ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАЙЛАҒАН САЛАЛАР БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Жыл өткен сайын қоғам дамып, экономика алға жылжып келеді. Дегенмен әлеуметтің алға басуына кедергісін келтіретін жайттар да баршылық. Солардың бірі де бірегейі – сыбайлас жемқорлық мәселесі. Қоғамның қылтамағына айналған бұл түйткілмен күрес қаншалықты күшейгенімен, түрлі схемалар арқылы ақша жымқыру фактісі соншалықты күрделеніп отыр. Бүгінде еліміздің бірқатар өңірінде түрлі салалардағы қылмыстық әрекеттер турасында кеңінен ақпар тарап, заңнан аттағандар темір торға тоғытылуда…

Зерттеулерге сүйенсек, денсаулық сақтау саласы еліміздегі жемқорлық жайлаған алғашқы 3 саланың тізіміне кіреді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі мәлімдеді. Сөзіне сенсек, жалпы жемқорлық фактілері ең көп тіркелген салалар — білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру салалары. Былтыр елімізде 1600-ден астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс анықталған. Бұл істер бойынша 1 493 адам жауапқа тартылды. Олардың 299-ы — түрлі ведомство басшысы. Тергеу нәтижесінде 914 адам сотталды, оның ішінде 326 адам бас бостандығынан айырылып, 434 адамға жалпы көлемі 6,1 млрд теңге айыппұл салынды.
Ал денсаулық сақтау саласында 2024 жылы 7 адам жемқорлық дерегі бойынша сотталған. Оның 4-еуі Шымкентте тіркелген. Мұны Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары хабарлады. Нақтырағы «Былтыр денсаулық сақтау саласында жемқорлық бойынша 7 адам сотталды. Оның ішінде 4-еуі — азаматтық қызметкер, 2-еуі — мемлекеттік қызметкер, 1-еуі — мемлекеттік қызметкерге теңестірілген тұлға. Жемқорлықтың 4 фактісі Шымкент қаласында, қалған деректер Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақмола облыстарында тіркелді» дейді министрлік мамандары. Ведомство өкілдері нақты қандай жемқорлық деректерінің жиі тіркелгенін де айтты. Оған сәйкес, салада қызмет атқаратын атқамінерлер мемлекеттік қызмет көрсету және лицензиялар беру кезінде жемқорлыққа жиі жол беретін көрінеді. Одан бөлек заңсыз келісім жасау деректері де көп тіркелген.

С.НҰРАЙ.