КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІНІҢ ШӘКІРТАҚЫСЫ ӨСЕДІ

Елімізде білім беру ісін ілгерілету бағытында қыруар іс атқарылып келеді. Оның ішінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық пен кәсіпті меңгеруге басымдық беріліп келе жатыр. Әсіресе, соңғы жылдары біз сөз еткен сұранысқа ие мамандықтар бойынша кешенді білім беру бағдарламалары жетілдіріліп келеді. Бұл ғана емес, студенттердің жан-жақты әрі бәсекеге қабілетті болуына да жағдайлар жасалған.

Мәселен, 1 қыркүйектен бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы 43 мың теңгеге артады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде мемлекеттік тапсырысты ұлғайту бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп отыр. Биыл 145 мың грант бөлінді, оның 65 пайызы техникалық мамандықтарға бағытталған. Биыл бірінші жартыжылдықта 104 колледждің материалдық-техникалық базасы жақсарған.
Техникалық базаның заманауи стандарттарға сай болуы және студенттерді оқыту мен педагогтердің жұмысы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуі маңызды. Биыл 2 103 орынға арналған 8 жатақхана салынып жатыр. Қазір Павлодар және Түркістан облысында 259 орынға арналған 2 жатақхана пайдалануға берілді. Талдау нәтижелері кейбір өңірлерде студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету мәселесі әлі де маңызды екенін көрсетіп отыр. Тарқата баяндасақ, Алматы мен Астана қалаларында, Ақмола, СҚО және Алматы облысында орын тапшылығы бар.