СЕМИНАРДА ӘЛЕУМЕТТІК КЕСЕЛДІҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ ОРТАҒА САЛЫНДЫ
Халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, экономиканы тиімді реттеу, қауіпсіздікті сақтау – мұның бәрі мемлекет атқаратын негізгі міндеттердің қатарында. Мемлекеттік қызметшілер осы міндеттерді іске асыратын басты күш ретінде қарастырылады. Олар мемлекеттік органдарда, мекемелерде, агенттіктерде жұмыс жасай отырып, ел болашағына ықпал ететін шешімдер қабылдайды. Демек, мемлекеттік қызметшінің моральдық бейнесі, этикалық ұстанымдары, жеке басының жауапкершілігі – тұтастай қоғамның дамуына әсер етеді.
Осы тұста айта кетерлігі, бүгінгі таңда жаһандық сипат алған мәселелердің бірі – құмар ойындарға тәуелділік немесе лудомания. Лудомания – бұл құмар ойындарға патологиялық әуестік, адамның өз қаржысы мен уақытын бақылаудан шығарып, материалдық және рухани тепе-теңдікті бұзатын дерт. Мұндай тәуелділік кез келген адамды айналып өтпеуі мүмкін, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер де бар. Мемлекеттік қызметшілер арасында лудоманияның пайда болуы – қоғам үшін айрықша қауіпті құбылыс. Өйткені олар ел мүддесін көздеп, халыққа қызмет етуге міндетті. Егер мемлекеттік қызметші құмар ойындарға салынып, тәуелділік шеңберіне түссе, оның моральдық және этикалық қағидаттары бұзылып, адал қызмет ету қабілеті әлсірейді. Мемлекеттік қызмет – бұл мемлекет функцияларын жүзеге асыруға, қоғамдық мүддені қорғауға және елдің даму бағытын айқындауға қатысатын кәсіби қызмет түрі. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік билік органдарында жұмыс істеп, заңның үстемдігін, әділеттілікті, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтауға ат салысады. Оның басты міндеті – қоғам игілігі үшін жұмыс істеу. Мемлекеттік қызметтің жауапкершілік аясы өте кең. Мемлекеттік қызметші — халық алдында есеп беретін тұлға. Олар заңсыздыққа жол бермеуге, жемқорлықтан аулақ болуға міндетті, мемлекеттік құпияны сақтауға, қызметтік ақпаратты мақсатсыз пайдаланбауға жауапты. Сонымен қатар қарапайым азаматтармен, бизнес өкілдерімен, халықаралық ұйымдармен өзара тығыз байланыста жұмыс істейді. Осы міндеттердің барлығын адал, әділ атқару – мемқызметшілердің басты міндеті. Алайда егер қызметші жеке өмірінде құмар ойындарға тәуелді болып, моральдық-этикалық нормаларды елемесе, бұл міндеттерді сапалы орындау мүмкіндігі күрт төмендейді.
Лудомания – грек тілінен аударғанда «ойын құмарлығы» дегенді білдіреді. Бұл – патологиялық құмарлықтың ерекше түрі. Құмар ойындарға тәуелділік адамның мінез-құлқын өзгертеді, рационалды ойлау қабілетін бұзады, оның қаржылық және әлеуметтік мәселелерді шешу мүмкіндігін шектейді. Лудомания – бұл адамның ұтуға деген шектен тыс ұмтылысы, жеңістің уақытша ләззаты үшін үлкен қаржылық, әлеуметтік және рухани шығындарды көтеруге дайын тұратын психологиялық тәуелділік. Тәуелді тұлға миында дофамин гормонын шығаратын жеңіс сезімін қайта-қайта іздейді. Ұтылған сайын қайта ұтуға деген құмарлық күшейеді, бұл адамды тұйық шеңберге қамап, өз-өзіне деген бақылауын жоғалтуға әкеледі. Құмар ойындар кездейсоқтыққа негізделгендіктен, ұту ықтималдығы өте төмен. Дегенмен адам ұтқан сәтте «менің жолым болды» деген қате сенім қалыптасады. Бұл сенім мида жаңа нейрондық байланыстар түзіп, қайта ойнауға деген құштарлықты арттырады. Былайша айтқанда, адам әрдайым адреналин, қауышу сезімін аңсап, өмірдің басқа қырларын елеусіз қалдырады. Мемлекеттік қызметші лауазымы – үлкен жауапкершілік пен үнемі бақылауда болуды талап етеді. Бұл қызметтің