ОРДАБАСЫДА «ЛУДОМАНИЯ – ҚОҒАМ ДЕРТІ» СЕМИНАР-ТРЕНИНГІ ӨТТІ
Қоғам өзгереді. Заман алға жылжиды. Адамзат баласы бүгінде өркениет атты өрісі кең жолға түскен. Рас, бұл соқпақта тұрмысты жеңілдетіп, қажеттіліктерді өтеуге бағытталған көптеген өнертабыс жетістіктері бар. Мәселен, санаулы секундтқа жер шарының бір нүктесінен келесі бір нүктесінде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болуға болады. Ғылым мен техниканың арқасында ғарышты зерттеп, жаңалық ашу қалыпты құбылыс секілді болып қалды. Дегенмен бұрын-соңды кездеспеген кеселді дүниелер де баршылық. Мәселен, нашақорлық, шылымға әуестік кең етек алып бара жатыр. Бұл ғана емес, күллі адамзат баласын құрдымға бастаған құмар ойындары да кең тарап барады. Бұл – көкейтесті мәселе. Жастар жиған-тергенін автоматқа салып, барынан айырылып жатса, болашағының бұлыңғыр болары бесенеден белгілі.
Сондықтан жаһандағы іргелі институттар бұл мәселемен күресу мақсатында түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатыр. Жағдай мәз емес. Ресми деректерді алға тартсақ, жаһан жұртшылығының 26 пайызы өмірінде кем дегенде бір рет құмар ойын ойнаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, одан жыл сайын 350 миллион адам зардап шегеді. Канадада 15 жастан жоғары тұрғындардың 2 пайызы құмар ойынның құрығында кеткен. Ал жапондықтар арасында бұл көрсеткіш – 3,5 пайыздан жоғары. Қытайда құмар ойындар — табысты бизнес түрі. 2021 жылы онлайн ойындар нарығының көлемі 9 миллиард доллардан асқан. Ал 2027 жылы көрсеткіш 15 миллиардқа жуықтайды деген болжам бар. Негізі шығысымыздағы көрші елде құмар ойындар ойнауға тыйым салынған. Тек казинолардың орталығы саналатын Макаода ғана ондай шектеу жоқ. Өз елінде ойнай алмаған тұрғындар шетелге шыққанда ойынханаларға жиі барып жатады. Сыртқа шығарылған заңсыз капиталдың бестен бірі құмар ойындардың үлесіне тиесілі. Сондықтан Қытай билігі заңсыз онлайн-платформалармен күресті күшейткен. 2022 жылы трансшекаралық құмар ойындарға қатысты 80 мыңнан аса адам тұтқындалған. Капиталдың сыртқа жылыстауын болдырмау үшін бірқатар елдегі онлайн-операторлар қара тізімге енгізілген. Мұны тектен-текке жазып отырғанымыз жоқ. Құмар ойындар қазақ қоғамына да ауқымды зардаптарын тигізіп отыр. Бүгінде тапқан-таянғанын бәске тігетіндердің қатары күрт өскен. Ал лудоманияның шырмауына түскендер түрлі ауыр қылмыстарды жасап, түрмеден бір-ақ шығып жатыр. Ол ол ма, қазіргі уақытта оңай олжа табу мақсатымен құмарға құмартқандар дүние-мүлкін былай қойғанда, отбасынан, туған-туысынан безіп, айдалада қалуда. Сондықтан мұнымен күрес қарқынды жүріп жатыр. Тіпті, Парламент қабырғасында да бірнеше рет көтерілді. Арнайы заң жобасы қаралып жатыр. Мұның өзі аталған түйткілдің күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі екенін аңғартады. Сәйкесінше, қазіргі уақытта еліміздің әрбір өңірінде лудоманиямен күрес шаралары жүзеге асып жатыр. Мәселен, Түркістан облысына қарасты аудандарда жыл басынан бері түрлі кездесулер ұйымдастырылды. Ондағы мақсат – жастарға, тұрғындарға, жасөспірімдерге бұл кеселді дүние турасында кеңінен ақпарат беру. Шаралар легі әлі де жалғасып келеді. Атап айтқанда, жуырда Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында «Лудомания — қоғам дерті» атты семинар-тренинг өтті. Қоғам дертіне айналған осы індет туралы шара еркін форматта өтіп, өңірдегі жасөспірімдер, студенттер және психолог мамандар қатысты.
Тренингте Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Ақмұратов Мейрамбек Жамаділұлы, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Қарсыбай Гүлзия Нұрғалиқызы, Түркістан облысы қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету бөлімінің басшысы Кипчакбаева Гүлнұр Бейсенқызы, аудандық орталық аурухана наркологы Сүлейменов Манас Аббатұлы және педагогика ғылымдарының магистрі, практик психолог, «Көмек» қолдау орталығының психологы Айсұлу Полатқызы сөз сөйлеп, жастарды құмар ойыннан аулақ болуға шақырды.
