ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚТЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУ – БАСТЫ МАҚСАТ

Қазіргі уақытта жастарды шыңырауға тартатын сан түрлі мәселе бар. Оның ішінде екі мәселе бүгінгі таңда күн тәртібінен түспей тұр. Біріншісі – жат ағымның жетегінде кету болса, екіншісі – лудомания. Сондықтан да бұл мәселелермен күрес шараларының маңызы жастар үшін ғана емес, күллі қоғамға аса жоғары. Бұл бағытта күрес шараларының қолға алынғанына да біршама уақыт болды. Тарқата баяндасақ, жыл басынан бері Түркістан облысында ақпараттық-насихат жұмыстары жоғары қарқынмен жүзеге асып келеді.

Осы орайда, жуырда Шардарада аудан әкімінің орынбасары, аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының жетекшісі Б.Шомпиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы А.Оспанов, теолог маман А.Данияровтың қатысуымен «Жастар тәрбиесі — өзекті мәселе» тақырыбында арнайы жиын өтті. Өскелең ұрпақ арасындағы өзекті мәселелер сөз болған жиын барысында ақпараттық-түсіндірме тобының жетекшісі Б.Шомпиев «Қай кезде де халқымыз өзінің болашағы — жастар тәрбиесіне көңіл бөліп отырған. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау. Солардың ішінде шешуші рөл атқаратын тәлімі мен тәрбиенің бір түрі — жастарды патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс саналады. Бүгінгі жастар — еліміздің ертеңгі болашағы. Сол ұрпақты саналы да білімді етіп тәрбиелеу — басты міндетіміз. Соның бірі — патриоттық тәрбие мәселесі. Бұл – адамзат тарихында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат. Ендеше еліміздің ертеңгі сенімі — жас ұрпақтың бойында туған жерге, халқына деген сүйіспеншілікті оятып, патриоттық сезімге баулу, білімді, өнегелі ұрпақ етіп өсірудің маңызы айрықша. Бүгінде жастарға ең қажетті нәрсе — ұлттық тәрбие. Тәрбиеге жеткілікті көңіл бөлмеушілік қоғам тарапынан жастар тәрбиесіне салғырт қарау, кейбір шектен шыққан әдепсіздік пен арсыздықтың көрініс беруіне алып келіп отырғаны шындық» деп атап өтті. Сонымен қатар жастар арасында кеңінен белең алып келе жатқан өткір де өзекті мәселелерді сөз етті. Солардың қатарында лудомания сынды құрығын кеңге жайған мәселеге арнайы тоқталып өтті. Спикердің айтуынша, бұл мәселе қазіргі уақытта өте өзекті болып отыр. Лудомания салдарынан талай шаңырақтың шырқы кетіп, тіпті, ажырасуға дейін барып жатыр. Әрине, мұның артында қызығушылықтан басталып, артынша тәуелділікке ұласқан психологиялық әлсіздік жатыр. Сондықтан да мұндай өзекті мәселелерден жастарды сақтандырудың маңызы айрықша. Ата-аналар тарапы ылғи баласының не көріп, неге қызығып жатқанын білуі керек. Сонда ғана нақты нәтиже шығады. Жуырда мемлекет басшысы құмар ойынның жарнамасына тыйым салатын арнайы құжатқа қол қойды. Қала берді, елімізде құмар ойынмен күрестің арнайы жоспары да бекітілген. Дегенмен бұл психологиялық дертті тек заңмен шектеп, мәселені толықтай шешу мүмкін емес. Оны жеңу үшін қоғамның бірлігі ауадай қажет. Осы және өзге де деректерді айтқан ақпараттық-насихат тобының жетекшісі мұндай мәселеге тап болғанда сала мамандарына хабарлау керегін ескертті.
Сонымен қатар жиын барысында сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог А.Данияров «Біз бақытын баладан күтетін халықпыз. Себебі жастар — біздің жарқын болашағымыз. Оларға жіті көңіл бөлу, ұлттық — рухани құндылықтармен тәрбиелеу — бүгінгі аға буын алдындағы мызғымас міндеттердің бірі болып отыр. Өйткені кез-келген ұлттың болашағы өз халқын сүйген, оның ата дәстүрін қадірлеген, өткен тарихын мақтан ете отырып, одан тәлім ала білген текті ұрпақтың қолында. Жас ұрпақты деструктивті діни ағымдардан сақтандырудың маңызы неде? Ең бірінші оларға қауіп-қатерлердің қайдан және неден келетінін түсіндіру қажет. Жастар деструктивті діни ағымның сана мен саулыққа кері әсер ететінін саналы түрде ұғынулары тиіс. Осындай дін атын жамылған ағымдарға қарсы жастар бойындағы иммунинет — ол діни, рухани-адамгершілік және моральдық ұғымдар. Халқының тарихы мен салт-дәстүрі, ғасырлардан жеткен мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі жастардың адастырмас темірқазығы болмақ. Осындай құндылықтар ғана жастарды, жасөспірімдерді теріс діни идеологиялардың құрсауынан құтқарады» дей келе, ақпараттандырудың маңызы айрықша екеніне тоқталды.