МАЛ БАСЫН КӨБЕЙТУГЕ МҮДДЕЛІМІЗ

әйткенмен мақсатқа жетуге кедергі болатын мәселе бар

Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудағы әлеуеті айрықша жоғары. Мұны бұған дейін саланың қыр-сырына қанық сарапшылар талай рет айтты. Көрсеткіштеріміз жаман емес. Мәселен, әлемдік рейтингте Қазақстан ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі бойынша 6-орында тұр. Дегенмен бірнеше фактор біздің елімізге ауыл шаруашылығы өнімділігі мен азық-түлік қауіпсіздігі көрсеткіштері бойынша көшбасшы болуға мүмкіндік бермей отыр. Атап айтсақ, елімізде пайдаланылатын жерлердің төмен сапасы, тозу деңгейі, шөлейттену, шабындықтар өнімділігінің төмендігі сынды мәселелер бар.

«Қазақстан ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ жүргізетін ғарыштық мониторингке сәйкес, 2023 жылы Қазақстанның барлық жайылым жерлерінің 87,2 пайызы нашар және өте нашар жағдайда болған немесе ешқандай өсімдік болмаған. 80,8 млн гектардың ішінде мұндай жерлердің ауданы 70,5 млн гектарға жеткен. Қанағаттанарлық жағдайдағы жайылымдар үлесі небәрі 10,2 пайыз болса, жақсы жағдайдағысы – 2,1 пайыз, ал үздік жағдайдағы көрсеткіш – 0,5 пайыз шамасында. Бұл есептеулер ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің эксперименттік статистика деректері негізінде жасалған.
Жайылымдық жерлердің сапасына қатысты қанағаттанарлықсыз жағдай ел аумағының басым бөлігінде жиі кездеседі. Өткен жылы 17 облыстың 15-інде өсімдік жамылғысы жоқ немесе жағдайы нашар жайылымдар үлесі 80 пайыздан жоғары болған. Ең нашар жағдай Маңғыстау облысында қалыптастып отыр. Мұндағы тақыр жайылымдар осы санаттағы барлық ауылшаруашылық жерлерінің 99,4 пайызын құрайды. Ең нашар көрсеткіштері бар аутсайдерлер бестігінде Атырау, Ұлытау, Жамбыл және Түркістан облыстары бар. Қостанай мен Шығыс Қазақстан облыстары керісінше, жайылымға ең бай өңірлер атанды. Мұнда теріс көрсеткіштер басқа аумақтарға қарағанда төмен – сәйкесінше, 57,4 және 72,2 пайыз шамасында.
Қош делік, ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөліп келе жатқанымыз белгілі. Дегенмен саланы дамытуға кедергі болатын факторлар да аз емес. Осыны ескерсек, Қазақстанның азық-түлік экспорты бойынша әлемдегі көшбасшылардың қатарынан көріне қоюы неғайбыл. Әрине, анығын уақыт көрсетеді…

Ж.БАЛАУСА.