ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДІҢ САНЫ АРТТЫ

Шымкент қаласында миллионнан аса халық тұрады. Мұның өзі қаладағы көлік қозғалысына ауқымды салмақ салады. Өз кезегінде, үшінші мегаполисте қоғамдық көлік қатынасын дамытуға қатысты бастамалар қолға алынып, сәтті жүзеге асып келеді. Мәселен, жуырда жолаушылардың өтініштері ескеріліп, №16, №108, №61, №171, №180, №191 маршруттарға қосымша 12 автобус қосылды. Бұл автобустардың аралық интервалын азайтып, жолаушылардың қоғамдық көліктерді ұзақ күтпеуіне септігін тигізеді.

Толығырақ тарқатар болсақ, №276 орамда жолаушылар ағынының артуына байланысты №16 автобус маршрутына қосымша 2 кесте қосылды. Қазіргі уақытта 10 автобус 15 минуттық жиілікпен қатынауда. Сондай-ақ №108 бағыттағы 10 автобус Шымсити шағынауданынан Күншығыс шағынауданына дейін күнделікті жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсеткен. Осы орайда, Шымсити шағынауданы тұрғындары өтініштерін ескере, №108 автобус маршрутына қосымша 2 кесте қосылды. 12 автобустың жұмысы 15 минуттық жиілікпен ұйымдастырылды. Ал №61 автобус маршрутына Нұршуақ шағынауданында жолаушылар ағынының артуына байланысты 2 кесте қосылып, бүгінде 14 автобус 13 минуттық аралық жиілікпен жолаушыларды тасымалдауда.
№171 бағытқа келсек, Бозарық шағынауданы мен әскери комиссариат аралығында қатынайды. Бұрын бұл бағытта 10 автобус қызмет көрсетіп келген болса, енді жолаушылар ағынының артуына байланысты қосымша екі кесте енгізіліп, қазіргі таңда 12 автобус 12 минуттық жиілікпен жүреді. №180 бағыт Көкбұлақ тұрғын алабы – Гүлжан аялдамасы аралығын қамтиды. Алдын бұл бағытта 8 автобус қызмет көрсетіп келген болса, енді Көкбұлақ тұрғын алабында жолаушылар ағынының артуына байланысты қосымша екі кесте енгізіліп, қазіргі таңда 10 автобус 15 минуттық жиілікпен жүреді. Ал №191 бағыт Қарабастау тұрғын алабы – Б.Момышұлы көшесі аралығында жүреді. Аталған маршрут күніне 8 автобус жолаушыларды тасымалдаса, бүгінде Қарабастау тұрғын алабында жолаушылар ағынының артуына байланысты қосымша екі кесте енгізіліп, қазіргі таңда 10 автобус 15 минуттық жиілікпен жүреді.