сипаты, кейде, стресс, қысым, жоғары талаптар, қиын шешімдер қабылдауды қамтиды. Осындай жағдайлар кейбір тұлғалар үшін күйзелісті жеңілдетудің деструктивті жолдарын іздеуге себеп болуы мүмкін. Құмар ойындар осындай «қашу» стратегиясына айналады. Мемлекеттік қызметші заң мен әділеттілікті ұстанып, моральдық-этикалық нормаларды бұзбауы тиіс. Егер ол лудоманияға шалдықса, өзінің этикалық ұстанымдарын ескермеуі, тіпті қызмет бабын теріс пайдалану арқылы құмар ойындарға қаржы табуы мүмкін. Шешім қабылдаудағы жауапкершілік, жоғарыдағылардың талабы, қоғамдық сын – мұның бәрі эмоциялық ауыртпалық тудырады. Кейбір қызметшілер эмоционалдық теңгерімді құмар ойындардан табуға тырысады. Жалақы мөлшеріне разы болмау, әлеуметтік жағдайды көтеруге деген тілек, жылдам байлыққа ұмтылу да қызметшілерді құмар ойындарға итермелеуі мүмкін. Мемлекеттік қызметшілер арасында лудоманияның таралуы өзекті мәселе саналады. Өкінішке қарай, бұл мәселе жөнінде нақты статистика жасау қиын. Себебі лудомания – жасырын сипаттағы дерт. Мемлекеттік қызметшілер өз тәуелділігін қоғамға ашық жарияламайды. Дегенмен халықаралық зерттеулерде мемлекеттік секторда жұмыс істейтін тұлғалар арасында да құмар ойындарға тәуелділіктің байқалуы мүмкіндігі айтылып жүр. Кейбір елдерде мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындармен әуестенуінен туған жанжалдар белгілі. Бұл қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімін әлсіретеді.
Елімізге ойыссақ, нақты деректер аз. Алайда құмар ойын индустриясының қарқынды дамуы, онлайн-ставкалар мен казинолардың қолжетімділігі, заңнамалық шектеулердің жеткіліксіздігі лудоманияның барлық әлеуметтік топтарға, соның ішінде мемлекеттік қызметшілерге де әсер ету ықтималдығын көрсетеді. Лудомания тек жеке адамның емес, бүкіл мемлекеттік жүйенің жұмысына кесірін тигізуі мүмкін. Тәуелділікке шалдыққан мемлекеттік қызметші отбасылық құндылықтардан алшақтайды, қаржылық қиындықтарға ұшырайды. Отбасындағы ұрыс-керіс, ажырасу, балаларына жеткілікті көңіл бөлмеу жағдайлары туындайды. Лудомания салдарынан қызметші өзінің міндеттерін атқаруда салғырттық танытуы, жұмыс уақыты мен ресурстарын дұрыс пайдаланбауы, тәртіп бұзуы мүмкін. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органның имиджін әлсіретеді. Қарызға батқан, үнемі қаражатқа мұқтаж қызметші заңсыз кіріс көздерін іздеуі мүмкін. Мысалы, пара алу, қызмет бабын теріс пайдалану арқылы құмар ойын қарыздарын жабуға ұмтылады. Бұл сыбайлас жемқорлықтың өршуіне ықпал етеді. Құмар ойындарға тәуелді қызметшілердің аты шықса, халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімі төмендейді. Мемлекеттік қызмет жүйесі моральдық құндылықтардан айнып, әділеттіліктің құнын түсіреді. Осы орайда, мемлекеттік қызметшілердің қызметін реттейтін заңдар мен этикалық кодекстер қызметшінің мінез-құлқын қадағалауға бағытталған. Қазақстанда да, басқа елдерде де мемлекеттік қызметшілерге арналған әдеп кодекстері бар. Олар қызметшіге адалдық, әділеттілік, парасаттылық қағидаттарын ұстануға міндеттейді. Лудоманияға ұшыраған қызметші бұл нормаларды бұзу қаупіне ұшырайды. Кодекс бұл тұрғыда алдын алу шарасы ретінде қолданылуы мүмкін. Мемлекеттік қызметшілердің кіріс-шығындарын, өмір сүру деңгейін талдау арқылы күмәнді әрекеттер анықталуы мүмкін. Мұндай мониторинг лудомания белгілерін де байқап, ертерек шара қолдануға мүмкіндік береді. Кейбір елдерде мемлекеттік қызметшілердің құмар ойын мекемелеріне баруына, әсіресе жұмыс уақытында, тыйым салынуы мүмкін. Бұл шаралар тәуелділіктің алдын алу үшін маңызды.
