АЗЫҚ-ТҮЛІКТІҢ КЕЙ ТҮРЛЕРІ АРЗАНДАҒАН

Елімізде азық-түлік бағасына бақылау ұдайы жүргізіліп жатыр. Қала берді, отандық өндірісті дамытуға да айрықша басымдық берілген. Ал нәтиже қандай? Өзгені былай қойғанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары арзандады ма әлде қымбаттап бара ма? Тарқатайық…

Жуырда ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының Ұлттық статистика бюросындағы былтырғы және биылғы тамыз айындағы бағаларына талдау жүргізген болатын. Зерттеуге сенсек, бірқатар тауар түрлерінің бағасы төмендеген. Мәселен, елде жыл басынан бері сұйық майдың бағасы 15 пайызға арзандаған. Былтыр тамызда сұйық майдың 1 литрі 781 теңге болған болса, биыл бұл баға 626 теңгеге дейін түскен. Пияз бағасы 177 теңгеден 129 теңгеге азайған.
Қырыққабат осыдан 1 жыл бұрын 159 теңгеден сатылған болса, қазір республика бойынша орташа бағасы 124 теңгені құрап тұр. Өткен жылы қанттың келісі 434 теңгеден сатылған болатын. Биыл 415 теңгеден саудаланып жатыр. Сәбіз бағасы да 198 теңгеден 188 теңгеге төмендеген. Ал бірінші сұрыпты ұн келісі 2023 жылда 232 теңге тұрса, ағымдағы жылы 228 теңге болған. Тұз бен рожки бағасында айырмашылық жоқ. Қош делік, отандық өндірістің артуы нарықтағы бағаның төмендеуіне әсер етіп жатқанын аңғардық. Бұл да – жақсы нәтиже…

С.НҰРАЙ.