ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРГЕ ЖОЛДАМА БЕРУ ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕ АРҚЫЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Цифрландыру салалардағы жұмыс сапасын арттырады. Сәйкесінше, елімізде аталған жүйеге көшу бастамасы сәтті жүзеге асып келе жатыр. Нәтижесінде ел азаматтары үйде отырып-ақ қыруар іс тындырып жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз.

Үшінші мегаполисте шипажайға кезек geo-shym.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Цифрландыру бағдарламасы шеңберінде биыл іске қосылған арнайы порталда зейнеткерлер шипажай кезегіне онлайн тұрумен қатар кезек ретін бақылай алады. Қазір қалада 92 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның ішінде 2 ҰОС ардагері мен 1 841 тыл еңбеккері бар. Қалалық мәслихаттың шешімімен жыл сайын 5 мың зейнеткерге шипажайға жолдама беріледі. Өткен жылдың қараша айынан бастап «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешені іске қосылып, жылына тағы 2 мыңнан астам зейнеткерді шипажаймен қамту мүмкіндігі туып отыр. Осыған дейін азаматтарға шипажайларға кезекке тұру үшін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына бару міндеттелген болса, қазір өтініштер geo-shym.kz порталы арқылы жолдануда.
Жыл сайын сауықтыру орындарында ем қабылдауға 13 мыңға жуық зейнеткерден өтінім түседі. Биыл сауықтыру шараларын ұйымдастыру мақсатында 4 шипажаймен мемлекеттік сатып алу шарты түзілді. Нәтижесінде Жамбыл облысындағы «Айша-Бибі», Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Ақсу демі», Жетісай ауданындағы «Күлпаршын» және Шымкент қаласындағы «Денсаулық» шипажайларына жолдама беріліп жатыр.