ҚАЛА ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ БАЗЫНАСЫНА ҚҰЛАҚ АСТЫ
Елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ауқымды істер атқарылып жатыр. Мәселен, Шымкент қаласында бұл бағытта жыл басынан бері бірқатар шаралар қолға алынып, жүзеге асты. Бүгінде қала әкімі бастаған шенділер бұқарамен жиі кездесіп, базынасына құлақ асып келе жатыр. Осы орайда, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Нұршуақ, Жиделі, Қызылжар, Құрсай, Ақтас шағын аудандарының, сондай-ақ Рысқұлов және Байтұрсынов көшелерінің тұрғындарымен кездесті.
Қала тұрғындары көшпелі кездесуде жолдарды асфальттеу, кеңейту, спорт және балалар алаңдарын салу, жер учаскелерін заңдастыруға қатысты өзекті мәселелерді қозғады. Кездесу барысында Жиделі шағынауданы халқы білім, денсаулық сақтау нысандарының, жаяу жүргіншілер өткелінің және шалғай көшелердегі жарықтың жоқтығына шағымданды. Мегаполис басшысы салалық басқармалардың басшылығына балабақша мен мобильді медициналық пункт салу мүмкіндігін мұқият зерделеп, қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар Қызылжар шағынауданында қала әкімі тұрғындармен кәріз жүйесін жүргізу, қоғамдық көлік маршруттарын ұзарту және көшелерді абаттандыру мәселелерін талқылады. Ал Рысқұлов көшесі 1а, Байтұрсынов көшесі 65, Құрмет шағынауданында және Ақтас тұрғын алабында тұратын тұрғындар жасыл желек жайына, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, тротуарлар мен аялдамаларды орналастыру мәселелеріне тоқталды.
Суару жүйелері, мәдениет үйінің, балабақшаның құрылысы, сондай-ақ электр энергиясымен, сумен үздіксіз қамтамасыз ету жайы да қаралды. Тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін мұқият тыңдаған Ғабит Сыздықбеков тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді. Бұдан басқа, аудан әкімдеріне жолдарды асфальттау, көшелерді жарықтандыру және жергілікті маңызы бар көшелерге коммуникациялар жүргізу бойынша нақты міндеттер жүктелді.