ТУРИСТІК НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Бүгінде облыс орталығы ретінде дамудың даңғыл жолына түскен Түркістан күн сайын құбылып, түрленіп келеді. Туристерді өзіне тартатын тарихи қаланың келбеті де арта түсуде. Көптеген нысандар пайдалануға берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап қалмақ емес. Қазіргі уақытта қаланың мәдени-рухани орталығында қолөнершілер қалашығы салынып жатыр. Негізгі мақсат – туристерді тарту және өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту.

Елімізде баламасы жоқ туристік кешеннің жалпы алаңы – 2,56 га. Қолөнершілер қалашығы 25 архитектуралық нысаннан тұрады. Қазіргі уақытта іргетастарды нығайту және бетондау жұмыстары, сондай-ақ монолитті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылыстың 1 және 2 кезеңдері үшін ішкі әрлеу жұмыстарына дайындық жұмыстары жүріп жатқанын да айта кеткеніміз жөн. Құрылыс аумағына 50 жұмысшы, 5 арнайы техника жұмылдырылған. Нәтижесінде құрылыс қарқыны жоғары әрі тоқтаусыз жүріп отыр.
Облыс ортағынынан орын тебетін жаңа қалашықта ұлттық нақыштағы бірегей қолөнер бұйымдарын даярлайтын, жоғары сапалы қолөнер бұйымдарының технологиясын оқытатын ірі қолөнер шеберханасы орналасады. Нысанды салудағы мақсат – туристерді тарту, кәсіпкерлікті дамыту ғана емес, мәдениет пен мұраны сақтап қалу. Сонымен қатар мұнда қонақүйлер мен ас үйлер салынады. Көрме немесе «Showroom» орналасады. Ұлы Жібек жолының бойындағы киелі шаһардың орталығында орналасатын жаңа қалашықтың жобасы да ерекше. Алдағы уақытта өңірде қолөнершілерге қолдау көрсету арқылы жұмыс орындарын ашу, туризмді дамыту көзделіп отыр.