СУБҰРҚАҚТАР ШЫМКЕНТТІҢ СӘНІ МЕН СӘУЛЕТІН АЙҚЫНДАЙ ТҮСУДЕ

Шымкент қаласында субұрқақтар соңғы жылдары тек сәндік элемент қана емес, қаланың жайлы әрі тартымды ортасын қалыптастыратын маңызды инфрақұрылым нысанына айналды. Бүгінде мегаполис аумағында 65 нысанда орналасқан 86 субұрқақ қала келбетінің ажырамас бөлігі ретінде тұрғындар мен қонақтарға ерекше атмосфера сыйлап отыр. Олардың 41-і қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының теңгерімінде болып, жыл бойы бекітілген кестеге сәйкес тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеді.

Қала әкімдігі мен жауапты мекемелер үшін басты мақсат — тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, қоғамдық кеңістіктерді эстетикалық жағынан дамыту. Осы бағытта демеушілердің қолдауымен қосымша 18 жаңа субұрқақ салынып, пайдалануға берілді. Бұл бастама қаланың сәулеттік келбетін жаңартып қана қоймай, саябақтар мен демалыс аймақтарының тартымдылығын арттыруға оң әсер етті. 2025 жылы субұрқақтарды күтіп-ұстау және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын «Alem Energo Stroy» жауапты мердігер мекемесі жүзеге асырды. Мердігер ұйым өз қаражаты есебінен 5 субұрқақты қайта құрып, олардың жұмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жаңғырту шараларын жүргізді. Сонымен қатар 93 сорғы жаңартылып, субұрқақтардың үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалды.
Маусым бойы қаладағы субұрқақтарға тұрақты күтім жасалып отырды. Ай сайын кемінде үш рет жуылып-тазартылып, суы жаңартылып тұрды. Бұдан бөлек, сынған бөлшектер мен гранит тақтайшалар ауыстырылып, істен шыққан сорғылар мен жарықшамдар қалпына келтірілді. Мұндай жүйелі жұмыстар қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, субұрқақтардың ұзақ мерзім қызмет етуіне негіз болды. Қазіргі таңда басқарма теңгеріміндегі 41 субұрқақтың 29-ы жиналып, қысқы сақтауға қойылды. 5 субұрқақ ұңғыма арқылы жұмыс істейді, ал 7 субұрқақта жинау жұмыстары жүргізілді. Барлық нысандар белгіленген тәртіпке сай қысқы сақтауға қойылып, 2026 жылдың көктемінде қайта іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Субұрқақтарды күтіп-ұстау жұмыстары — қала инфрақұрылымын ұқыпты басқарудың және Шымкенттің көрікті келбетін сақтаудың маңызды бөлігі. Бұл жүйелі еңбек қаланың заманауи әрі жайлы орта ретінде дамуына, тұрғындардың демалыс мәдениетін арттыруға және мегаполистің эстетикалық тартымдылығын күшейтуге бағытталған нақты қадамдардың айқын көрінісі болып отыр.