САЛМАҚТЫ ШЕШІМГЕ ҚУАТТЫ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ
Биыл қыркүйек айында еліміздің даму бағыты айқындалған маңызды жиын өтті. Нақтырағы, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Онда Президент орта мерзімді кезеңге арналған жұмыстың негізгі бағыттарын белгіледі, жаңа міндеттер қойып, нақты тапсырмалар берді.
Жалпы Жолдау жүктеп отырған міндеттердің ауқымы кең. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы елімізде атом электр станциясын салу бойынша референдумның өтетінін мәлімдеді. Күні де белгілі болып отыр. Мұндай ауқымды бастаманың мәні мен міндеті, мақсаты мен түпкі нәтижесі турасында қоғамға кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізудің маңызы да айрықша. Бұл тұрғыдан келгенде, еліміздің үшінші мегаполисі Шымкентте ауқымды жұмыстар жүзеге асып келеді. Қазіргі уақытта халық қалаулылары белсенділік танытып отыр. Оның ішінде Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, мәслихаттағы “AMANAT” партиясы фракциясының жетекшісі Қайрат Имашев бастаған халық қалаулылары белсенді іс жүргізіп келеді.
Бұқаралық ақпарат құралы болғандықтан, халық қалаулысымен өткен бірнеше жиынға қатысып, айтылып жатқан ақпараттарды саралап қайтқанбыз. Кездесулерде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы негізгі басымдықтар жайы мен атом электр станциясын салудың артықшылықтары сөз болып келеді. Аңғарғанымыз, халық қалаулысы тақырып бойынша түгел қамтылған деректерге қанық. Жаһандық жағдайды саралағаны, еліміздің мүмкіндіктерін қарағаны көрініп тұр. Өйткені әрбір қойылған сауалға тұшымды, толымды, дәлелді түрде жауап беріп келеді. Қала берді, әлеуметтік желіде де насихат жұмыстарын белсенді жүргізуде. Жалпы депутаттың білімі мен тәжірибесі, көргені мен түйгені осындай жауапты сәттерде көрініс беріп жатады. Бұл тұрғыдан келгенде, Қайрат Есенбекұлының бәсі бір саты биік сыңайлы. Әрине, анығын уақыт көрсетеді…
О.ҚАСЫМ.