БҰРЫНҒЫ ӘКІМДЕР БЮДЖЕТКЕ ИЕК АРТСА, ҚАЗІРГІ ҚАЛА БАСШЫСЫ ДЕМЕУШІЛЕРМЕН МӘСЕЛЕНІ ШЕШІП КЕЛЕДІ

игі бастаманың жүзеге асуына себепші болған азаматтарды білеміз бе?

 

Шымкент – еліміздегі аумағы үлкен әрі халық саны қарқынды өсіп келе жатқан шаһарлардың бірі. Өз кезегінде, алып қаладағы мәселелердің аз болмайтынын ұмытпауымыз керек. Тарихтың қолтаңбасы іспетті көзге сұрықсыз көрінетін нысандар әлі де баршылық. Десе де қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың басшылығымен мұндай ескі құрылыстар мен ғимараттардың орнында жаңа, заманауи талапқа сай жабдықталған нысандар бой көтеріп келеді. Қуантарлығы сол, мұндай маңызды іске қазынаның қаражатынан тиын да бөлінбеген бастамалар бар. Әңгімемізді әріден тарқатайық…

Үшінші мегаполисте балалар темір жолының орнында бұқаралық спортпен айналысатын жаңа серуен аймағы салынды. Осылайша бұрындары қараусыз қалған жерде жаңа, заманауи талаптарға жауап беретін нысан бой көтерді. Бір қызығы, бұл жол қаладағы бірқатар маңызды объектілер маңынан өтеді. Оның қатарында А.Асқаров атындағы Шымкент қалалық дендрологиялық саябағы мен Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадион бар. Сәйкесінше, серуен аймағының бой көтеруі жоғарыда атап өткен қос нысанның айналасын біршама ретке келтірді десек, артық айтпаған болар едік. Қош, бұл бастаманың тегін түгендеу үшін тарихқа шегініс жасауға мәжбүрміз.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһар тізгінін қолға алған уақыттан бастап бұқараның бел ортасында жүр. Осындай жиынның бірі балалар темір жолы өтетін аймақ тұрғындарымен ұйымдастырылған еді. Міне, сонда тұрғындар жолдың қауіптілігін, онда түрлі бейтаныс адамдардың жиі жүретінін, бала-шағаға уайымдайтынын айтып, көмек сұрағаны бар. Үшінші мегаполис басшысы көп күттірген жоқ. Мәселені жан-жақты саралап, шешуді желкесіне жүктеді. Артынша ескі нысанның сүрілетіні анық болды. Рас, бүгінде ел ағасы атанған қаншама азаматтың ыстық естелігіне себеп болған нысанды бір сәтте сүріп тастау оңай емес. Әйтсе де қалпына келтіру мүмкін емесін ұмытпауымыз керек. Келтірген күннің өзінде қазынадан қыруар қаржы кетер еді. Ұзақ ойланып, нақты кесілген шешімнің арқасында мәселе аз уақытта шешілді. Қала бюджетінен тиын да бөлінген жоқ. Өйткені шаһардағы қара бастың қамынан қалың бұқараның қажеттілігін артық қоятын азаматтар демеушілік жасап, өз үлестерін қосты. Атын атап, түрін түстемеуді сұрағанымен, ашып жазуымыз қажет-ақ. Бүгінде қаланың көркеюіне үлес қосып, қажыр-қайратымен қоса қаржысын да аямай жұмсап жатқан азаматтар баршылық. Атап айтсақ, «S.V.U. group» ЖШС директоры Шыңғыс Қозбахов, «Milita group» ЖШС директоры Александр Юльваниди, «Алем Транс жол» ЖШС директоры Рауан Жұмаділов, «СМЭУ Астана» ЖШС директоры Мона Османова, «Южный Конкурент» ЖШС директоры Ерлан Алимов, «АВМ Building 2007» ЖШС директоры Азамат Молдақасымов сынды кәсіпкерлер бой көтерген серуен аймағының құрылысына тікелей атсалысты. Бүгінде айналасына жаңа, сәулетті нысандар салынған серуен аймағына келушілердің қатары артқан. Қуантарлығы сол, біз сөз еткен кәсіпкерлер халықтың игілігі үшін жанынан қаржы шығарып, жергілікті тұрғындардың мәселесін шешіп берді. Әншейінде, батыстың алпауыт кәсіпкерлерінің қайырымдылыққа жұмсаған қаржысын сөз етіп, аузымыздың суы құрып отыратыны бар. Қарап отырсақ, жаны жомарт жандар жергілікті қаламыздан да табылады. Ерекшелігі сол, мұндай азаматтар елдің көзіне түскісі келмейді. Әрине, бұл үрдіс жалғасын таба беруі тиіс деп білеміз. Өзге кәсіпкерлерге де үлгі болса екен деген тілегіміз тағы бар. Сондықтан қалам тербеп, тарқата жазып отырмыз.
Елімізде қаншама қала мен облыс бар. Осындайда, ұлттық идеологияның жөні бір басқа, жергілікті жерлерде де идеологияның болғаны жөн деп білеміз. Ал оның жарқын үлгісін жоғарыдағы жандар көрсетті. Әкім де о баста айтқан «қазынаның қаржысынан тиын да бөлінбейді» деген сөзінің үдесінен шықты. Әрине, көштің көрікті болуы көшбасшыға байланысты. Бұл тұрғыдан келгенде, шымкенттіктердің жұлдызы жанған сыңайлы. Әкім айтты, кәсіпкерлер қолдай кетті. Жұрт мәселе көтерді, аз уақытта шешімін тапты. Мұны іскерлік десек те, жанашырлық десек те жарасатын тәрізді. Біздің әкімнің де, кәсіпкердің де бойынан көргіміз келетін қасиеттер осы емес пе?!

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.