БЫЛТЫР 16,8 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚ ҚАНДАС МӘРТЕБЕСІН АЛДЫ

Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап шетелдегі этникалық қазақтарды тарихи Отанына қайтару – ұлттық саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып келеді. Бұл үрдіс елдің демографиялық әлеуетін нығайтып қана қоймай, ұлттық бірегейлікті сақтауға және еңбек ресурстарын өңірлік тұрғыда қамтамасыз етуге ықпал етеді. 2025 жылдың қорытындысы қандастар көшінің әлі де өзектілігін көрсетіп отыр.

Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылы 16 805 этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, қандас мәртебесін алған. Ал 1991 жылдан бері республикаға оралған этникалық қазақтардың жалпы саны 1 миллион 164,8 мың адамға жетті. Бұл көрсеткіш Қазақстанның көші-қон саясаты ұзақ мерзімді әрі тұрақты бағытта жүзеге асып келе жатқанын аңғартады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанға келген қандастардың басым бөлігі көршілес және қазақ диаспорасы тығыз орналасқан елдерден көшіп келуде. Атап айтқанда 44,5 пайызы Өзбекстаннан, 44,1 пайызы Қытайдан, 4 пайызы Түрікменстаннан, 3 пайызы Моңғолиядан, 2,5 пайызы Ресейден және 1,9 пайызы басқа мемлекеттерден келген. Бұл құрылым қазақ диаспорасының географиялық орналасуын көрсетумен қатар, тарихи тұрғыдан қалыптасқан көші-қон арналарының сақталып отырғанын дәлелдейді. Өзбекстан мен Қытайдан келетін қандастардың үлесі жоғары болуы — осы елдердегі қазақ қауымының саны көптігімен және Қазақстанға көшуге деген ынтаның тұрақты болуымен байланысты.

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қандастардың жас құрылымы еңбек нарығы үшін маңызды фактор болып отыр. Еңбекке қабілетті жастағылардың үлесі 57,4 пайызды құрайды. Бұл көшіп келушілердің жартысынан астамы ел экономикасына тікелей араласа алатын жұмыс күшінің әлеуеті екенін білдіреді. Сонымен қатарғ 34 пайызы – еңбекке қабілетті жастан кіші балалар мен жасөспірімдер, 8,6 пайызы – зейнеткерлер. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың білім деңгейі де әртүрлі. 15 пайызы – жоғары білімді, 27,5 пайызы – орта кәсіби білімді, 51,2 пайызы – жалпы орта білімді, ал 6,3 пайызының мүлде білімі жоқ. Бұл көрсеткіштер қандастардың еңбек нарығына бейімделуі үшін кәсіби даярлық пен оқыту бағдарламаларының қажет екенін көрсетеді.

Ж.БАЛАУСА.