Жиын барысында «Лудомания – үлкен дертке айналған қауіпті құбылыс. Жалпы құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарымызға бұл дерттің зиянын барынша ұғындыруымыз қажет. Осы шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат — аудан жастарын құмар ойыннан аулақ болуға шақыру, зардаптары мен салдарын көрсету. Өйткені бүгінгі таңда оңай олжа тапқысы келіп, құмар ойынға құмартатын жастардың қатары қалың. Әйткенмен мынадай нарық заманында біз сөз етіп отырған ойындарды әлдекімнің өзгенің пайдасы үшін шығармасы анық. Жастар осыны терең түсінулері керек. Құмар ойындары ұйымдастырушылары бүгінде қыруар пайдаға кенеліп отыр. Оның зардабын халық тартуда. Бұл ойындардан ұту мүмкіндігі өте төмен. Қаржылық сауаты жоқ немесе жете білмейтін жастар осыған алданып, ұту мақсатымен лудоманияның құрығына түсіп қалып жатыр» деді аудан әкімінің орынбасары Ақмұратов Мейрамбек.
Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай психоәлеуметтік мәселелер салдарынан туындайтын ойынға құмарлықтың статистикалық көрсеткіші бойынша нақты деректер келтіре отырып баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды. Өз сөзінде «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да мұны психикалық ауытқуға соқтыратын сырқаттар санатына қосқан. Ал, Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Қазақстанда шамамен 36 мың лудоман бар. Министрлік бұл статистиканы әлемдік жағдаймен салыстыра келтірген. Жер шарындағы ересектердің 3 пайызы осы есепке алынған. Бірақ оңалту орталығының мамандары ойыншылар одан да көп болуы мүмкін дейді. Өйткені көмек сұрайтындар күн санап артып жатыр. Букмекерлік кеңселер мен құмар ойын ұйымдастыратын компаниялар табысы былтыр 6 есе өскен. Соңғы үш жылда қазақстандықтар бәс тігуге 1 трлн теңге жұмсаған деген дерек бар. Республикалық бюджеттің өзі биыл 21 трлн теңге деп бекітілгенін ескерсек, ойын бизнесіндегі қаржы айналымы қаншалықты көп екенін елестете беріңіз. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, ойын бизнесін ұйымдастырушылар былтыр 109 млрд теңге салық төлеген. Ал, бір лудоманның еміне айына 350 мың қажет. Егер елде 350 мың бәс тігуші болса, оларға емге бір айда 120 млрд теңге кетеді. Осының өзі мәселенің қаншалықты ауқымды екені аңғартады» деп атап өтті маман. Айтуынша, қазіргі уақытта елімізде ойын бизнесін насихаттайтын, құмар ойындар ұсынатын түрлі сайттар мен желілер өшіріліп жатыр. Дегенмен бұл әдіс тиімді нәтижесін береді дегенге сену қиын. Өйткені қазіргі уақытта сайт ашу мен оны жүргізу оңай. Қала берді, мұндай сайттардың басым көпшілігі шетелдерде ашылады. Сәйкесінше, онымен күрес те қиындай түспек.
«Көмек» қолдау орталығының психологы Айсұлу Полатқызының айтуынша, құмар ойынның құрығынан шығу қиын. «Қарап отырсақ, бүгінде қоғамдағы әр адамда бір-бір гаджеттен бар. Салдарынан еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қалта телефонға үйірсек болып кетті. Үлкендер жағы баланың қанша уақыт телефонда отыратынына мән бермейді. Қадағалау жоқ. Өйткені ата-аналар таңнан кешке дейін жан бағудың қамымен жұмыста жүр. Балаға шектеу қоймайды. Дұрысы – түрлі спорттық секциялар мен үйірмелерге жіберу. Сондай-ақ үнемі баламен сөйлесіп, оның жан қалауын анықтап отыру керек. Бала бұтақ сияқты ғой, қалай өссе, сол бағытта өрбиді. Сол сияқты әр жастың өзіндік өткеретін қиындығы бар. Мысалы, бала атаулы жасөспірім шақта достарымен не болмаса ұстазымен тіл табыса алмай жатады. Осы кезде онымен жақын қарым-қатынас орнатқан абзал. Сұрақтың астына алып, зекіп, ұрсудың қажеті жоқ. Баламен өз деңгейінде сөйлесу арқылы ғана сіз жүрегі нені қалайтынын, неден жабығып жүргенін біле аласыз. Содан кейін ғана ата-анаға тән ақыл-кеңесіңізді бере аласыз. Осы ретте айта кететін тағы бір жәйт – қазір жасөспірімдер арасында электронды шылым шегу етек алып барады. Бұл мәселеден де балаға ұрсып, ұрып, немесе қорқыту арқылы шығу қиын. Алдымен жақын тартып сөйлесу арқылы шылымға қалай әуестенгенін біліп алу керек. Мүмкін, достары мәжбүрлеген шығар. Мүмкін еліктеген болар. Сіз бала бойындағы кез келген жағдайдың салдарын себебін білу арқылы ғана шеше аласыз» дейді. Сонымен қатар ересектерді ойынның құрығынан құтқару тіпті қиын екенін алға тартты. Сөзінше, олармен де ашық сөйлесу арқылы мәселені шешуге болады. Бүгінде көптеген ер азаматтар құмар ойынға құмартып, отбасын тастап кетіп жатады. Астарына үңілсек, бұл мәселе үйленгеннен кейін емес, оған дейін қалыптасқан. «Психосоматика тұрғысынан айтар болсам, ересек кездегі әдеттің басым бөлігі балалық шақтан бастау алады. Кей ер азаматтар әйел тарапынан қойылған талапты өтей алмағандықтан көп ақша табуға ұмтылады. Осылайша оңай жолмен табыс табуға бел байлайды. Оның соңы азарт ойындардың соңына түсуге алып келеді» дейді маман.
