ЖОЛ АПАТЫ АЗАЙМАЙ ТҰР

Елімізде жол ережесін елемейтін, ескермейтін азаматтар баршылық. Жолға шықса жүйтки кететін осындай жандардың кесірінен қаншама адам қаза болып жатады. Бұл салада заң барын, жауапкершілік барын ұмытып қоя беретіндерге қаншама ескерту берілгенімен, жағдайдың жақсы жаққа өзгеріп жатқаны байқалмайды. Соңғы уақытта жаяу жүргіншілерді қағып кету фактілері де жиілеп отыр. Бұған жылдамдықты асырып, жол ережесіне бағынбайтын жүргізушілер тікелей жауапты. Тарқатайық…

Ресми дерекке сүйенсек, ағымдағы жылы Қазақстанда 6 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осының салдарынан 542 адам ажал құшса, 7 мыңнан астам адам жарақат алған. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді. Құқық қорғау қызметкерлерінің мәлімдеуінше, жол апаттарына негізінен жолдар мен инфрақұрылымның нашарлығы себеп болып отыр. Оның ішінде орын алған оқиғалардың басым бөлігі, нақтырағы, 84 пайызы елді мекендерде болған. Ал жолда жан тапсыратындардың төрттен бірі – жаяу жүргіншілер. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта үлкен жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетін азаматтарды жиі көреміз. Мұның себебі де жоқ емес. Өйткені ел бойынша небәрі 250 жерүсті және жерасты жаяу жүргіншілер өткелі бар. 25 мыңнан астам жол белгісі жетіспейді. Бұл ғана емес, 600-ден астам бағдаршам орнатылуы керек. Міне, сонда ғана жағдай жақсы жаққа қарай өзгеруі мүмкін. Әйтпегенде жолдан келетін қауіптің азаюы неғайбыл.
Бүгінде жергілікті атқарушы билік тарапынан жол жөндеу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Әйткенмен мұның өзі жалпы статистикаға ауқымды түрде әсер етіп жатқан жоқ. Сондықтан «Сақтықта қорлық жоқ» деген қағиданы берік ұстанып, жолды кесіп өтерде айналадағы ахуалды сараптап, салмақтап, сосын барып әрекетке көшу керек. Басқа жолды көріп тұрғанымыз жоқ…

С.НҰРАЙ.