МЕДИЦИНА САЛАСЫ ИМПОРТҚА ИЕК АРТУҒА МӘЖБҮР

Елімізде импортты алмастыратын өнімдерді мемлекеттік қолдау шаралары жалғасып келеді. Дегенмен кей салаларда шеттен келетін өнімдердің көрсеткіші әлі де жоғары. Өйткені отандық өнімнің әлеуеті импортты толықтай алмастыруға әлі де қауқарсыз. Әйткенмен бұл бағытта Үкіметтің қолға алып жатқан шаралары қарқынды. Ал жалпы статистикаға келсек, медицина саласы импортқа иек артуға мәжбүр.

Мәселен, үстіміздегі жылдың қаңтар-маусым айларында дәрі-дәрмек импорты 1,06 млрд долларды құрады. Бірінші жартыжылдықта мұндай үлкен көлем кем дегенде 2019 жылдан бері байқалмаған. Жалпы жылдан-жылға шетелге жөнелтілімдердің құны номиналды түрде 56 пайызға өсті. Серпіліс 2 жыл бұрын байқалды. Дегенмен ол қазіргіден айтарлықтай төмен болды – 39 пайыз шамасында. Импорттың физикалық көлемі де рекорд жаңартып отыр – 18,9 мың тонна. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 38 пайызға өскен.
Қазақстан дәрі-дәрмек әкелген елдердің тізімі өте ұзын. Ондағы жалпы соманың ең елеулі үлесі бірнеше елге тиесілі. Мәселен, импорттың Германия 16 пайызын, Үндістан 9 пайызын, Италия 7 пайызын, Ресей 6 пайызын алып жатыр. Ал отандық өнімге ойыссақ, 6 айда Қазақстан 87,3 млрд теңгенің немесе 194,4 млн АҚШ долларының дәрі-дәрмегін өндірген. Демек құндық мәнде импортпен иық тірестіруге әлі де ерте. Бұл үрдіс жалғаса берсек, шетке кіріптарлықты жою мүмкін емес тәрізді.