КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІ КЕЛЕЛІ ЖИЫНДА БАС ҚОСТЫ

Бүгінде жастар арасында түрлі түйткілді мәселелер бар. Мәселен, темекіге әуестік, ащы суға құмарлық, нашақорлық сияқты өзекті мәселелер жеткілікті. Сонымен қатар қоғамдық мәселеге айналған сыбайлас жемқорлық пен құмар ойындары да өршіп тұр. Соңғы екі мәселемен күрес шараларының елімізде қарқынды жүргізіліп келе жатқанына біршама уақыт болды. Нақтырақ айтқанда, түрлі сала мамандарынан жасақталған ақпараттық-насихат тобы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келе жатыр. Мұндай жұмыстарды жастар арасында жүргізудің маңызы айрықша. Өйткені қоғамдық стереотиптер міне осы жастардың ықпалымен жойылады немесе тамыры тереңдей береді.

Осы орайда, жуырда Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің думан залында Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру мен құмар ойынның алдын алу мақсатында «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» тақырыбында Сарыағаш ауданындағы №12 колледж бен Арыстан баб жоғары колледжінің оқытушылары және білім алушыларымен ашық диалог алаңы жүргізілді. Іс-шараны ұйымдастыру бойынша жауапты маман Э.С.Байдарбекова ашып «Адал адам, адал еңбек, адал табыс» ұғымдарына кеңінен тоқталды. Түркістан облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің маманы Әсілбек Сәбит Әсетұлы қоғамда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін оған қарсы күрес туралы Заңды негізге ала отырып, кеңінен түсінік беріп, кез-келген жеке тұлға өз ой-пікірін еркін айтуы үшін толық құқылы екендігі жайлы мәліметтерді айтып, жастардың сұрақтарына мысалдар арқылы жауап берді.
Колледж басшысы Б.Т.Шығанов колледжде білім алушыларға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар өтіп жатқанын тілге тиек етіп, жас ұрпақтың бойындағы адалдық, шынайылық, жауапкершілік, әділдік сынды ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңірген, Әділетті Қазақстанның өркендеуіне үлес қосатын адал ұрпақты тәрбиелеуде еңбек етіп жатқандығын және осындай жақсы қасиеттерге ие адал азаматтардың Отанына, еліне адал еңбек етіп, адал табыс әкелетіндігіне сенімді екенін сөз етті. Сонымен қатар жиында талай жасты шыңырауға тартқан құмар ойындарының өзекті мәселесі де талқыланды. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастар көп нәрсенің түбіне жетіп, астарын ақтара бермейді. Қала берді, интернеттің кең қолданысқа енуімен қоғам арасындағы өзекті мәселелердің саны артты. Ол қатарға құмар ойындарын да жатқызуға болады. Әуелі қызығушылықтан басталған әрекеттің соңы орны толмас олқылықтарға ұрындырып жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Сондықтан да бұл бағытта аудан көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Түсіндірме жұмыстары ұдайы өткізілуде. Іс-шаралар мен бастамалардан орта арнаулы оқу орындары да шет қалған емес. Күні бүгінге дейін аталған тақырыпты арқау еткен түрлі кездесулер мен өзге де шаралар жүзеге асырылуда.
Айта кетейік, жуырда Парламент мәжілісі «Кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды ілеспе түзетулермен екінші оқылымда қабылдады. Түзетулерге сәйкес, қазақстандықтардың белгілі бір тобына құмар ойын ойнауға және бәс тігуге тыйым салынады. Олардың қатарына 21 жасқа толмағандар, ойын және бәс тігуге қатысуы шектелген, оның ішінде өзін-өзі шектеген, сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай реестріне енген азаматтар кіреді. «Құмар ойын ойнауға өзін-өзі шектеудің максималды мерзімі бір жылдан 10 жылға дейін көтерілді. Себебі бір жыл өте аз. Көбісі осы мерзім аяқталғаннан кейін қайтадан құмар ойын ойнай бастайды. Ең бастысы өз-өзіне қойылған шектеуді мерзімінен бұрын алып тастау мүмкін емес. Иә, біз ойынқұмарлардың құқығын шектеп жатырмыз деп айтатын шығар, бірақ шын мәнінде бұл — лоббистердің ең сүйікті аргументі. Егер адам ойын ойнағысы келіп, мұны жасай алмаса, бұл — оның жауапкершілігі. Өйткені ол өзін-өзі шектеуге келісім беріп, қол қойған кезде барлық заңды міндеттемені өз еркімен мойнына алған» деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев төменгі палатаның жалпы отырысында. Сонымен қатар, оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне де бәс тігуге тыйым салынады. Бұл — шамамен 280 мың адам. Егер тыйымды бұзса, жұмыстан босатылады. Электронды казино мен онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін заңды тұлғалар қылмыстық жауапқа тартылады. Жаза ретiнде 2000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не 600 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру ұсынылады. Бұдан бөлек Қазақстан аумағында лицензиясы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің интернет-ресурстарының қызметіне тыйым салынды. Уәкілетті органның шешімімен қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімі жүргізіледі.