ШЫНДЫҚ ШЫРЫЛДАП ЖЕТЕМ ДЕГЕНШЕ, ӨТІРІК БІРАЗ ЖЕРДІ ӨРТЕЙДІ

Сәрсен Құранбек салалардағы біраз былықтың
бетін ашты

Шымкентте білім саласына қатысты даудың туғанына біршама уақыт болды. Желідегі ағайын салаға қатысы бар басшыларды жерден алып, жерге салып жатыр. Айтуларынша, қудалау болған. Директорларды беймезгіл уақытта жинап, кеңес өткізген. Білім ордалары былыққа батқан. Басында қазіргі қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек тұрыпты-мыс. Қош делік, желідегі шудың буы басыла ма деп едік, керісінше, өршіп шыға келді. Тіпті, мәдениет саласындағы жұмыстарға көңілі толмайтын азаматтар да бұл даудың қақ ортасынан бір-ақ шықты. Сын мен сыпсың сөз көбейген тұста мән-жайдың қыр-сырына қанық болмаса да, бас шұлғып қостай кететін, үн қосып, үлкейтіп жіберетін жандар арамыздан табылып жатады.

Осы тұста түрлі айыптау мен сынның, оған айтылар уәждің арасында ақиқаттан адасқан әлеумет қалды. Асылында, бүгінгідей бұқараның көңіл күйі алабұртып тұрған уақытта жұртшылықтың эмоциясымен ойнау оп-оңай. Талай жылдан бері жергілікті жүйенің тамырына сіңген тамыр-таныстық һәм жемқорлық тақырыбы қозғалса, бейтарап адамның өзі көкейде тас болып қатқан өкпесін жайып салатыны тағы бар. Осындайда қажет дерек, нақты ақпар айтылмаса, халықтың билікке деген сенімі сетіней кететіні де жасырын емес. Сондықтан жергілікті биліктің қимылы ширақ келді. Ашығырақ айтсақ, осы аптада қала әкімі орынбасары Сәрсен Құранбектің қатысуымен Өңірлік коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг өтті.

