ӘЛЕУМЕТ ӘКІМГЕ ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫС ПЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ЖЕТКІЗДІ

Бұрындары базынасы бар әлеумет әкімдікке келіп, көмек сұрайтын. Дегенмен бүгінде бұл қағида толықтай өзгерді. Қазіргі уақытта Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһарға қарасты шағынаудандар мен тұрғын алаптарға жиі барып, бұқарамен кездесу өткізіп жүр. Онда көтерілген мәселелер де дереу шешімін тауып келе жатыр. Осы орайда, жуырда қала әкімі қаланың бірнеше шағынауданында жиын өткізген болатын. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби, Еңбекші аудандарының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Қаладағы 17, Қарасу, Текесу шағынаудандары мен Елтай, Тоғыс, Жыланбұзған және Айнатас тұрғын алаптарының азаматтарымен өткен кездесу барысында бірқатар өзекті мәселелер пысықталды. Атап айтқанда, аулаларды абаттандыру, қоқыстарды жинау, жер учаскелерін заңдастыру, кәріз жүйелерін жүргізу және көшелерді, саябақтарды жарықтандыру мәселелері көтерілді. Сондай-ақ қала тұрғындары жасыл желектерді суару, суару жүйелерінің жағдайы мен жол жөндеу, саябақтар мен гүлзарларда пандустар орнатуға қатысты өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді. Елтай және Тоғыс тұрғын алаптарының халқы жаңа мектеп пен мәдениет үйін, сондай-ақ спорт кешенін салу бойынша өтініштерін білдірді. Қала әкімі орынбасарлары мен сала, аудан басшыларына келесі жылы әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын қарастыруды тапсырды.
Елтай тұрғын алабының азаматтары жаяу жүргіншілер өткелін салу, бейнебақылау камераларын орнату және балабақша қажеттіліктеріне де тоқталды. Ал Айнатас шағынауданы тұрғындары жаңа мектеп салуды және қоғамдық көлік қозғалысын реттеуді сұрады. Қала әкімі барлық өтініштер мен ұсыныстарды назарға алып, өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Айта кетейік, шаһар басшысының халықпен өтетін кездесуі мұнымен шектеліп қалған жоқ. Тағы бірнеше жерде маңызы зор жиындар өтіп, әлеумет қала әкіміне өзекті мәселе мен ұтымды ұсыныстарын жеткізді.