ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДЕ ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ТАҚЫРЫБЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгінде отбасы институтын сақтау мен дамытудың маңызы айрықша. Өйткені бүгінгідей жаһандану заманында ұрпақ тәрбиесі өзекті мәселеге айналып отыр. Интернеттің кең қолданысқа енуімен түрлі санаға жат, танымға теріс болатын әрекеттер кеңінен насихаттала бастады. Оның қатарында нашақорлық, ащы суға тәуелділік, құмар ойынға құмарлық сынды өзекті түйткілдер бар. Сондықтан бүгінде елімізде отбасы институтын нығайтуды көздейтін бірқатар тың бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асырылып келе жатыр.
Осы орайда, жуырда Түркістан облысының Білім басқармасына қарасты №8 колледж ұcтаздары мен студент жастары, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының маманы А.Саудебаева, Төлеби аудандық ауруханасының психо-профилактика бөлімінің психологі А.Шертаева және әлеуметтік қызметкер С.Аязова Көксәйек ауылдық округі, Көксәйек елді мекенінде орналасқан Төлеби жалпы орта мектебінің ұстаздарының қатысуымен кездесу өткізді. Отырысты Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова жүргізіп отырды. Отырыстың негізгі мақсаты – әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, құқық бұзушылық және қылмыс белгілерімен, түрлерімен таныстыру, әйелдердің құқықтары мен міндеттерімен таныстыру, қоғамның заңдары мен нормаларын орындауға, құқықтарын біліп оны құрметтеуге тәрбиелеу, ұрпақ тәрбиесінің маңызын ұқтыру. Осы орайда, Аналар кеңесінің мүшелері қоғамдық тұрақтылықты негізге ала отырып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жас отбасылардың ажырасуының алдын-алу және отбасылық құндылықтарды сақтау бағытында сөз қозғады. Жалпы қай ұлттың болсын баянды болашағы оның ұрпағымен тікелей байланысты екені сөзсіз. Ол екеуін бір-бірінен ажыратып қарау әсте мүмкін емес. Алдыңғы толқын «келместің кемесіне» мініп кеткеннен кейін елдегі барлық жауапкершілік түгелімен сол дәуірдің буынына түсетіні біз айтпасақ та белгілі жайт. Ендеше, ата-баба аманатын алысқа апаратын саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеу ісі бүгіннен кешікпеуі керек. Сонымен қатар оларды өмірге бейім, заманауи сауатты, жан-жақты қабілетті қоғам мүшесі болуға да талпындыруымыз керек. Осы және өзге де ойлар қозғалған кездесу барысында жастарды теріс жолға бастайтын күрмеуі қатты мәселелер жайы да сөз болды.
Солардың бірі – құмар ойынға деген қызығушылық пен тәуелділік. Спикерлердің пікірінше, қазіргі таңда смартфон да, ғаламтор да қолжетімді. Содан кейін жасөспірімдер құмар ойындарға қасындағы жора-жолдастарына еліктеу арқылы да баруы мүмкін. Алғашында қызығушылықпен ойнап көреді. Одан кейін қайталана берсе, тәуелділікке ұласады. Әлбетте оған психологиялық тұрғыда әсер ететін жағдай – отбасында балаға көңіл бөлмеу. Үйде жақсы эмоция алмаған бала оны сырттан іздейді. Сондықтан ата-аналар балаларына мейілінше назар аударып, мейірімге бөлеуге тырысуы керек. Дегенмен оның да шекарасы бар. Ересектермен салыстырғанда бала психологиясы өте иілгіш болады. Көп нәрсе ұстаз бен ата-ананың бала тілін тауып, шектеу қоя білуіне байланысты. Бірақ шектеу салғанның жөні осы екен деп, жеке шекарасына кіріп кетпеу керек. Ұрысып, дауыс пен қол көтеруге мүлде болмайды. Сөз өтуі үшін алдымен құмар ойынның зияның түсіндіріп айту керек. Ал себебін ұғындыра алмасақ, онда бала үшін шектеудің маңызы болмай қалады. Олай болмаған жағдайда әуестігінен қол үзбей, ойнауын жалғастыра береді. Мысалы, баланың көңіл күйін, ойыннан алатын эмоциясын өзге дүниемен алмастыру арқылы тығырықтан шығуға болады. Осы және өзге де мәселелер көтерілген жиын барысында ата-аналарға құнды кеңестер айтылып, бағыт-бағдарлар берілді.