ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН ЖАУАПТЫ МАМАН
Бірінші санитарлық медициналық көмек көрсету барысында медицина қызметкерлерінің алатын орны, оның ішінде мейірбикелердің рөлі ерекше. Мейірбике қызметінің мазмұны және міндеті қоғам тілегі мен қоршаған ортадағы тіршілік жағдайлары өзгерген сайын үнемі өзгеріп отырады.
Кейінгі жылдарда қоғамдағы өзгерістерге және денсаулық сақтау жүйесіндегі жетістіктерге байланысты, мейірбикенің алатын орны едәуір өсті, яғни кәсіби мейірбикелік қызметке қойылатын талаптар да елеулі артты. Мейірбике – қажетті кәсіби білім мен дағдыларды меңгерген маман иесі. Ол денсаулық сақтау саласында науқастарға күтім жүргізуге және дәрігердің нұсқауын уақтылы орындауға жауапты.
Халық денсаулығын жақсартуға бағытталған алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсетуге өз үлестерін аянбай қосып келе жатқан мейірбикелердің денсаулық сақтау саласында алатын орны ерекше. Жұмыстың ең ауыры мейірбикелердің еншісіне тиетіні белгілі. Өйткені алуан дерт жайлаған еліміздегі сырқаттың бар дертін, күйзелісін бірінші сезініп, дәрігердің нұсқауымен алғашқы көмегін көрсетіп, одан кейінгі жай-күйі мен күтіміне зер салып, жан азабын жеңілдететін де алдымен солар. Мейірбикелер – өздерінің жауапкершілігін сезініп, іске қабілетін танытып, адам тағдырына деген жанашырлығымен, риясыз қызметімен халықтың алғысына бөленіп жүрген жандар. Орта буын мамандар мәртебесі де дәрігерлер беделінен кем соқпайтынын көрсетеді. Мейірбикенің жылы сөзі мен шипалы қолы науқас адамды ой шырмауынан арылтып, тез айықтырары сөзсіз екенін де есте ұстаған абзал.
Осы орайда, еліміздегі еңбек етіп жүрген барлық орта буынды медицина қызметкерлерін мейірбикелер күні кәсіби мерекелерімен құттықтап, өздеріне деген ризашылығымызды білдіре отырып, халыққа медициналық қызмет көрсету, денсаулық сақтау саласын жақсарту істеріне табыс пен сәттілік тілейміз!
Жанат Ауезхановна Доскулова,
Облыстық фтизиопульмонология орталығының мейірбикесі.