Осы орайда, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің жобалық басқару мәселелері бойынша кеңестің 2024 жылғы 4 желтоқсандағы хаттамасын және Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілдерінің, Комитеттердің, аумақтық органдар мен бөлімшелердің 2024 жылға арналған қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі жоспардың 2.4-тармағын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Ляззат Мырзараимова Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметшілеріне мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер және Әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтау, тәртіптік практика мәселелері, мемлекеттік органдардың қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесінің жұмысын жетілдіру, үстеме жұмыс істеу мен мемлекеттік қызмет өткеру бағытындағы өзгерістер туралы оның ішінде іскерлік этикетті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, ойын мекемесіне барудан бас тарту, сондай-ақ өзінің діни нанымдарын таңбау, бағыныстыларды діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға мәжбүрлемеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы А.Туребаев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 12-бабының 1-тармағы ойын мекемелерінде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау жөніндегі 6) тармақшамен толықтырылғанын атап, құмар ойын мекемелеріне бару тәртіптік жауаптылықты көздейтін болса, құмар ойынына қатысу, бәс тігу қызметтен босатуға алып келетінін және «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның 7-бабы 3-тармағының талаптарын, соның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген орындарды қоспағанда, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың ғимараттарында құдайға құлшылық етуді, діни жоралғыларды, рәсімдерді және жиналыстарды өткізуге, сондай-ақ миссионерлік қызметті жүзеге асыруға жол берілмейтіні жөнінде кеңінен түсіндірмелер берді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің қызметте де, қызметтен тыс уақытта да әдеп нормаларын сақтауды басты назарда ұстау керектігін жеткізді. Жалпы құмар ойын индустриясы заңнамалық реттеуді қажет етеді. Қазақстанда да бұл салаға қатысты заңдар бар. Алайда олар лудомания мәселесін шешуде әлі де жетілдіруді талап етеді. Бүгінде лицензия беру, салық салу, ойын залдарын арнайы аумақтарда орналастыру сияқты шаралар бар. Дегенмен, онлайн-құмар ойындарды бақылау күрделі. Құмар ойын орындарына жауапкершілікті бизнес жүргізуге міндеттеу, ойыншыларға ескерту хабарламаларын көрсету, ұтылу лимиттерін енгізу – лудоманияның таралуын тежейді.
Мемлекеттік органдарда корпоративтік мәдениет қалыптастыру – қызметшілердің моральдық құндылықтарын нығайтып, зиянды әдеттерден аулақ болуына көмектеседі. Мемлекеттік қызметшілерге арналған семинарлар, тренингтер, лудоманияның зияны туралы дәрістер ұйымдастыру қажет. Қызметшілер өз тәуелділіктің белгілерін тануды, оған қарсы тұру әдістерін меңгеруі тиіс. Мемлекеттік қызметшілер үшін анонимді кеңес беру қызметтері, психологтардың көмегі қолжетімді болуы керек. Стресске төзімділік, эмоциялық интеллектті дамыту – алдын алудың бір жолы. Ұжымда өзара түсіністік, достық атмосфера орнату қызметшілердің психологиялық денсаулығын жақсартады. Бұл лудоманияға әкелетін себептерді жоюға ықпал етеді. Кейбір дамыған елдерде мемлекеттік қызметшілер арасындағы теріс әдеттермен күрес жүйелі түрде жүргізіледі. Мәселен, Сингапур құмар ойын индустриясын қатаң бақылауға алып, азаматтарға жауапты ойын саясатын насихаттайды. Мемлекеттік қызметшілерге этикалық тренингтер өткізіп, кез келген тәуелділік белгілерін ерте кезеңде анықтау үшін мониторинг жасайды. Жапонияда жұмыс мәдениеті жоғары қызметшілерге арналған психологиялық қолдау орталықтары бар. Онда мамандар қызметшілердің күйзелісін төмендету, уақытты басқару дағдыларын дамытуда көмек көрсетеді. Канадада мемлекеттік қызметшілердің әл-ауқатын арттыру бағдарламалары бар. Құмар ойындарға қарсы ақпараттық науқандар, анонимді көмек желілері ұдайы жетілдіріліп, көпшілікке қолжетімді.
