ҚҰМАР ОЙЫН МЕН БӘС ТІГУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Соңғы жылдары лудоманияға шалдығып, құмар ойынның жетегіне кетушілердің қатары тым көбейіп барады. Алыстан менмұндалаған букмекерлік кеңсенің жарнамалары кімнің де болмасын назарын аудармай қоймайды. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес, лудоманияның мемлекеттік қызметшілер арасында өсуіне жол бермеу мақсатында ҚР Мәдениет және туризм министрлігімен тиісті шара қабылдануда.

Жоғарыда аталған мәселелер бойынша Отырар ауданы әкімінің орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Жансұлтан Сейтжанов дербес бөлім басшыларының қатысуымен кездесу өткізіп, мемлекеттік қызметшілер арасында құмар ойын жетегінде кетудің алдын алу үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Баршаңызға белгілі, 5 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің екінші оқылымында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лоторея қызметі, денсаулықты қорғау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы мақұлданған. Заң жобасы шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің, әскери қызметшілердің, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуына тыйым салу көзделген.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 3-тарауының 6-тармағының 10-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемелеріне барудан тартынуы қажет. Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілерді жалпы қабылданған моральдық-әдеп нормаларын ұстануға, қоғамға қарсы мінез-құлық жағдайларын болдырмауға шақырып, бөлім басшыларына мекеме ұжымына толыққанды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.