ҚАЗАҚ ТІЛІ КУРСТАРЫ ТАМЫЗҒА ДЕЙІН ЖАЛҒАСАДЫ

Қазақстан қоғамы – көпэтносты қоғам. Елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің негізі – әр азаматтың мемлекеттік тілге деген құрметі мен оны меңгеруге ұмтылысы. Осы ретте Шымкент қаласы тіл саясатын жүзеге асыруда белсенділік танытып келеді. Шымкент қаласындағы Достық үйінде қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Есепбаева Гүлнар Асанқызының жетекшілігімен этнос өкілдеріне арналған қазақ тілі курстары табысты өткізіліп жатыр.
Курстардың басты мақсаты – мемлекеттік тілді меңгерту арқылы қоғамдағы ынтымақтастықты нығайту, тілдік ортаны кеңейту және азаматтардың тіл үйренуге деген қолжетімділігін қамтамасыз ету. Курс қарапайым (А1) деңгейіне негізделіп, күнделікті өмірде жиі қолданылатын «Ауа райы», «Дүкенде», «Жыл мезгілдері», «Мекен-жай», «Менің отбасым», «Жасыңыз нешеде?» сынды тақырыптар бойынша өтті. Бұл тақырыптар тіл үйренушілердің нақты өмірлік жағдайларда қазақ тілінде қарым-қатынас жасау қабілетін қалыптастыруға бағытталған. Оқу процесі интерактивті әдістермен, визуалды құралдармен және тәжірибелік жаттығулармен толықтырылып, қатысушылардың қызығушылығын арттыруға және сөйлеу белсенділігін оятуға сеп болды. Әр тақырып аясында тыңдаушылар жаңа сөздермен танысып, сөйлемдер құрауға машықтанып, өз ойларын қазақ тілінде еркін жеткізуге талпынды.
2025 жылдың 13 наурызында басталған бұл курс 21 тамызға дейін жалғасады. Яғни, төрт айлық мерзімге жоспарланған. Аптасына екі рет – сейсенбі және бейсенбі күндері өткізілетін сабақтар 34 дәрісті, яғни 102 академиялық сағатты қамтиды. Мұндай нақты жоспарланған оқу кестесі тіл үйренушілерге тұрақты дағды қалыптастыруға, алған білімін жүйелеуге мүмкіндік береді. Курстың ұзақтығы мен жүйелігі – тіл меңгеруде үздіксіздік пен бірізділік қағидасының сақталуын қамтамасыз етеді. Қысқа мерзімді емес, кезеңдік және тұрақты оқу форматы – білімнің терең әрі сапалы берілуіне жол ашады. Этнос өкілдеріне арналған мұндай курстардың ерекшелігі – олар тіл меңгерумен қатар қоғамдық интеграцияға, азаматтық ұстанымды қалыптастыруға, мәдени көптүрлілікке құрметпен қарауға негізделеді. Қазақ тілі – бұл тек тілдік қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттық сана мен тарихи жадты жеткізуші, біртұтас қоғам қалыптастырушы фактор. Курсқа қатысушы этномәдени бірлестік мүшелері тек сөз жаттап қоймай, қазақ халқының өмір салты, салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігімен таныса отырып, өзара түсіністік пен құрметті тереңірек сезінуге мүмкіндік алады. Мұндай сабақтар – этностар арасындағы рухани көпір.
Курсты жүргізіп отырған тәжірибелі маман – Есепбаева Гүлнар Асанқызы. Оның әдістемелік шеберлігі мен оқыту стилі тыңдаушылар арасында үлкен қызығушылық тудырып, қатысушылардың белсенділігін арттырып отыр. Оқытушының әрбір сабақты түсінікті, қарапайым тілмен жеткізе білуі әрі теорияны практикамен ұштастыру тәсілдері – тіл үйренушілердің нәтижеге қол жеткізуіне зор ықпал етуде. Шымкент қаласында этнос өкілдеріне арналған қазақ тілі курстары – елдегі мемлекеттік тіл саясатының өміршеңдігін, қоғамдық келісім мен ұлт бірлігін қамтамасыз етудегі пәрменділігін көрсететін нақты мысал. Тіл – қоғамның біртұтас тіні. Оны меңгеру – ортақ болашаққа апарар сенімді қадам. Достық үйінде өткен бұл курс – тек тілді үйрену ғана емес, жүректерді жақындату, мәдениеттерді ұштастыру, рухани байланыс орнату. Осындай бастамалар жалғасын тауып, әрбір азамат қазақ тілін өмірлік қажеттілік ретінде қабылдайтын деңгейге жетсе елдік мүдде орындалады.




