«120 ЗАҢ ЖОБАСЫ ҚАБЫЛДАНДЫ»
Парламент депутаттары каникулға кетті
Өткен аптада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда сегізінші сайланған Парламенттің екінші сессиясы ресми түрде жабылды. Бұл тұрғыда депутаттар биылғы 1 қыркүйекке дейін парламенттік каникул деп жарияланатыны туралы арнайы қаулы қабылдады.
Жиын барысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Бүгін біз сегізінші сайланған Қазақстан Парламентінің екінші сессиясының жұмысын аяқтағалы отырмыз. Дәстүр бойынша атқарылған жұмысты қорытындылаймыз, келешекке жоспар құрамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси реформалары Парламент жұмысына жаңа бағыт-бағдар берді. Көппартиялы Парламент заң шығарушы органның қызметіне тың серпін әкелді, қоғамның түрлі идеологиялық көзқарастағы әралуан өкілдерінің келуі қабылданатын заңдардың сапасын арттыра түсті. Мұның бәрі – Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңге айналды» деп атап өтті. Оның айтуынша, өткен сессия «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді. Билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз ететін бұл жүйе пәрменді шешімдер қабылдауға мүмкіндік туғызды.
Айта кетейік, екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі де мазмұнды болды. Палаталардың 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің 39 отырысы және Сенаттың 43 отырысы өтті. Сессия барысында екі палатаның қарауында 179 заң жобасы болды, оның 120-сі қабылданды.
Ж.БАЛАУСА.