1-СЫНЫПҚА ҚАБЫЛДАУ НАУҚАНЫ ЖОСПАРЛЫ ТҮРДЕ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент қаласында жаңа оқу жылына дайындық аясында 1-сыныпқа қабылдау науқаны белгіленген тәртіпке сәйкес қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл үрдіс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылуда. Қабылдау мерзімі биыл 1 сәуірде басталып, 31 тамызға дейін жалғасады.

Жаңа оқу жылының басталуына орай, Шымкент қаласындағы 268 жалпы білім беру мекемесіне 27 546 баланы 1-сыныпқа қабылдау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда, яғни 2025 жылғы 1 сәуірден осы уақытқа дейін жалпы 21 097 өтініш тіркелген. Оның ішінде 16 893 өтініш электронды форматта, ал 4 204 өтініш қағаз түрінде тапсырылған. Бұл қабылдау жоспарының шамамен 76 пайызға орындалғанын көрсетеді. Білім беру тілі бойынша сұраныс та әртүрлі. Қазақ тілінде оқытатын сыныптарға 12 777 бала, орыс тілді сыныптарға 4 818 бала, ал өзбек сыныптарына 3 499 бала қабылданған. Бұл көрсеткіштер көпұлтты қала халқының тілдік сұраныстарын қамтитынын және ата-аналардың балаларын ана тілінде білім алуға ұмтылысын көрсетеді. Бірінші сыныпқа қабылдау ережесіне сәйкес, алты жасқа толған немесе ағымдағы жылы алты жасқа толатын балалардың ата-аналары мен заңды өкілдері баланы мектепке бере алады. Құжаттарды қабылдау екі форматта – электронды түрде eGov.kz порталы арқылы және қағаз түрінде тікелей мектепке тапсыру арқылы жүзеге асуда.
Мектеп әкімшіліктері мен білім басқармасы тарапынан ата-аналарға бағытталған ақпараттық түсіндіру жұмыстары белсенді ұйымдастырылуда. Барлық мектептерде арнайы жауапты мамандар бекітіліп, ата-аналармен апта сайын кездесулер өткізіліп келеді. Бұл кездесулер барысында қабылдау талаптары, қажетті құжаттар тізімі, құжаттарды тапсыру мерзімдері мен тәртібі егжей-тегжейлі түсіндірілуде. Сонымен қатар ақпараттық хабарламалар әлеуметтік желілер мен мектептердің ресми сайттарында үнемі жарияланып тұрады. Білім беру ұйымдарында қабылдау үдерісін жүйелі әрі сапалы жүргізу үшін тиісті әдістемелік қолдау көрсетілуде. Әр аптаның соңында статистикалық деректер жинақталып, талдау жасалады. Бұл шаралар қабылдау барысын бақылауға және қажетті жағдайда түзетулер енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ата-аналармен тиімді кері байланыс орнату мақсатында бірнеше арналар арқылы сұрақ-жауап жүйесі іске қосылған.
Жаңа оқу жылында әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларына да ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 және 2025 жылғы 8 мамырдағы №320 қаулыларына сәйкес, әлеуметтік осал санаттағы 56 430 оқушыға бір реттік 46 500 теңге көлемінде қаржылай көмек беру жоспарланған. Бұл көмекті атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және отбасы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен оқушылар алады. Осы мақсатта 2 млрд 623 млн 995 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Бұл қаражат арқылы әлеуметтік теңсіздікті азайту, аз қамтылған отбасылардың мектепке дайындығын жеңілдету және білімге тең қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Айта кету керек, 1-сыныпқа қабылдаудың мұндай ауқымды әрі жүйелі ұйымдастырылуы білім беру саласындағы цифрлық жүйелердің мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың нәтижесі болып отыр. Электронды форматта құжат тапсыру жүйесі ата-аналарға ыңғайлы жағдай жасап, процестің ашықтығы мен жеделдігін қамтамасыз етуде.
Құжаттарды қабылдау тамыз айының соңына дейін жалғасатындықтан, ата-аналарға балаларының мектепке уақытылы қабылдануы үшін қажетті құжаттарды алдын ала дайындап, мерзімді өткізіп алмауға кеңес беріледі. Қажетті құжаттар тізімі мен қабылдау тәртібі туралы толық ақпаратты eGov.kz порталынан немесе мектептердің ресми сайттарынан алуға болады. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек ресми түрде мәлімдеді. Ол өз сөзінде білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан өзгерістер мен бастамалардың басты мақсаты – сапалы біліммен қамтамасыз ету және әрбір баланың мектепке баруын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Жалпы алғанда, Шымкент қаласындағы 1-сыныпқа қабылдау науқаны – бұл тек оқушыны мектепке қабылдау шарасы ғана емес, бұл – әр баланың болашағына жасалған маңызды қадам. Білім беру саласындағы мұндай ұйымдасқан жұмыс – елдің ертеңі саналатын жас буынның лайықты білім алуына берік негіз қалайды.