Заманауи технологиялар лудоманиямен күресте де маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік органдар қызметшілерінің қаржылық транзакцияларын бақылап, күмәнді әрекеттерді анықтау үшін деректерді сараптауға арналған ІТ-құралдарды қолдана алады. Онлайн-құмар ойын сайттарын бақылау үшін жасанды интеллектті пайдалану арқылы тәуелділік қаупі бар пайдаланушыларды анықтап, оларға ескерту хабарламаларын жіберуге болады. Мемлекеттік органдар әлеуметтік желілерді лудоманияның зияны туралы ақпарат таратуда, түсіндіру жұмысында пайдалана алады. Онлайн-вебинарлар, видео-лекциялар, подкасттар арқылы қызметшілердің хабардарлығы артады. Лудоманияға ұшыраған қызметші заңға қайшы қадамдарға баруы мүмкін. Бұл мемлекеттің беделіне көлеңке түсіреді. Мемлекеттік қызметшілердің кірісі мен шығысын жүйелі тексеру арқылы сәйкес келмейтін қаржылық операцияларды анықтауға болады. Арнайы бөлімшелер мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық пен заңсыз әрекеттерді әшкерелеуге бағытталған. Олар лудомания тәуекелін де назарда ұстауы тиіс. Заңсыз әрекеттерге барған қызметшілерді қатаң жазалау, парақорлыққа нөлдік төзімділік таныту лудомания салдарынан туындайтын жемқорлықтың алдын алуда маңызды. Лудоманияның жайылуына әлеуметтік-экономикалық жағдайлар да әсер етеді. Мемлекеттік қызметшінің еңбегіне лайықты ақы төленбесе, ол қосымша кіріс көзін іздеп, құмар ойындарға әуестенуі мүмкін. Жалақыны әділетті деңгейде ұстап тұру – алдын алу шараларының бірі. Үйлердің қымбаттығы, тұрғын үй алуға қиындық, кредит ауыртпалығы да қызметшіні күйзеліске түсіреді. Бұл күйзеліс оны лудоманияға бейімдеуі мүмкін. Мемлекеттік қызметшілер көп уақытын жұмыста өткізетін болса, жеке өміріне уақыт қалмай, стресс жинақталады. Тиісті демалыс, отбасымен уақыт өткізу мүмкіндігі лудомания қаупін төмендетеді. Лудоманиямен күрес тек мемлекеттік органдарға жүктелмей, азаматтық қоғамның белсенді қатысуымен жүзеге асуы тиіс. Лудоманияға қарсы бағытталған үкіметтің емес ұйымдардың белсенділік танытуы, ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізуі, оңалту бағдарламаларына көмектесуі мүмкін. Журналистер, телебағдарламалар, интернет-порталдар құмар ойындардың зияны туралы мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікір қалыптастырады. Мемлекеттік қызметшілердің осы материалдармен танысуы олардың көзқарасын өзгертуі ықтимал. Белсенді азаматтар мемлекеттік органдардың тазалығын, қызметшілердің мінез-құлқын бақылап, сыбайлас жемқорлық фактілерін әшкерелеуге атсалысады. Осы арқылы лудоманияның зардаптары азаяды.
