БИЫЛ ЕЛІМІЗДЕ 180 ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Қазақстанда кәсіпкерлік салаға қолдау көрсету жұмыстары жалғасып келе жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, биыл ашылуы тиіс 200-ге жуық бастама бар. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.
Нақтырағы ведомство басшысы өз сөзінде «Биылғы жобалар пулында 1,3 трлн теңгені құрайтын 180 жоба бар. Бұл жобалар іске қосылғанда, 15 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Жыл басынан бері 158 млрд теңгеге 43 жоба іске қосылып, екі мыңдай жұмыс орны ашылды» деп атап өтті.
Қанат Шарлапаевтың дерегінше, іске қосылған жобалардың қатарында Маңғыстау облысындағы КазАзот аммоний сульфаті, Қызылорда облысындағы «Orda Glass» энергия үнемдейтін шыны, Батыс Қазақстан облысындағы «Каспи Мұнай Капитал» мұнай газ жабдықтар өндірістері бар. Бұл жобалардың негізгі мақсаты – импортты алмастыру. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Шымкент қаласында «Wan Sheng Ceramic» керамикалық плиткалар өндірісі, Қостанай облысында «KamLitKZ» жүк автомобильдер компоненттерінің өндірісі, Қостанай облысында «Пружина» теміржол вагондарына арналған пружиналар өндірісін іске қосу көзделген.