Бұл жиында білім саласының бар былығы белгілі болды. Қош тарқатар болсақ, Шымкент білім сапасы бойынша еліміздегі өңірлердің ең соңында тұр. Сорақысы сол, 70 мектептің ішінде аттестациядан 52 білім ордасы өте алмай қалған. Қала берді, қағаз бетіндегі һәм жүйедегі дерек пен шынайы өмірдегі жағдай мүлде қабыспайды. Біліктілік арттыру курсынан уақытылы өтпеген 579 жағдай тіркелген. 301 мүмкіндігі шектеулі балаға жеке оқу жоспары бекітілмеген. Дабыл түймесі мен бейнекамерасы талапқа сай емес мекемелер де жетерлік. Мектептерде оқитын оқушы саны мен «Ұлттық білім беру деректер қоры» ақпараттық жүйесіндегі мәліметтер екі түрлі. Кей мектептерде 120-дан астам заңбұзушылық анықталған. Қалада 140-тан астам мектеп болса, оның 74-і мақсатты мектептер қатарына кіреді. Демек білім ордаларындағы сапа сын көтермейді. Ең қызығы, бұл мектептерде білім беру ісін жүйелі, талапқа сай жүргізе алмаған педагогтерге тәртіптік шара көрілмеген. Бұл — директорды аталған жағдай қанағаттандырады деген сөз. Өкінішке қарай, дәл осы мектеп педагогтеріне мемлекет тарапынан біліктілік арттыру курстарына қатысу бойынша қаржы бөлінген. Дегенмен кей мектептерде 20 педагогке дейін мұндай курстарға қатыспаған. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының деректері бойынша, 130 мұғалімнің 55-і тесттен өте алмаған. Ең қызығы, ол мұғалімдердің жұмыс өтілі 20-36 жыл аралығын қамтиды.
Мұның барлығы бүгін немесе кеше қалыптасқан ахуал емес. Жылдар бойы қордаланып, беті жабылып келген, бәлкім, жауып келген мәселелер еді. Саладағы білім сапасын көпірте көрсету, сол арқылы мектептің беделін асқақтату ісінің ақыры осындай болып отыр. Жоғарыда біз сөз еткен әрбір талаптың астарында сіз бен біз өсіріп отырған ұл-қыздың қауіпсіздігі мен болашағы жатыр. Мәселен, бейнекамерасы істемейтін мектепте талай баланың төмпештеліп жатуы бек мүмкін. Ал енді ерекше қажеттілігі бар балаларға жеке оқыту жоспары болмаса, олар қалай білім алмақ? Заң алдында әрбір қазақстандықтың құқы тең емес пе еді? Ендеше осыны біле тұра жауапсыз, елеусіз қалдыру – бұғанасы бекімеген баланың болашағына балта шабу. Оны былай қойғанда, педагогтердің білім сапасы нашар болып отыр. Оны тексеру мен тест дәлелдеді. Ал енді осының бәрін білсе де білмегендей болу, көрсе де көз жұма қарау ұрпаққа ғана емес, ұлтқа жасалған қастандықпен бірдей. Сол себепті бүгінде мектептерде тексеру көбейген. Мониторинг жиілеген. Артын жасыруға, былығының бетін жабуға тырысатындардың болары айқын. Аңғарғанымыз, бұған дейін «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған. Пышақ барып сүйекке тақалғанда тыпыршып, түрлі сыпсың тарататындардың көбеюі де осыдан болса керек. Әкім орынбасарының ашуы жұмысын жүйелі атқарған директор мен таңнан қара кешке дейін мектепте ғұмыры өтетін қатардағы педагогке арналып отырған жоқ. Керісінше, қызметін асыра пайдаланатын, енді бірде біраз жылдан бері бұқпантайлап, бұғып келгендерге тиюі тиіс еді. Әкімдік білім саласындағы мыңдаған маманға қарсы емес. Қарсы болса, сәлемдеме айтып, «сауқат сұрайтындармен» ым-жымы бір болса керек-ті. Олай болмаған. Түрлі кәсіподақ ұйымдарының ұсынысын қараусыз қалдырған. Басылымға жазылу ісі бойынша үзілді-кесілді қарсы болған. Себеп біреу – әр педагогтың Конституциялық құқығына қол сұқпау. Ал енді қудалау мен қызметтен кетіру ісіне ойысайық. Сәрсен Абайұлының айтуынша, дәл осы қызметке келгелі 3 мектеп директоры қызметтен өз еркімен кеткен. Оның бірі өзі басқарып отырған білім ордасының төңірегінде қоғамдық резонанс тудырған мәселеден соң арыз жазса, қалған екеуі ұжымның ұйытқысы бола білмеген. Мұны мектеп педагогтері де растайтын көрінеді. Қош, осымен саладағы алып-қашпа әңгіменің аяғына нүкте қойылуы тиіс деп білеміз…
Мәдениет саласында да бірқатар жұмыстар атқарылған. Асылында, біз нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз. Сәйкесінше, қоғамдағы қызметтің денін нарық реттейді. Ал енді қазынаға арқа сүйеп, бюджетті сорып отыра берсек, күндердің күнінде бәсекеден қағыламыз. Мұны Шымкенттегі жағдай айғақтайды. Шаһардағы «Шымқала» тарихи-мәдени кешені 2022-2024 жылдар аралығында бірде бір тиын табыс таппаған. Ал келушілер саны көп. Себеп мекеменің ұйымдастыру құқықтық формасында жатыр. Өйткені кешен – коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын. Ал Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі – коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын. Бұл мекеменің алғашқысының заң бойынша табыс табуға қақы жоқ, екіншісінде мұндай мүмкіндік бар. Бір сөзбен айтқанда, тарихи-мәдени нысандардың құқықтық формасы бірдей емес. Түйткіл мұнымен шектелмейді. Кей нысандардың жер актісі рәсімделмеген, енді бірі кітапхананың құрамына біріктірілген. Осы жайттар ескеріліп, арнайы бірлестік құрылған. Бұл нысандарды бәсекеге қабілетті болуға, табыс табуға ынталандырады. Қала берді, мұндай практика елімізде бар. Әрісін айтпағанда, Алматыдағы мәдени һәм тарихи нысандар «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК құрамына біріктірілген.
Тағы бір толғақты түйін Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрының айналасында өрбіді. Сәрсен Абайұлының айтуынша, бұрынғы басшылықтың жұмыстан кетуі нәтижеге тікелей байланысты. Бір ғана дерек, 2023 жылы қаламыздағы мәдени мекемелердің қара шаңырағы саналатын Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрында 1 премьера, 28 қойылым қойылған. Салыстырар болсақ, қаладағы Өзбек драма театры 7 премьера, 95 қойылым, Орыс драма театры 6 премьера, 110 қойылымды көрермен назарына ұсынған. Оны былай қойғанда, Жетісай аудандық драма театрында 6 премьера, 115 қойылым көрсетілген. Еліміздегі ең ірі үш қаланың бірі, қала берді мәдени орталық болудан үмітті Шымкенттегі 95 жылдық тарихы бар театрдың көрсеткіші мұнымен салыстырғанда аз ба, көп пе?! Себеп сұралған. Нәтижесінде басшылық жұмыстан өз еркімен кеткен.
Қарап отырсақ, әрбір бастаманың артында айқын себеп тұр. Мұны білсе де ел алдында жүрген азаматтарды жергілікті билікке айдап салу, аузына жалған ақпаратты салып беру ісі әлі де жалғаса бере ме деген күдігіміз басым. Өйткені соңғы уақытта Шымкентте қолға алынған шаралар бұған дейін жалғанды жалпағынан басып келген бәзбіреулерге ұнай қоймағаны анық. «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» дейтін заман келмеске кетті. Ісіп-кеуіп, ісін ірі көрсеткендердің айыбы ақырын ашылып жатыр. Бұл үрдіс әлі жалғасатын тәрізді. Бұрындары ашынғандардың ғана ащы дауысы шықса, енді айыбы ашылғандар да айқайға салмақ. Олардың кім екенін уақыт көрсетеді…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.