп, сол кезде әкімдік пен компания арасында жасалған келісімшарттар сот шешімімен жарамсыз деп танылып, стратегиялық маңызға ие нысандар заңға сәйкес мемлекеттің меншігіне қайтарылды.
Бұл нысандардың жеке меншікте болғаны не себепті дұрыс емес? Себебі, Ақбай-Қарасу, Бадам-Сайрам, Қызылсай және Тассай су жинау нысандарының жеке меншікте болуы, ең алдымен, халықтың қауіпсіздігіне қатер төндіру ықтимал. Айтқан жерден аулақ бүкіл қалаға тіршілік нәрін тарататын бұл нысандардың біреуі ластанса немесе оған улы зат түссе миллиондаған адамның денсаулығына қатер төнеді. Екіншіден, бүкіл қалада ауыз судың берілуі тоқтаса, бұл шаһардың экономикалық қауіпсіздігіне де қатер төндіруі әбден мүмкін. Қаладағы халыққа қызмет ететін әлеуметтік нысандардың, мекемелер мен кәсіпорындардың жұмысы тежеліп, мұның арты үлкен гуманитарлық дағдарысқа әкелуі де мүмкін. Сол себепті ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесінің бастауында тұрған осы су жинау нысандары мен ол қоймалардан қалаға дейін суды жеткізетін магистралды құбырлардың мемлекеттің меншігінде болуы шарт.
Оның үстіне сот барысында «Су ресурстары – Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктесігінің қызметінде бірқатар заң бұзушылықтарды анықталған. Мәселен, халыққа берілетін ауыз судың тарифін көтеріп, содан түскен қаржыны инфрақұрылымды жаңартуға емес, жеке гидроэлектрстанцияға су жіберетін қысымды коллектор салған. Сөйтіп, ол станцияда өндірілген электр қуатын электр тасымалдаушы компанияға сатып отырған. Яғни, тарифтік түсімдерден түскен қаржы негізінен жеке компанияның мақсатына жұмсалған. Одан қала бюджетіне де, тұрғындарға да айтарлықтай пайда келмеген.
Одан бөлек компания басшылығы қала тұрғындарынан «құбырларға техникалық қызмет көрсету үшін» деп қаражат жинаған. Алайда, іс-жүзінде ондай қызмет толыққанды көрсетілмегені де анықталды. Су құбырларының тозу көрсеткіші 10,72 пайызға артық көрсетілген, бұл қосымша инвестициялық қаражат алуға негіз болған.
Түйіндеп айтқанда, бұл процесте әкімдіктің немесе басқа бір мемлекеттік органның емес, Шымкент қаласы халқының мүддесі қорғалып, заңға сәйкес тиісті шешім қабылданды. Бұл бір ғана мысал, жаңа Конституциямызда бекітілген «Заң және тәртіп» қағидасы арқылы елімізде барлық мәселелер заң аясында шешімін тауып, әрдайым қоғам мен мемлекеттің мүддесі бірінші кезекте тұратын болады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан, Айдар ҚҰЛЖАНОВ,
«Шымкент келбеті»
газетінің бас редакторы.