БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ: ЖҮЙЕЛІ ШАРАЛАР МЕН НАҚТЫ НӘТИЖЕЛЕР САРАПТАЛДЫ

Балалардың өмірі мен қауіпсіздігі – қоғамның, мемлекеттің басты құндылықтарының бірі. Әсіресе қазіргі уақытта кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету, құқықбұзушылық пен өзіне-өзі қол жұмсау, ерте жүктілік сынды күрделі әлеуметтік мәселелерге тосқауыл қою – барша мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың басымдығы. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Жақында Түркістан қаласында облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында бірқатар өзекті мәселелер талқыланып, атқарылған жұмыстар қорытындыланып, болашақ міндеттер айқындалды. Комиссия отырысына облыстық құқық қорғау органдары, білім және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, аудандық және қалалық комиссия төрағалары мен хатшылары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары, аталмыш комиссияның төрағасы Бейсенбай Тәжібаев ашып, жүргізді. Оның айтуынша, балалармен байланысты мәселелерге жеңіл қарауға болмайды, әр мекеме өз жауапкершілігін терең түсініп, нақты нәтиже көрсетуі керек.
Жиында негізгі баяндама жасағандардың қатарында облыстық білім басқармасы мен полиция департаменті, сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасы өкілдері болды. Білім басқармасы орынбасары Айгүл Қасымбекова атқарылған жұмыстарды саралап, проблемалық бағыттарға тоқталды. Ал полиция департаменті атынан сөз сөйлеген полиция полковнигі Ермек Өсербаев 2025 жылғы кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмысты азайту бағытындағы жұмысты баяндады. Осы орайда, облыстағы балалар қылмысының саны 2024 жылдың алғашқы 4 айында 44-тен 35-ке төмендегені айтылды. Бұл – бір қарағанда кішігірім көрсеткіш сияқты көрінуі мүмкін, алайда жасөспірімдер арасындағы әрбір құқықбұзушылық – тұтас қоғамға әсер ететін ауыр жүк. Сол себепті бұл бағыттағы кез келген оң өзгеріс – үлкен еңбектің жемісі.
Жиында ерте жүктілік пен өз-өзіне қол жұмсау секілді күрделі мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Ережепқызы бұл бағытта атқарылған шараларды атап өтті. Нақты нәтижелер де жоқ емес. Өзіне-өзі қол жұмсау деректері 2024 жылы 8-ге төмендеген. Жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсету мақсатында облыста «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» құрылып, 49,5 штаттық бірлікке ұлғайтылған. Ашылған уақыттан бері орталық 1 300 ата-анамен, 1 700 педагогпен және 130 қиын жағдайдағы бала мен жеке консультациялар жүргізіп, қолдау көрсеткен. Бүгінде облыста 1797 педагог-психолог қызмет етуде. Алайда, сараптамалар негізінде мектептердегі бала санына сәйкес қосымша 86 педагог-психолог қажет екендігі анықталған. Бұл кадр тапшылығын жаңа оқу жылына дейін толықтыру жоспарланып отыр.
Түркістан облысы бұл бағытта цифрлық әдістерді де тиімді қолдана бастады. 5-11 сынып оқушылары арасында анонимді сауалнама жүргізіліп, оқушылардың психо-эмоционалдық жай-күйі мен мәселелері анықталған. Осы әдіс – балалардың ішкі күйзелісін алдын ала анықтап, көмек көрсетуге мүмкіндік беретін тиімді құрал. Бұдан бөлек, 1143 білім беру мекемесіне 111 арнайы QR-кодтар орнатылған. Бұл кодтар мектептің кіреберісінде, сыныпта, холлда, тіпті дәретханада орналастырылған. Мұндай жүйе қиын жағдайдағы оқушыларға жасырын түрде психолог мамандарға жүгінуге мүмкіндік береді. Комиссия отырысында «Жайсыз отбасы» есебінде тұрған балалар, өгей ата-ана тәрбиесіндегі жасөспірімдер туралы да сөз қозғалды. Мұндай отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалармен жұмыс жүргізу — тек білім беру мекемелерінің емес, полиция, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау қызметтерінің бірлескен міндеті ретінде қарастырылып отыр. Мектеп психологтарының жұмысын жетілдіру, баланың жеке дамуына жүйелі қолдау көрсету, ата-аналармен жұмыс – күн тәртібінен түспеуі керек бағыттар ретінде нақты белгіленді.
Облыста 17 отбасын қолдау орталығы жұмыс істеп тұр. Бұған қоса, үкіметтік емес ұйымдар арқылы 1327 педагог-психолог, 2514 мектептегі тәрбиеге жауапты маман, 17 аудандағы әдіскерлер өз біліктіліктерін арттырған. Бұл мамандар алдағы уақытта балалармен тікелей жұмыс істейтін негізгі кадрлық база ретінде қарастырылмақ. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев мәжіліс соңында балалар құқығына қатысты жалған мәлімет беретін жауапты тұлғаларға қатаң шара қолданылатынын ескертті. Бейсенбай Тәжібаев өз сөзінде «Баланың қауіпсіздігіне жауапты мекемелер, басшылар, қызметшілер өз міндеттерін мүлтіксіз орындаулары керек. Жазғы демалыста бақылауды, жұмысты күшейтіңіздер. Әр мектептегі қиын балалар, отбасылар назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілсін» деп атап өтті.
Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау саласындағы жұмыстар – жай формальді есеп емес, шынайы әлеуметтік жауапкершілікке негізделген жүйелі қадамдар. Психологиялық қолдау, құқықтық профилактика, цифрлық шешімдер, кадр дайындау, қоғамдық ұйымдарды тарту – бұл бағыттағы жұмыстардың кешенді түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Мұндай тәжірибелер — республика көлемінде өзге өңірлер үшін де үлгі бола алады. Балалар қауіпсіздігі – болашақтың кепілі. Ал Түркістан облысы бұл кепілдікті қамтамасыз етуде нақты қадамдар жасап келеді.