МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА 17 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Жетісай ауданында Конституция күні қарсаңында 17 отбасы «Баспанаға жол» қоғамдық қайырымдылық қорының арқасында баспаналы болды. Осынау қуанышты әрі сауапты іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат депутаты Талғат Қаржауов, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен кәсіпкер-меценат Бахариддин Аблазимов, Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясының Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров қатысты.

Олар Конституция күні баспаналы болған азаматтарды жаңа қоныстарымен құттықтап, ізгі лебіздерін білдірді. Баспананың бой көтеруіне атсалысқан азаматтарды алғыс хаттармен марапаттаған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев «Бүгін тамаша сәттің куәсі болып отырмыз. Қазақтың жетімі мен жесірін жылатпаған текті халық екені белгілі. Тәуелсіз елдің бүгінгі азаматтарының ішінде қанға сіңген қасиетті, ата дәстүрді жалғастырып, дәріптеп келе жатқандар баршылық. Көптің көмегімен мереке қарсаңында баспанаға шын мұқтаж отбасылар қуанышқа кенеліп отыр. Қоныс құтты болсын!» деді. Кілттері тапсырылған «Жаннат сарайы» деп аталатын қос қабатты 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы 2022 жылы басталған болатын. Құны 350 млн теңгені құрайтын 16 пәтердің 12-сі екі бөлмелі болса, 4-еуі — үш бөлмелі. Бұл ғана емес, осы шара барысында тағы бір көпбалалы анаға 17-ші баспана сыйға тартылды.
2015 жылдан бері жұмысын жүргізіп келе жатқан «Баспанаға жол» қоғамдық қайырымдылық қоры 9 жылда әлеуметтік жағдайы төмен 29 отбасыны баспаналы болу қуанышына бөлеген. Тағы да бір айта кетерлігі, «Баспанаға жол» қоғамдық қайырымдылық қорының мүшелері баспананың ішін қажетті жиһаздармен, азық-түлікпен және күнделікті тұтыну заттарымен, отбасы мүшелерін киім-кешекпен қамтамасыз еткен. Өз кезегінде баспаналы болған азаматтар жомарт жандарға өз алғыстарын білдірді.

С.ЖҮНІСБЕКОВ.