Лудоманиямен күресу үшін арнайы заңнамалық бастамалар қажет. Парламент құмар ойын индустриясын реттеу, мемлекеттік қызметшілердің адалдығын нығайту мәселелерін көтереді. Осы тыңдаулар нәтижесінде нақты заңнамалық өзгерістер енгізілуі мүмкін. Мемлекеттік қызметшілерге қатысты ережелерге лудоманияға қарсы арнайы нормалар енгізіп, жауапкершілікті күшейту, алдын алу шараларын заңдастыру мүмкін. Мемлекет деңгейінде ұлттық стратегия немесе бағдарлама әзірленіп, онда мемлекеттік қызметшілерді қорғау, оңалту және оқыту шаралары қамтылады. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде қолға алынып жатқан шаралар аз емес. Лудоманиямен күресу — емдеуді қажет ететін күрделі мәселе. Мемлекеттік қызметшілерге арналған арнайы оңалту бағдарламаларының болуы маңызды. Ол үшін мемлекеттік аппараттың ішінде кәсіби психологтар жұмыс істейтін орталықтар ашу қажет. Қызметшілер бұл орталықтарға анонимді түрде жүгініп, көмек ала алады. Сенім телефондары, онлайн-чаттар, мобильді қосымшалар арқылы қызметшілер тәулік бойы мамандардан кеңес алуға мүмкіндік алады. Егер қызметші лудоманиядан зардап шексе, оны оңалту бағдарламасына қатыстыру, әлеуметтік-психологиялық тренингтерге тарту, жаңа құндылықтарды қалыптастыру қажет. Мемлекеттік қызметтің абыройы мен қоғамның сенімі қызметшілердің мінез-құлқына тікелей байланысты. Мемлекеттік органдардың ашық жұмыс істеуі, есепті жариялап отыруы, заң бұзған қызметшілерді жазалау қоғам сенімін арттырады. Бұл лудоманиядан туындаған сыбайластыққа да қарсы әсер етеді. Мемлекеттік қызметші өз әрекеті үшін қоғам алдында жауапты екенін түсінгенде, бұл оны теріс қылықтардан, соның ішінде құмар ойындардан аулақ болуға итермелейді. Жақсы жұмыс істейтін, адал әрі әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін қызметшілерді көтермелеу арқылы оң үлгі қалыптастыруға болады.
Лудоманиямен күрес – бір күндік мәселе емес. Бұл ұзақ мерзімді стратегиялық міндет. Лудомания мәселесін шешу мемлекеттік аппаратты жаңаша қалыптастыруға, басқару жүйесін жетілдіруге ықпал етеді. Жақсы басқару мәдениеті қалыптастырылып, моральдық құндылықтар жоғары бағаланады. Мемлекеттік қызметшілердің әлсіздігі, олардың заң бұзуы шетелдік ықпалдарға, криминалды топтарға мемаппарат арқылы енуге жол ашуы мүмкін. Лудоманиямен күресу ұлттық қауіпсіздікті де нығайтады. Мемлекеттік қызметшілердің бүгінгі мінез-құлқы, таңдау әрекеттері болашақ мамандарға үлгі болады. Егер бүгін әділеттілік, адалдық және салауатты өмір салты дәріптелсе, ертеңгі ұрпақ лудомания сияқты зиянды әдеттерден аулақ өмір сүреді. Мемлекеттік қызметшілер – қоғамдағы ең жауапты тұлғалардың бірі. Олардың мінез-құлқы, таңдау әрекеттері және моральдық құндылықтары бүкіл елдің дамуына әсер етеді. Лудомания сияқты дерт мемлекеттік аппараттың ішкі құрылымын ірітуі, коррупциялық тәуекелдерді арттыруы, қоғамның мемлекетке деген сенімін төмендетуі мүмкін. Лудоманияның алдын алу және оны жою үшін кешенді шаралар қажет. Бұған заңнаманы жетілдіру, қатаң бақылау жүйесін құру, ақпараттандыру және ағартушылық жұмыстары, психологиялық қолдау қызметтерін дамыту, азаматтық қоғаммен ынтымақтастық, моральдық құндылықтарды нығайту кіреді. Мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға жол бермеуге көмектесетін механизмдер – бұл мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етудің бір бөлшегі. Егер біз лудоманиямен күресті кешенді түрде жүргізсек, мемлекеттік қызметтің сапасы мен адалдығын арттырамыз. Нәтижесінде қоғамдық сенім нығайып, мемлекеттің беделі өсіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер орын алады. Бұл стратегиялық міндетті орындау – мемлекеттік басқару жүйесінің жетілгенін, мемлекеттік қызметшілердің моральдық кемелдігін дәлелдейді. Қазақстан сияқты дамуға ұмтылған мемлекеттер үшін бұл мәселеде табандылық танытып, жүйелі іс-қимыл жасау аса маңызды.