Жиын барысында сөз алған аудандық орталық аурухана наркологы Сүлейменов Манас Аббатұлының айтуынша, бұл мәселе әлемдік тұрғыда жете зерттелген тақырыптардың бірі саналады. «АҚШ-тың құмар ойындар проблемаларымен күрес жөніндегі қауымдастықтың зерттеуіне сүйенсек, әлемдегі кез келген қала тұрғынының аяқ астынан қылмыскерге айналуы 6 пайыз болса, маскүнемге айналуы – 34 пайыз, нашақорлыққа салынуы 32 пайызды көрсетсе, ойынқұмар болуы 48 пайызға жетеді екен. Демек адам құмар ойынға әп-сәтте тәуелді болып қалуы мүмкін, оның еліктіру күші есірткіден де асып түсіп тұр. Дамыған мемлекеттерде ойынқұмарлықты ауру деп танитынын жоғарыда айттық. Осыған сай құмар ойынға құныққандарды емдеп-сауықтыратын арнайы ұйымдар да бар. Ал Қазақстанда «Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын науқастарды мәжбүрлеп емдеу туралы» арнайы заң болғанымен, олардың қатарына ойынқұмарлар жатпайды. Сондықтан құмар ойындарға құныққандар емделуге жатқызылмайды. Бірақ құмар ойынның құрығына іліккендер мәжбүрлі түрде емделуі қажет» дейді нарколог. Маман сөзінің жаны бар. «Лудоманияның» әлемде аурулар тізіміне енгеніне біраз болды. Батыс елдерінде бұл мәселені шешу үшін кешенді шаралар жүргізіледі. Ойынқұмарлармен мамандар тілдесіп, ұзақ уақыт бойы аурудан емдеп жазады. Сондықтан мұны қалыпты құбылыс яки өткінші құмарлық деп қарау – қате түсінік.
Бұдан кейін сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету бөлімінің басшысы Кипчакбаева Гүлнұр Бейсенқызы лудомандардың белгілері турасында тарқата баяндады. «Лудоманды анықтау оңай. Адам өзгере бастайды, ашуланшақ болады. Құмар ойынға тәуелді адам жиі өтірік айтады, үйге ақша әкелуді тоқтатады. Егер аталған «белгілер» байқалса, сарапшы мамандардың көмегіне жүгіну керек. Бұл психологтар немесе психотерапевттер болуы мүмкін. Жалпы лудоман ойнай бастағанда денеде адреналин мен дофамин бөлінеді, бұл эйфориялық күйге әкеледі. Ол үнемі осы күйде болғысы келеді және тәуелділікке кетеді. Лудомания — бұл адамның өмірін бұзатын ауыр, психикалық ауру. Адамдар көп нәрсені, жұмысты, отбасындағы, қоғамдағы орнын жоғалта бастайды» дейді маман. Айтса айтқандай-ақ құмарға құмартушылардың ұтылса да, ақшасынан айырылса да қайта бәс тігуіне жеңіске жетемін деген алдамшы үміт себепкер болады. Барынан айырылған уақытта біз сөз еткен алдамшы сезімнің жетегінде жанындағылардан, ағайын-туыстан, ата-анадан қарызға ақша алып, қайта бәс тігеді. Уақыт өте келе айналасы сенбей қойғаннан кейін ақша табу үшін ұсақ бұзақылықтарды жасайды. Мұның арты осылайша орны толмас өкініштерге ұрындыруы мүмкін. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады» дей келе, мәселені шұғыл шешу керегін айтқан еді. Осы орайда, Ордабасыда өткен шараға ауданнан 100-ге жуық жас және психолог мамандар қатысып, келген қонақтарға жан жақты сұрақтар қойылды. Бұл дерт күн өткен сайын қанатын жайып, өмір шырғалаңында талайларды шырылдатты. Қоғамдық дертті, қоқысқа тастайтын уақыт жетті. Уақыт өткен сайын жастармыздың санасын улап, құрдымға түсіруде. Мәселені уақыттың еншісіне қалдырмай, тиісінше дұрыс әрекет жасап, жастарымызды дерттен сауықтырып, уақытты емшіге айналдыруымыз қажет.