ҚАНТ ДИАБЕТІНЕ ШАЛДЫҚҚАН ЖАСТАР КӨБЕЙІП БАРАДЫ

Қазіргі таңда қант диабеті – бүкіл әлем бойынша кең таралған, созылмалы аурулардың бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, соңғы онжылдықта бұл ауруға шалдыққандар саны бірнеше есеге артқан. Бұл үрдіс әсіресе урбанизация, дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің төмендеуі және семіздікпен тікелей байланысты. Осы орайда, аталған мәселе елімізде де өзекті болып отыр.

Қазақстанда қант диабетімен ауыратындардың үштен бірін жастар құрап отыр. ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты медициналық орталықтың бас эндокринологы Гүлмира Тоқсеитованың айтуынша, кейінгі онжылдықта елде II типтегі қант диабеті диагнозы қойылған адамдар көбейді. Алдын ала диабет күйінде жүрген, артық салмағы бар, артериялық қысымы жоғары, холестерин және май фракциялары жоғары, физикалық белсенділігі төмен адамдар жетерлік. «Қазіргі клиникалық зерттеулерге сүйенсек, әрбір он ересектің біреуі II типтегі қант диабетімен ауырады, ал он адамның екеуінде бұл дерттің белгілері бар, бірақ әлі диагноз қойылмаған. Өкінішке қарай, II типтегі қант диабеті жасарып келеді, қазір бұл диагнозбен тіркелгендердің шамамен 33 пайызын балалар мен жастар құрайды. Себебі ретінде рафинадталған өнімдердің қолжетімділігін, фастфуд, тәтті газдалған сусындар және жоғары калориялы тағамдарды артық тұтынуды айта аламыз» деді медицина ғылымының кандидаты.
Осы тұста «Қазақстанда тәтті сусындар өндірісіне қатысты қатаң заңдар енгізілуге тиіс пе?» деген заңды сауал туындайды. Өз кезегінде Гүлмира Тоқсеитова бұндай шектеулер енгізу жауапты ведомстволардың шешіміне қатысты мәселе екенін жеткізді. Дегенмен халық денсаулығының келешегі үшін уәкілетті тұлғалар тақырыпты мемлекеттік деңгейде көтеруі қажет екенін жасырмады.