АУДАН ӘКІМІ БІРҚАТАР НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ
Еліміздің аймақтары дамыса, бәсекеге қабілетті болса, күллі мемлекеттің экономикасы өркендейді. Осы бір құндылық ешқашан маңызын жоймаған, жоймақ та емес. Осы орайда, Түркістан облысына қарасты аудандарда қоғамның сан түрлі саласын ілгерілету мақсатында қолға алынып жатқан бастамалар аз емес. Оның ішінде күнгейге ғана емес, күллі елімізге жетістіктері арқылы танылған аймақтар бар. Солардың бірі — Ордабасы ауданы.
Бүгінде аталған ауданда бірқатар маңызды нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Осы орайда, жуырда аудан әкімі Азат Оралбаев Бадам, Шұбар, Шұбарсу ауыл округтеріндегі бірқатар нысандарды аралады. Алдымен аудан басшысы сала мамандарымен бірге Бадам ауыл округіне қарасты Ордабасы, Орда мөлтек ауданында болып, ондағы ауыз судың уақытылы берілуін және ауыл тұрғындарын толықтай ауызсумен қамтылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Аталған елді мекенде жаңадан төселген тасжолмен танысып, сала орынбасарына ауылдарда жүргізіліп жатқан жол мәселесінің стандартқа сай сапасына мән беріп, қадағалауды міндеттеді.
Бүгінде тұрғындардың өтініші негізінде көптеген елді мекендерде балалар ойын алаңшаларының құрылысы жүргізіліп, толық пайдалануға берілуде. Оы орайда, Ордабасы ауылына жаңадан салынған ойын алаңшасымен танысқан аудан әкімі алаңшаға кіретін жолды бетондап, кіретін есігін дұрыстау керектігін айтты. Бұдан бөлек, сондағы ауыл тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Артынша Бадам ауылындағы су жинақтауыш мұнараның құрылысымен және аяқталуға жақын спорт кешеннің қазіргі жұмыстарымен танысты. Аралау барысында аталған нысандарды сапалы әрі өз мерзімінде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ табиғи газ мәселесін шешу бойынша Шұбар, Шұбарсу ауылына газ жеткізуші ҚТИА жобасының құрылыс барысын пысықтады.