ӘЛЕУМЕТТІК КЕСЕЛДЕРМЕН КҮРЕС ШАРАЛАРЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН
Қазақстан Халқы Ассамблеясы қоғамның бірлігін нығайту мен ынтымағын арттыру бағытында қыруар іс атқарып жатыр. Бұл ғана емес, қазіргі уақытта аталған ұйым ел ішіндегі өзекті мәселелерді шешуге де атсалысуда. Атап айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңесі нашақорлық, ерте жүктілік және лудомания сияқты өзекті түйткілдердің түйінін ағытуда қыруар іс атқарып жатыр.
Осы орайда, жуырда Түркістанға іссапармен келген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары — ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, Кентау қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Маржан Кривенцова, Сауран аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нышанкүл Жұмановамен кездесті. Жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге, жастарды патриотизмге тәрбиелеуге және бес әлеуметтік кесел нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдықтың алдын алуға бағытталған жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстармен жақыннан танысты.
Зиянды әдеттерге тәуелділік бүгінде қоғамның дерті болып тұр. Адамның еркін билеп, ессіз әрекетке апаратын мұндай өмір салты талайдың тағдырын талқандап жатқан жайы бар. Мәселен, елімізде құмар ойындары құрығына түскендер саны 400 мыңға жетіпті. Ал, құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, ойнайды екен. Еліміздегі ажырасулардың 40 пайызына осы лудомания тікелей себеп. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені де құмар ойынға шалдыққандар. Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Сол секілді елімізде қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екен. Осы орайда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуде маңызды роль атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуміз керек. Қоғамдық кеселдерді түбірінен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлтына, дініне, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына қарамай, оған барлығы атсалысуы керек» деп атап өткен еді. Осы орайда, ҚР Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзі негізіндегі қауіпсіз өмір сүру үшін арылу керек әлеуметтік кеселдермен күресу туралы берген тапсырмасы негізінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі мен ҚХА Хатшылығы «Салауатты сана» жобасын қолға алып отыр. Бүгінде аталған бастама аясында ауқымды шаралар атқарылып жатыр.